Тайландқа бардық, не көрдік?

19.06.2019
Қаралды: 370

Бүгінде шетелдерге барып, демалып қайтушылар көп. Әрине, барып келген адам көрген-білгендерімен бөліседі. Осы орайда мен де Тайландқа барған сапарымда көңілге түйген ойлармен бөліскенді жөн көрдім.

 

Бангкокке Ашхабад арқылы жеттік

 

Алдымен Алматыдан «Боинг» ұшағына отырып, үш жарым сағаттан соң Түркіменстан астанасы Ашхабадқа барып қондық. Мұндағы әуежайда үш сағаттай демалған соң кешкі 7-де  ұшаққа отырып, 6 сағат ұшып, түнгі сағат 1- де Тайланд астанасы Бангкокқа жеттік.

 

Ұшақтан түсіп Бангкок әуежайына кіргеннен кейін ол жердің қызметкерлері аса сыпайы бас изеп амандасып, былай жүріңіздер деп бағытымызды көрсетіп тұрды. Әуежайда жүру ережелері мен сілтемелер үш тілде жазулы тұр екен. Әуежай қызметкерлері біздің қолымыздағы қағазға қарап өз нөмірімен тапты.

 

Тайланд аэропорты ауқымы жағынан өте үлкен, бір қаламен деңгейлес, күндіз-түні іші толған адам. Барлық ұлт өкілдері топ-топ болып жүрген халық. Жарты сағат көлемінде кеден бекетіне барып бланк алып, 6/9 сурет жапсырып, ағылшын тілінде аты-жөнімізді жазып, кезекке тұрып және долларымызды Тайланд ақшасына ауыстырдық. Онда ақша бірлігі  «бат» деп аталады екен.

 

Төлқұжатымызға белгі басып өткен соң онда біздің туристік  фирманың аты жазылған дорба берді.Түнгі үштерде бір жігіт келіп біздің дорбамыздағы атау арқылы таныған соң қасымызға екі орыстілді жігіт пен қызды ертіп алып шығып, кішкентай, ролі оң жағында орналасқан машинаға отырғызып, 250 шақырым қашықтағы Паттайя курортына алып кетті.

 

 

Паттайя курорты керемет екен

 

Мен жүргізушінің жанында төңірекке қызыға қарап отырдым. Жолдары теп-тегіс, көліктің заулап жүргені білінбейді. Бізді «Ремие Палае» қонақ үйіне жеткізді. Қонақ үй қабылдап, таңғы ас берді, екі ұлым және мен үшеумізге арнайы бөлме берді. Шымкенттен шыққаннан бергі уақыт аралығында әуеде 40 сағаттай ұшып шаршаған екенбіз. Қонақ үй жанындағы бассейнге түсіп демалдық.

 

Бөлме өте қолайлы, теледидар істеп тұр, біз түсінетін орыстың екі-ақ арнасы бар. Басқа біз түсінбейтін арналары өте көп екен. Қонақ үйдің тәртібі мен тазалығы өте жоғары, бөлмені күнде тазалайды. Үлкен-кіші сүлгіні, жамылғы, төсенішті жиі ауыстырады. Қонақ үй қызметкерлері күле сәлемдесе сызылып, жол беріп, өте мәдениетті қызмет етеді екен. Тағамдары «швед үстелі», ыстық тамақ газда ысып тұрады. Көкөніс, көптеген түрлі салаттар, қарбыз, қауын, алма, алмұрт, біз білмейтін неше түрлі жеміс, қалағаныңша алып жейсің.

 

Сол күні кешке қарай теңізге шомылдық. Қонақ үйден машина жеткізіп салды. Қайтарда жаяу 10 минуттық жол жүрдік. Теңіз суы тұзды және 25 градус жылы, түссең шыққың келмейді. Жағасы – құм, керемет! Теңіз толқып жатады. Таңертең жағаға 2-3 метрдей жақындап толып тұрады да, кешке қарай тартылып, жағадан 2-3 метрдей алыстап кетеді.

 

Саяхатымыздың келесі кезегінде Паттайя қаласын араладық. Көше бойында тамақтанатын орындар өте көп, қайда қарасаң да тола туристер. Мотоциклден аяқ алып жүре алмайсың. Барам деген жеріңе мотоцикл тез алып барады.

 

Жергілікті халықтың басым көпшілігі тек көшеден тамақтанады екен. Тамақ болғанда тек тірі теңіз жәндіктері, сол жерде сойып, тез пісіріп береді. Сатушылар сыпайы дауыспен ағылшынша сөйлейді немесе ымдап нені жегің келетінін түсіндірсең, пісіріп береді. Тек жаңа піскен тамақ жейді екен.

 

Тойып алса, жыл бойы шалшықта жата береді

 

Ертеңіне таңғы асымызды ішіп бол­ған соң әр қонақ үйден туристерді кішкен­тай ғана шағын машинамен жинап, бәрімізді үлкен 2 қатарлы автобуспен қолтырауын фермасына апарып шоу көрсетті.

 

Орыс тілді гид онда барғанша мән-жайдың бәрін түсіндіріп ақпарат беріп отырды. Қолтырауын деген жыртқыш аң бір тойып тамақ жесе бір жыл тамақ жемей балшық суда жата береді екен. Фермада қолтырауын өте көп. Оларды басында бір қытай азаматы әкеліп, баға бастаған екен. Қазір өте жақсы дамыған.

 

Лайсаң судың ішінде 4-5 метрлік қолтырауындар көп екен. Сол маңайда тауық етін сатушылар да жүр. Мың теңгеге алып, ағашқа байлап ұстап тұрсаң, қолтырауын 1 метрге дейін секіріп алып жейді. Бірақ сақ болмасаң өте қауіпті.

 

Қатты музыка ойнап тұрған шоу – көріністі тамашаладық. Басын шұлғып тұрған пілдерге банан ұсынсаң, ұзын тұмсығына қыстырып алып аузына салғаны бір қызық. Бір қорада мойындары сорайған жирафтар толып тұр. Олар да адамға жақындап келеді, банан берсең жейді. Тор ішінде түрі сұсты арыстан, жолбарыстар жатыр, шынжырмен байлап қойған.

 

Сол паркте «1000 тас» деген алаң бар, ондағы тастарды көріп таң қаласың. Өзі табиғатта пайда болған деп түсіндірді. Оған таң қалып естелік суретке түсіп жүрген халық көп. Сондай-ақ сол жердегі фотографтар түсіріп, әшекейлеп әртүрлі дизайнмен дайындап береді.

 

Питонның өті қымбат бағаланады

 

Паттайя курортының ауа райы өте бір керемет. Біз барған сәуір мен мамыр айы аралығында муссон жаңбырының кезі екен. Жарты сағат жылы жаңбыр жауады да, артынша ашылып күн шығады. Кәдімгі душ секілді жаңбырда суға шомыла бересің.

 

Сонда корольдік кобра секілді жыландар шоуына алып барды. Өте қор­қынышты екен. Бір жігіт қасында әйелі екеуі кобраны ойнатып, билетті. Бізге әкеліп жыланды ұстап көруге рұқсат етті. Артынан бәрімізді залға жинап, жыландар туралы ақпарат беріп, әңгіме өткізді. Жыланның уынан дәрі жасаумен қатар, бұдан басқа біз біле бермейтін құпиялары көп болып шықты. Жылан ешқашан ауырмайды екен. Оның денесіне тиген қандай да бір вирус өліп қалады. Жылан уынан жасалған бальзам неше түрлі емге дауа екені бұрыннан да мәлім. Әлемдегі ең үлкен питон жыланның етін сатады екен, сосын оның чегі төленген сертификаты болмаса елден шығармайды дейді. Ол елде барлық нәрсе бағалы және мемлекет байлығын шетке бет­алды шығармайды екен

 

Шипалы кереует көрдік

 

Мұнан соң «Латекс Текстил» фирмасына бардық. Онда үлкен залда екі жүзге тарта кереуеттің үстінде гевея ағашының сөлі сіңірілген матрас жамылғы, жастық, төсеніштердің денсаулыққа, әсіресе қан айналымы жүйесіне ерекше пайдасы туралы айтып түсіндірді. Біз сондай шипалы жамылғылары бар кереуетке жарты сағаттай жатып ем алдық. Көп адамдар мұның пайдалы екеніне көз жеткізген соң сатып алып жатты. Тапсырыс берсең қонақ үйге өздері әкеліп береді екен. Жастығы 100 доллар, көрпесі 300 доллар тұрады.

 

Ертеңіне Тайланд астанасы Бангкоктағы үлкен Будда ғибадатханасын аралап, тамашаладық. Оған кіру құны 5000 теңге, буддасының бәрі таза алтын жалатылған өте үлкен мүсіндер екен. Ес­телікке  суретке түсіп, астананы асықпай аралап тамашаладық.

 

Шетелдіктерге жер бермейді

 

Жалпы, Паттайя курортына жылына 5-6 миллион адам барады екен. Мемлекет табысының 20 пайызы туристерден түсіп отырады. Америка, Англия, Франция, Жапония елдеріне экспортталатын автомашина, қосалқы бөлшек, электроника, шаруашылық тауарлары сияқты көп заттарды шығарады. Өнеркәсібінің көлемі өндірістің 45 пайызын құрайды.

 

Бұл ел корольдік мемлекет болған соң король олар үшін будданың кепілі дейді. Көшеде корольдің тіке тұрған алтын жақтаулы суреттері бар. Тайлықтар алдынан еңкейіп сәлем беріп өтеді. Король өте адал да, турашыл адам екен. Тайландта шеттен келіп ешкім де бір метр жер ала алмайды, есепке тұра алмайды. Халқының жағдайы жақсы, барлығында жаңа мотоцикл, автомашина. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, жыл он екі ай жемістер, көкөністер, күріш, одан өзге де пайдалы өнім түрлерін сатады. Картобы біркелкі, жып-жылтыр, адам қызығады. Дуран деген жемісті жедік, өте тоқ болады екен. Олар ет жемейді, тек теңіз жануарларынан жасалған тағамдардың жаңа даярланған түрімен тамақтанады.

 

Қонақ үйлер су бетінде қалқып тұр

 

3-4-мамырда екі күндік саяхатқа тауға шықтық. Түнде сағат 4-те алып кетті. Қонақ үй әкімшілігі тағамдарымызды салып берді. Таңғы ас іштік те, 5-6 сағат жүріп Кабая өзенінің жағасына келдік. Ары қарай қалың орман екен. Қайыққа мініп, өзенде серуендеп, таудан аққан сарқыраманы аралап саяхат жасадық. Неше түрлі жемістен жасалған сусындар іштік.

 

Кабая өзеніне барып судың бетінде қалқып тұрған ағаштан жасалған қонақ үйлерін көрдік. Сол қонақ үйден орын алып болған соң 3 автобус толған туристерді үстімізге суға батпайтын костюм кигізіп, мотор қайықпен жоғары ағысқа қарсы 2, 5 шақырым қашықтыққа дейін серуендетті. Мұнан соң бәріміз суға секірдік. Бізді әкелген қайықты биржамен сүйреп төмен алып кетті. Жарты сағат бойы судан шықпаңдар деп түсіндірді. Су мөп-мөлдір таза, жылы, жанға жайлы екен.

 

Кешке «швед үстелінен» тамақтанып, қонақ үйге демалдық. Ертеңіне ерте шығып таудағы будда монастыріне бардық. Өте биік, өте үлкен екен. Халық қызыға аралап суретке түсіп жатты.

 

Содан кейін жер астынан 90 градус ыстық болып шығатын ыстық минералды суына бардық. Оны үш тұғырға бөлген. Үш түрлі жылылықта: біріншісі – 38 градус, екінші бассейні – 42, ең ыстығы 45 градустық, әр бассейннен кейін 10 минуттай душ қабылдау керек. Денемізде суық көп пе, біз ең ыстығында ұзақ жатып, терлеп, жанымызға рахат таптық. Артынан душқа түсіп қайттық.

 

Одан әрі тауда пілге міндік, суретке түстік, пілге массаж жасаттым. Пілдерге ұсақ банан сатып әперсең, тез жеп қояды.

 

Тай массажын да жасаттық

 

Кешке Паттайяға әкеп тастады. Ер­теңіне қаланы араладық. Түнде Воокенстрикке барып, біраз аралап, тамашалап қайттық.

 

Паттайя өте үлкен, таза, жақсы қала екен. Ол жақта қонақ үйде 150-200 долларға 1 ай тұруға болады. Барлық жағынан жағдай жасалған. Тай массажы өте керемет. Адамның бойында жалпы он екі рух бар екен, соның ең ауыры аяқта. Сол үшін аяққа өте көп массаж жасайды. Паттайяда да, Бангкокта да адам үшін барлық жағдай жасалған.

 

Тайландта дәрі-дәрмек өркендеп дамыған екен. Барлығы жылан уынан жасалған және косметикалық өнімдер өте көп.

 

Өзіме ең ұнағаны Тайландтың ауа райы болды, жанға жайлы, денсаулыққа өте қолайлы, қуырып бара жатқан аптап ыстық та, қарып түсер суық та жоқ. Жыл он екі ай бойы бір қалыптағы температура сақталып тұрады.

 

Қысқасы, Тайландтан үлкен әсермен, жаңа көзқараспен, бай таныммен оралдық. Біздің Шымкент те туристер көп келетін тартымды аймаққа айналса екен деп армандадық. Шымкентте тұратынымызды мақтан тұтып қана қоймай, ше­телдіктердің де қызығушылығын арттыру үшін көп жұмыстар атқаруға тиістіміз. Жаратқан Ием, әрдайым тыныштықтан айырмай, әрбір қазақ отбасына, шаңырағына ырыс-несібесін төгіп, Тәуелсіз еліміздің мерейі үстем болып, көк байрағымыз мәңгі желбіресін!

 

 

Ескендір ЖОЛДЫБАЕВ, қаржы саласының ардагері.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ