Тауыс бағып, табыс тапқан

19.06.2019
Қаралды: 493

Түркістан қаласының тұрғыны Нәлібек Тұрманов керемет сұлу құстарды бағумен айналысады. Яғни оның шаруашылығында тауыс өсірілуде.

 

Негізі бұл істің ойламаған жерден басталғаны да қызық. Бірде құдасының үйіне барғанда қызығушылық танытып, жұбымен ала келген тауыс құсы ал­ғашында ермегі болатын. Содан бері, міне, айрықша баптаумен тамақ талғамай-ақ, бидай, жү­герімен қоректеніп, Түркістанның анау айтқандай суық емес климатына төзімділік байқатқан құс саны бүгінде 100-ге жетті.

 

Әлемдегі ең сұлу құс саналатын тауыс жылына 10-12 жұмырт­қаға дейін табады екен. Оны бас­тырып, балапан аштырып, Нәлібек ағаның епті қолы мен мейірімді жүрегінің арқасында құстардың күрт көбейгені көрініп тұр. Иә, мейірімді жүрегінің ар­қасында. Өйткені құс – періште секілді таза. Ол пиғылы теріс, тасжүрек адамдардың қолына түссе, ұзамай өледі немесе ұшып кетеді деген бар.

 

Тауыстың талайды тамсандыратын ерекшелігі – құлаштан астам құйрығы, оны жайғанда түрлі-түске еніп, тіпті кристалдай өзгеше құлпыратыны, күншуақта айрықша көз тартатыны белгілі. «Бір қызығы, қанатын кез келген жерде тұрып жаймайды. Әрқайсысының қанат жайып, керілетін өз бұрышы бар», – деп қызықтырды әңгімесімен аға.

 

Бұлардың дауыстары да бас­қа ешқандай құстікіне ұқсамайды. Өздерінің көңіл-күйі ауа ра­йына байланысты көрінеді.

 

Негізі тауыстың жұмыртқасын, әсемдік үшін қауырсынын және құстың өзін сатып пайда табуға болады. Мысалы, бұл құстың қауырсындары шілде, тамыз айларында түседі екен, оны биші қыздар, тағы басқа да қажет еткендер бір данасын 500 теңгеден сатып алады. Ал тауыстың бір жұбы, яғни аналығы мен аталығы 100 мың теңге тұрады. Алматы, Талдықорғаннан тапсырыс бергендер бар.

 

Тауыстың әсем қауырсындары ол 3-ке толғанда шыға бастайды. «Осы маңайдағы жастар, көршіге қонақ болғандар үйге келіп сұлу құсты тамашалап, суретке түсіп кеткенді ұнатады», – дейді шаруашылық иесі.

 

Қысқасы, тауыс бағып та табысқа кенелуге әбден болады екен.

 

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ