Данияның қазағы Сайрагүлдің жағдайын біліп қайтыпты

19.06.2019
Қаралды: 251

Қытайдан қашып келіп, Қазақстаннан пана таппай, таяуда ғана отбасы мүшелерімен бірге Швецияға кеткен Сайрагүл Сауытбайдың жай-күйін білгісі келетіндер көп. Осы орайда әлеуметтік желілерде жылт еткен жаңалықтар да жоқ емес. Мысалы, Айуби есімді бір қандасымыз «Фейсбукте»  Сайрагүл­ге арнайы барып сәлемдесіп қайтқанын жазыпты. Бұл жөнінде әлеуметтік желіні белсенді қолданушы азаматтардың бірі Советқазы Нұрсила өзінің жеке парақшасында бөлісті.

 

Ал Айуби бауырымыз былай деп жазыпты:

 

«Кезінде Ауғанстанға КСРО әскері кіріп, ауған халқын қан жылатып, соңында қансырап жоқ болды. Орыстың зардабын бір емес, екі рет шегіп, баратын мемлекет қарастырдық.

 

Араб елдерінен мұсылман деп пана сұрадық, бірақ олар «ла» деп жолатпады. Түрік ағайындар пана бере ме деп Ататүріктің суретін кілемге салып бір жыл бойы тоқыдық, бірақ олар да «одмаз» деп шығарып салды. Сол арада Дания мемлекеті қиындықтан шығарып алды, босқын мәртебесін, өз халқымен тең құқық берді.

 

15 жасымда алғаш рет мектепке бардым, одан кейін гимназия және университет бітірдім. 13 жылдан бері Данияның 20 мыңнан астам жұмысшысы бар компаниясының бас кеңсесінде бизнес-сарапшы болып жұмыс атқарып келе жатырмын.

 

Өз тағдырласым Сайрагүл келді дегенге шыдай алмай, барып көріп, амандығын біліп келдім.

 

Дүние жүзінде жер көлемі бойынша 9-шы орын алатын Атамекенде бізге орын болмаса да әділдіктің туы құламаған елдер бізге пана берді».

 

...Бұл қандасымыз Дания мемлекетінде тұрады екен. Ал Дания да, Швеция да «Шенген аймағына» кіреді. Яғни екеуінің халқын қосқанда саны Қазақстандікіне жетпейтін (тиісінше, 5 миллион және 10 миллион төңірегі), өзара шектесетін бұл шағын елдердің бірінен екіншісіне барып қайтудың еш қиындығы жоқ, қарым-қатынас еркін. Сондықтан Сайрагүл келді дегенді естіген еуропалық қандастарымыз оны арнайы іздеп барып, шұрқыраса табысып жатқанға ұқсайды.

 

Бұған да шүкір!

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ