Қараспандық Хадиша апаға қарасатын басшылар бар ма?

20.06.2019
Қаралды: 178

«Замана» газетіне мұң-мұқтажын айтып хабарласатындар аз емес. Солардың қатарында сегіз баланың анасы Хадиша Ахметова да бар. Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде ол кісі туралы жазған болатынбыз.  Ол Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының әкімдігіне өзін үйдің кезегінен шығарып тастағаны үшін наразы.

 

Хадиша Ахметова 2011 жылы үй кезегіне тұрған. 2015 жылдың тамызында Қараспан ауылынан уақытша тұрақтай тұруға әкімдік тарапынан баспана берілуіне байланысты ол кісі тұрғын үй кезегінен алынып тасталған. Апаның айтуынша, ол үйге су кіргізілмеген, едені бетон, пеші жұмыс істемейтін, еш жағдайы жоқ баспана. Енді ол кісі кезегін қайта қалпына келтіріп, аудан орталығынан үй берілуін немесе қазіргі жалға берілген баспанаға бастан-аяқ жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруін талап етіп отыр.

 

Біз мәселенің жай-жапсарын білмек ниетте Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев мырзаға хабарласқан болатынбыз. Ол «Замана» газетінің редакциясына жазбаша түрде төмендегідей мәлімдеме жіберді.

 

«Ордабасы ауданы, Көктөбе елді мекенінің тұрғыны Хадиша Ахметова 01.06.2010 жылы көп балалы отбасы ретінде аудан әкімдігіне өтініш жазып, тұрғын үй кезегіне 55-ші болып тіркелген. Ордабасы ауданы әкімдігінің 14.12.2015 жылғы №588 қаулысына сәйкес, Ордабасы ауданы, Қараспан ауылы, Бимырзаев көшесінде орналасқан нөмірсіз коммуналдық тұрғын үй берілген. 05.01.2016 жылы Ордабасы аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен коммуналдық тұрғын үйді жалдап тұруға Ахметова Хадишамен келісім-шарт түзілген. Аудан әкімдігі тарапынан коммуналдық тұрғын үй берілгендіктен коммуналдық тұрғын үй кезегінен шығарылған. 2016-2019 жылдың үш ай қорытындысымен коммуналдық тұрғын үйді жалдаудан түсіретін жоспарланған қаржысы – 119 мың теңге. Жалпы қарызы 80 мың теңге, түсірген қаржысы 36  мың теңге. 2016 жылы 36 мың теңге толық төленген. 2017 жылы 6000 теңге түсіріп, 33 мың теңге қарыз болған. 2018 және 2019 жылдың үш ай қорытындысымен ешқандай төлем түсірмеген. Жалдау ақысы бойынша мемлекетке берешегі көп азаматшалардың бірі Хадиша Ахметова көп балалы ана және жағдайы төмен отбасы екендігі ескеріліп, аудандық сотқа қарыз ақшаны өндіру туралы талап арыз бөліп төлеу туралы ауызша өтінішіне сәйкес уақытша тоқталды. Сонымен қатар, аталған коммуналдық тұрғын үйдің жағдайын анықтау үшін комиссия құрамымен ағымдағы жөндеу жұмысына акт түзіліп, нәтижесі бойынша 3 миллион 96 мың теңгеге сметалық құжаттама жасалынып, қаржы қарастыру жұмыстары жүргізілуде екендігі хабарланады».

 

Аудан әкімдігі осылай дейді. Ал көп балалы ана үй кезегінен шығарып тастады дегенмен қоса тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан беріліп келген әлеуметтік көмекке ілінбегенін де айтып ашынады. 21 мың теңгелік атаулы әлеуметтік көмекке құжат өткізуде тіркеу мәселесінің кедергі болып тұрғанын айтады.

 

«Маған барлық бала-шағаңызды бір үйге тіркеңіз дейді. Мен бір қора адамды қайда тіркеймін? Ал жалға алып отырған Қараспандағы үйіме тіркейін десем, БИН нөмірі жоқ болғандықтан, ол мүмкін емес болып тұр. Қайтерімді білмеймін», – дейді ол кісі. Не баспана, не жәрдемақы мәселесі шешілмей, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырған Хадиша апа шаршағанын, құрғақ уәдеге әбден тойғанын айтады. Енді сот орындарына арызданудан басқа амалы қалмағанын жеткізеді.

 

Алдағы уақытта бұл мәселенің қандай да бір оң шешімі табылары деген ойдамыз. Біз мұны назарда ұстайтын боламыз.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ