Жиделіден тағы бір хат келіп жетті

19.06.2019
Қаралды: 186

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде редакцияға Түркістан облысының Келес ауданындағы Ошақты ауыл округіне қарасты Жиделі ауылынан арыз келіп түскенін хабарлаған едік. Өзін «ардагер ұстаз Р. Маймақова» деп көрсеткен хат авторы онда аталған ауыл мектебінің директоры Мұса Орынбаевқа қатысты бірқатар жайларды сөз еткенін айтқанбыз. Яғни хат иесі мектеп директорын жеті тармақтан тұратын мәселелер бойынша кінәлап көрсеткен еді.

 

Үстінен осындай арыз түскенін газетімізден оқыған мектеп директоры Мұса Орынбаевтың өзі көп ұзамай редакциямызға келді.

 

«Біз бұл арызды жазушы Р. Маймақова дегенді іздестірдік, – дейді ол кісі. – Мұндай адам біздің ауыл тұрмақ, ауданда жоқ. Арыз иесі мені негізсіз қаралап отыр. Сондықтан арызда жазылғандармен толықтай танысқым келеді. Оның негізінде мақала жариялайтын болсаңыздар, менің де пікірімді қоса берулеріңізді сұраймын».

 

Біз мектеп директорын Р. Маймақованың атынан келіп түскен хатпен толық таныстырдық. Ол кісі  хат иесінің өзіне тағып отырған кінәсінің барлығын да жоққа шығарды.

 

«Мектеп жанындағы шағын балабақшаға аудан бюджетінен бөлінген 17 миллион теңгеге жиһаздар алды, оны Мұқан Қожақұловқа беріп жіберді» дегені өтірік. Азын-аулақ қаржыға алынған жиһаздар пайдаланылуда, пайдаланылмағаны мектепте сақтаулы тұр», – дейді М. Орынбаев. Ол кісі арыз иесінің «білім бөлімінің басшысына құтты болсын айтамын деп 5 мың теңгеден жинап алды», «Заврайоно оқуға кетіп барады деп 5 мың теңгеден жинап алды», «басшының тапсырмасы деп кітап, газеттер сатуын қояр емес», «тапсырма деп 190 мың теңгеге кітап сатты», «сынып жабылып қалмасын деп 150 мың теңге, тарификациямызды тексере бермесін деп 100 мың теңге жиып берді», «аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары оқуға кетіп бара жатыр деп 100 мың теңге жинап берді» деген кінәлауларының бәрін де жоққа шығарды. Олардың әрбірі бойынша өзінің уәждерін жазып берді.

 

М. Орынбаев сонымен қатар өзі бас­қарып отырған мектептегі моральдық-психологиялық ахуалдың жақсы екенін, білім ошағының ескілігіне қарамастан, бірқатар көрсеткіштер бойынша ауданда алдыңғы орындарда тұрғанын жеткізді.

 

Қысқасы, мектеп директоры арыз иесінің өзіне тағып отырған айыптардың ешқандай да шындыққа жанаспайтынын айтты.

 

...Ал кешегі дүйсенбі күні редакциямызға кезінде Жиделі ауылындағы Т. Рысқұлов атындағы №54 жалпы орта мектепте еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан бірқатар зейнеткер ұстаздар мен мектепте қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген екі азаматтың атынан хат келді. Олар да Р. Маймақова деген адамның өз ауылдарында ешқашан болмағанын, оның мектеп директорына қатысты айтқандарының ешқандай да шындыққа жанаспайтынын жеткізіпті.

 

«Мұса Орынбаев 2000 жылдан бастап мектеп директорының орынбасары болып он жыл абыройлы еңбек еткен, 2010 жылы мектеп ұжымы оны лайық деп тауып, директорлыққа ұсынған. Ол өзінің күш-жігерін, жұмысқа ынтасын көрсете білді. Р. Маймақованың арызының дәлелсіз екенін ескере келе, М. Орынбаевты ақтап, газетке қайта басып шығаруларыңызды зейнеткер ұстаздар атынан өтініп сұранамыз», – деп жазыпты ол кісілер өз хатында.

 

Бұл хатқа Мәтір Орынбеков, Маржан Алдамжарова, Сүлеймен Бекболатов, Шымырбек Ақпанбетов, Әбубәкір Қилыбаев, Асқар Тәңірбергенов, Данияр Рысбаев, Зүбәйра Пердебаева, Қалжан Тәліпбаев – барлығы 9 адам қол қойған.

 

Қысқасы, Келес ауданына қарасты Жиделі ауылының Т. Рысқұлов атындағы №54 жалпы орта мектебі директорына қатысты осындай жайлар болып жатыр. Директор Мұса Орынбаев өзінің үстінен «Р. Маймақова» деген атпен арыз жазған адамның айтқандары жалған дейді, сөзін сөйлеуші азаматтар да мектеп директорының кінәсі жоғын айтады. Біз ол кісілердің өтінішін орындап, айтқандарын газет бетінде жариялап отырмыз.

 

Ал мектеп директорының үстінен арызданушы жанның оған қандай да бір өкпесі бар ма, көздегені не?

 

Осы жөнінде М. Орынбаевтың өзінен сұрағанымызда ол кісі осы уақытқа дейін өзінің ешкіммен ұрысып-таласпағанын, ешкіммен де бас араздығы жоғын, үстінен жазылған арызға байланысты кімнен күдіктенерін білмей отырғанын айтты.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ