ҰБТ: Биылғы сынақ бұрынғыдан басқаша

19.06.2019
Қаралды: 244

Оқу жылы аяқталып, мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тест сынағын тапсыратын уақыты таяп қалды. Бүгінде да­йындық қызу жүріп жатыр.

 

Биыл Шымкент қаласы бойынша ҰБТ-ға 5472 түлек қатысады. 4454-і қазақ тілінде, 998-і – орыс, 22-сі ағылшын тілінде тест тапсырмақ. Сынақтар М.Әуе­зов атындағы ОҚМУ-де, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтында, «Sіlk waу» Халықаралық университетінде, «Шымкент» уни­верситетінде, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде өткізіледі.

 

Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Ұлжалғас Сауырбаеваның айтуынша, барлық тест өтетін орындар қатаң бақылауға алынады. Тестке қатысушылар темір іздегіш құралмен тексеріліп, бейнекамера ар­қылы қадағаланып отырады.

 

«Биылдан бастап ҰБТ қаңтар, нау­рыз, маусым, тамыз айларында, яғни төрт рет өткізілетін болған. Маусымда тест тапсырғандар ғана мемлекеттік грант­қа үміткер бола алады. Ал қаңтар, наурыз, тамыз айларындағы сынақ тек ақылы бөлімге түсуге мүмкіндік береді. Бұл кездегі тесттердің бағасы 2242 теңгені құрайтын ақылы негізде тапсырылады», – дейді Ұлжалғас ханым.

 

Биылғы жылы мектеп психологтары ҰБТ-ға байланысты тек оқушылармен ғана емес, ата-аналармен де жұмыс істеген. Сондай-ақ білім ордаларында мамандық таңдауда түлектер арасында маркетинг, ІТ-технология, банк ісі, экономика, туризм салаларына басымдық беретін түсіндірме жұмыстары жүр­гізіліпті.

 

Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің биылғы түлегі Мәдина Рүс­тембек те биылғы ҰБТ-ға дайындықтың қыркүйек айынан басталғанын айтады.

 

«Білімімді шыңдау мақсатында Шымкент қаласындағы оқу курстарына қатыс­тым. Тест кітапшалары да осы курстардан берілді. Таңдаған пәнім – биология-география болды. Басында дәрігер боламын дегенмін, кейіннен ойым өзгеріп, енді психология саласын таңдап жатырмын. Дайындығым жаман емес, өткен жылғы және биыл қаңтардағы тесттерде келген сұрақ-жауаптармен танысып жатырмыз. Әзірге қобалжу жоқ, тек білімімізге сеніп кіреміз. Біздегі оқушылардың да дайындығы жақсы. Сыныбымыз физикадан терең­детіліп оқытылғандықтан көпшілігі физика-математика мамандығын таңдауда. Себебі қазіргі таңда елімізге ІТ мамандары көп керек қой», – дейді ол. 

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ