Бейқам болмаңыз, жарақаттанып қалмаңыз

19.06.2019
Қаралды: 1497

Жарақаттану деген оқыстан болатын жайлардың қыс-жаз деп маусым талғамайтыны, адам сақ жүрмесе оған қай кезде де ойламаған жерден кезігуі мүмкін. Жалпы, бұған немқұрайды қарауға болмайды.

 

Мысалы, жыл сайын әлемде әр­түрлі жарақаттардың салдарынан 5 миллион адам көз жұмады. (Бұл шамамен жалпы өлім санының 9 пайызын құрайды). Көбінесе адамдар өзінің бейқамдығынан, абайсызда немесе біреудің нем­құрайлылығы мен жауапсыздығынан жарақат алады, мүгедек болып қалады, өміріне қауіп төнеді.

 

Жарақаттар өндірістік-өнеркәсіптік және өндірістік емес деп екі түрге бөлінеді. Шаруашылықтық, құрылыс­тық, көліктік, жұмысшының өндірісте және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамауына байланысты туындаған жарақаттар бар. Негізгі себептері мынадай: жұмыс орнын ұйымдастыру мен ұстаудағы, техника қауіпсіздігі ережелерінің сақтаудағы кемшілік­тер, жұмыс орнын дұрыс жарықтандырмау, өндіріс аумағының былығуы және ластануы, тұрмыстың қанағаттанарлықсыз жағдайлары, алкогольден масаю.

 

Ал өндірістік емес жарақаттарға тұр­мыстық, көшеде болған, жол-көлік оқи­ғасы кезінде туындаған, спорттық, мек­тептік, балалар жарақаты және бас­қалар жатады. Олар өнді­рістік қызметтен тыс зардап шеккен жа­за­та­йым оқиғаларға (үйде, аулада, же­ке гаражда және т.б.) байланысты.

 

Адамдардың жарақаттану және қаза табу деңгейін төмендетуге не мүмкіндік туғызады?

 

Біріншіден – қауіпсіздікті, қауіп­сіз­дік ережелерін сақтау және арттыру үшін жауапкершілік шараларын қамтамасыз ету керек. Екінші­ден – тұрғындардың салауатты және қауіпсіз өмір салтына кеңінен бұқаралық насихаттау жүр­гізу, алғашқы көмек көрсете білуге ықпал ету керек.

 

Қауіптілікті болдырмау үшін мы­на­дай жайларды есте сақтаңыз:

 

Жүргенде аяқ астына мұқият қараңыз, аяқты кең баспай, ақырын басыңыз, аяқтың ұшымен, артымен баспай, табанға толық басыңыз. Тазаланбаған көшелерді және тайғақ жерлерді айналып өтіңіз. Құм себілген аяқжолдармен жүріңіз. Жалпы, үйде де, тыста да, көшеде, табиғат аясында, жол жүргенде, алыс сапарға шыққанда, өзен-көлдерге немесе басқалай су көздеріне шомылғанда тиісті сақтық ережелерін үнемі жадыңызда ұстаңыз. Мұны жақын туыстарыңызға, әсіресе балаларға үнемі ескерте жүріңіз. «Сақтансаң, сақтаймын» дегенді ұмытпаңыз.

 

А. ҮРКІМБАЕВА, Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы.

 

Пікір қалдыру

1000 символ