Балаңызды жоғалтып алмаңыз

19.06.2019
Қаралды: 301

Таяуда «Facebook» әлеуметтік желісінде жоғалған бала туралы жазба жарияланды. Авторы – Гүлвира Биғалиева. «Еуразия» телеарнасында редактор қызметін атқаратын ол таң атпастан әуреге түскені туралы әңгімелепті. Біз бұл оқиғаны оның өз аузынан естуді жөн көріп, Гүлвира ханымға хабарласқан едік. Оқиға барысын ол былай деп баяндады:

 

«Биылғы жылдың 6-мамырында таңғы сағат 8.00-де әдеттегідей жұмысқа шығып бара жатқанмын. Қарасам, көшенің бас жағында жасы 2-ге толмаған бала үйлерден шыққан иттердің даусынан қорқып жылап тұр екен. Маңайда ешкім жоқ, баланың аузында емізік, аяғы су-су, аяқ киімі жоқ, колготкимен жүр. Оның адасып кеткенін бірден білдім де, көтеріп алып, сол маңайдағы үйлердің есігін қаға бастадым. Шамамен бес аулаға кіріп шыққан шығармын, ешкім есігін ашпады. Бәрінің ауласында ит байлаулы тұрды.

 

Сөйтіп жарты сағаттай әрі-бері жүрдім. Көшенің аяғына қарай түсіп бара жатқан кезде көршім де үйінен шыға қалды. Ол да жұмысқа бара жатыр екен. Екеуміз үйлердің есік-терезелерін жағалай қаға бердік. Баланы көтеріп алып, үйлердің терезелеріне қарап, қол бұлғап көрдім. Ешкімнен ешқандай реакция болмаған соң «бұл тастанды бала шығар» деген ой пайда болды. Шынымды айтсам, «Егер баланы ешкім менікі емес десе, полиция шақырту керек болады. Ары қарай оны балаларды оқшаулау орталығына жіберетіні белгілі. Ал үйіме алып кетсем бала ұрлығы болып есептеледі. Не істеймін, қайтемін?» деп уайымдап та кеттім.

 

Бір кезде көшенің аяқ жағындағы үйлердің бірінен шашы ұйпа-тұйпа, өзі ұйқылы-ояу бір әйел шығып келе жатыр. Ол: «Ойбу-уй, мына балам мектепке кететін қызымның артынан ілесіп шыққан ғой», – деп өзін-өзі ақтауға тырысты. Мен: «Неге балаңа қарамайсың? Аяғының бәрі су. Балаңды ит талап кетсе қайтесің?!» – деп айқайға бастым. Онымен ұзақ сөйлесіп тұратын уақытым болмағандықтан, баласын өзіне тапсырып, жөніме кете бардым», – дейді ол.

 

Гүлвира бұл оқиғаны әлеуметтік желіге әлгіндей селқос аналарға сабақ болсын деген ниетпен әдейі жариялапты. Әсіресе аналары «Іnstagram»-да отырғанда балалары бассейнге батып, терезеден құлап, бензин ішіп қойған жағдайлар да жоқ емес екенін айтады.

 

«Бұл жазбама «Facebook» бірден реакция берді. Тіпті кей жігіттер әйелдерінің парақшаларын тегтеп жатты. Олар осылайша жұбайларына жеткізе алмай жүрген сөздерін мен арқылы ұғындыр­ғандай болды.

 

Әрине, кейде әйелдерде расымен де уақыт тапшылығы болуы мүмкін. Бірақ бұл балаға қарамай қою, мән бермей қою дегенді ақтап ала алмайды. Оған әр уақытта жауапкершілікпен қарап, оның қайда, не істеп жүргенін анасы біліп отыруы тиіс. Баланы ешқайда жалғыз қалдырып кетуге болмайды, көзден таса қылмай, қадағалау керек деп ойлаймын. Қандай жағдайда да бала бірінші кезекте назарда болуы қажет.

 

Кейде аналары кішкентай балаларын дүкенге жұмсай салады. Соның кесірінен бүлдіршіндерді ит талап өлтіріп жатқан жағдайлар да болған. Не болмаса жоғалады, әжетханаға түсіп кетеді, ұрлап әкетеді дегендей түрлі қауіп-қатер бар. Сол нәрселерден аман алып қалу үшін баланы көзден таса қылмаған дұрыс.

 

Содан соң бүлдіршіннің тілі шыға бастағаннан-ақ оған міндетті түрде қайда тұратынын, көшесінің атын, үйдің нөмірін жаттатып қою керек. Өз басым үш жастағы бауырыма осының бәрін үйретіп қойғанмын.

 

«Сақтықта қорлық жоқ», кез келген уақытта бала өзінің мекен-жайын білуі тиіс. Балаға қазіргі шығып жатқан смарт сағаттарды тағып қою да артықтық етпейді.

 

Кейде ата-аналар жауапсыз болып кеткендей көрінеді. Барлығы әлеуметтік желіде отырады, ғаламтордан тез баюдың, әдемі киінудің жолдарын қарайды. Одан қалса жұлдыздардың өмірін аңдиды. Одан да балаларының өмірін қадағаласа, сол әлдеқайда пайдалырақ.

 

Қазір көп балаларға ата-ана мейірімі жетіспейді. Ертеңгі күні ұл-қыздары ұрлықшы, өтірікші, қатігез болып өссе, барлығы да дер кезінде тәрбие бере алмаған ата-ананың кесірі болып табылады», – дейді Гүлвира.

 

Ол бұл оқиғаның барша жұртқа сабақ болуы керектігін айтып, әңгімесін аяқтады. Гүлвираның сөзінің жаны бар. Шынында да, виртуалды өмірге сүңгіп кетіп, баласымен бірге шаруасы да жайына қалатын жайттар кей жанұяларда кездесіп-ақ жатады. Сөйтіп, баласының бірнәрсе бүлдіріп жүргенін де байқамай қалады. Мейлі, бүлдіршін бүлдірсе бүлдірсін, тек олардың бас амандығын бақылап отыру ешқашан артық болмайды. Не дегенмен, бала – бауыр етіміз емес пе?

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ