Саакашвили: «Халықтың даусын ұрлаған билікті қалай жеңдім?»

18.06.2019
Қаралды: 452

2003 жылғы Парламент сайлауында биліктің қолын қол, бұтын бұт қылып, қақырата жеңдік. Ел «Шеварднадзесіз Грузия!» деп ұрандатқан біздің соңымыздан ерді.

 

«Барша бақытсыздығымыз бен сәтсіздігіміздің бастауында Шеварднадзе тұр. Шал кетпей өмір өзгермейді, өлместің күйін кешеміз!» – деп шырылдадық біз. Өзге партиялардың саяси платформасы «Экономиканы көтерейік!», «Коррупцияның көзін құртайық!», «Өндірісті өркендетейік!» деген жасанды, жаттанды ұраннан тұрды. «Шеварднадзе билікте отырғанда бұлардың бірде-бірі іске аспайды!» – деп турасын айттық біз.

 

Біз, біздің партия қара үзіп келді осы сайлауда. Экзит-поллдар бізге халықтың 30 пайызы дауыс бергенін хабарлады. Мұны баспасөз де жамыраса жазды. Шеварднадзенің партия­сы екінші, Абашидзенің партия­сы үшінші келді.

 

Бізге Парламенттен кем дегенде 30 орын бұйырып тұрған болатын. Билік иттік жасады осы кезде. Жұрттың бізге берген дауысын жырып алып, Абашид­зені алға шығарды, одан кейінге Шеварднадзені қойды, ал бізді үшінші орынға сырғыта салды. «Саакашвилидің саяси ұйымына елдің 17 пайызы дауыс берді» деді Орталық сайлау комиссиясының басшысы. Беті бүлк еткен жоқ оның. Кірпігі де қимылдамады.

 

Ерегіскенде елді алаңға бас­тап шықтым. Дауыс ұрлаған биліктің тексіздігі мен арсыздығын бетіне бастық. Әр жерде үркіп-үркіп басталған наразылық кейін ұлы қарсылыққа ұласты.

 

Мен ұйымдастырған митингі­лер Америкаға ұнаған жоқ. «Тол­қуларды тоқтатыңдар. Путин бұл мүмкіндікті пайдаланып қа­лу­дан тайынбайды. Саакашвили, біз­бен сыйластықты сақтағың келсе, алаңға алып шыққан халықты үйлеріне қайтар! Аз да­уыс алған жоқсың. Осыған да қанағат қыл», – деген хабар жетті Ақ үйден. «Бұған қалай көн­дігем? Бұған қалай қанағат қыламын? Біз бірінші келдік. Ұлт бізге дауыс берді. Ұятсыз би­ліктің ұрда-жығына төзбеймін. Ұрланған дауысты қайтармай күресті тоқтатпаймын!» – деп қа­йыра жауап қаттым Ақ үйге. Американың біздегі елшісімен ерегесіп, бір-бірімізге жұдырық жұмсауға дейін жеттік. «Ел ішін алатайдай бүлдіріп болдың. Ха­лықтың обалына қалғың келмесе, бір жеріңді қыс!» – деп шатып-бұтты. Атасының басы, кім-көрінгеннің айтқанына көніп, прин­ципімді табанға таптатар жайым жоқ!

 

Егер сол жолы АҚШ елші­сінің айтқанын тыңдап, «қанағат қылсам», Грузия қазір­гідей түрленер ме еді, өзгерер ме еді? Жоқ! «Есің ауысқан екен! Ендеше өзің біл. Fuck you!» – деген елші есікті тарс жауып шығып кетті.

 

Мен елде төңкеріс жасауға бел будым. Елдің даусын тонаған Шеварднадзенің шіріген жүйесімен күресудің одан өзге жолы жоқ еді.

 

Бізге дауыс берген өңірлерді түгелдей араладым алдымен. Халықпен тілдестім. Қолдады. Құптады. Автобустар таптық. Ондаған, жүздеген автобустар. Грузияның түкпір-түкпіріндегі жем­қор жүйеден жүйкесі тозған жұрт әлгі автобустарды лық толтырды. Біз де бір автобусқа отырдық та, Тбилисиге тарттық.

 

Жүздеген автобустан тұратын шұбатылған колоннаны көргенде «гаишниктердің» көзі шарасынан шықты. Көлік доңғалағына оқ атып, көшті тоқтатпаққа жанталасты. Кеш еді. Кешіккен еді олар. Көшті тоқтату мүмкін емес болатын.

 

Әр жерде аялдап, қатарымыз жаңа адамдармен толығып, апта жүріп Тбилисиге тірелдік. Бірнеше шақырымға созылған ашулы колоннаны қалаға кір­гізбеуге Шеварднадзенің жүрегі дауаламады. Дәл осы тұста Тбилисиде жарық сөніп қалып, жүздеген автобустың жарығы қалаға дәп бір отты қаруланған әскер кіріп келгендей әсер қалдырды.

 

15 мың адам алдымен «Бос­тандық» алаңына барып митинг ұйымдастырдық та, артынша Парламент ғимаратын бетке ал­дық. Алдымыздан «спецназ» шықты. Қара ормандай халықтың қаһарынан қорықса керек, қақ жарылып жол берді олар.

 

Парламенттің тұмсығына ті­рел­ген тұста алдымыздан тағы бір арнайы жасақ күтіп алды. Арнайы жасақ дегенмен олардың жағдайы да мәз емес еді. Айлап жалақы алмаған, ішіп-жемнен тарыққан олардың моральдық жағдайы маған жақсы таныс болатын. Әлгілердің арасынан біреуі суырылып шығып, тұқым-жұрағатымды түгел боқтап шықты. Бетінде маскасы болса да даусынан жазбай таныдым. Ішкі істер министрі екен. Наразы топтың алдынан минис­трдің өзі шықса, жағдайы бел­гілі болғаны. Маскасын сыпырып алдым да, халыққа жасаған қияметін жіпке тізіп шықтым сол арада. Бетінен оты шықты байғұстың. Именіп, ысырыла жол берді.

 

Парламент ғимаратының тө­бе­сіндегі төрт-бес снайперді кеш байқадық. Әлгілерді көргенде кейбіреулер: «Мыналар адам аямайды, шегінбесек, шетімізден қырады!» – деп дабыралай бас­тады. Төбеге қарадым. Көзде­ріміз түйісті. Біздерді нысанаға алған әлгі төрт-бес снайперге қол бұлғадым. Олар қайтара қол бұлғады. Сол кезгі жүйе оларды да діңкелеткен еді.

 

Парламентке кірер алдында жанымдағы жұрттан раушан гү­лін тауып әкелуді өтіндім. Рау­шан гүлді ұстаған күйі ішке ендік. Бізді көрген Шевар­днадзенің тіл-аузы байланып қалды. «Сіздің отставкаға кетуіңіз керек. Бұл жүйе әбден божыды. Халықтың құр сүлдері қалды!» – деп ай­ғайлап жібердім. Тамағым қарлығып қалғандықтан ба, даусым бәсеңдеу шықты бірақ. Ше­варднадзенің күзетшілері шошығаны сондай, шалды сүйрете жөнелді алғашқыда. Біз Пар­ламентті басып алдық.

 

...Шеварднадзе тыныш кетті. Кетпес еді. Ол құрған жүйеден әскерилердің де әбден жүнжігені сондай, «Саакашвилиді тұтқындаңдар!» – деген Президенттің бұйрығын орындаудан бас тарт­ты.

 

...Таңғы сағат 5-те телефон шырылдады. Алып-ұшып Ресейдің Сыртқы істер министрі Игорь Иванов жетіпті. Сасып тұр. Арақ сасып тұр. Бізге келмей тұра Тбилисидегі танысының үйіне тоқтап, сылқия тойса керек. Ивановтың шешесі – грузин. Қазіргі Сыртқы істер минис­трі Лавров та Грузияда туған.

 

Бірді айтып, бірге кетпейін. «Сендер не бүлдіріп жүрсіңдер?! Саакашвили, көксегенің кресло ма, еб... рот?! Отырасың. Нина, сен ше, нах..? Спикер болғың келе ме? Боласың!..» – деп былжырады әлгі жерде тілін шайнап әзер тұрған Иванов. Соның кесірінен сол күні Шеварднадземен жолыға алмадық.

 

Халық алаңға көптеп жинала бастады. «Шеварднадзесіз Грузия!» – деп ұрандады олар.

 

Ертесіне Шеварднадзенің күзетшісі хабарласты. «Шал тыныш кеткісі келеді. Сөйлескісі келеді. Соңғы сөзін айтады», – деді. Есін жинаған Ивановты ертіп, Шеварднадзенің зәулім сарайына келдік. Ішке кіре сала Иванов: «Сіз ешқайда кетпейсіз! Ресей мұндайға жол бермейді...» – деп бықси бастады. «Әй, сен шығып кетші басты ауыртпай! Саған сөз шығындайтын зауқым жоқ!» – деп тыйып тастады әлгіні Шеварднадзе. Иванов ләм деген жоқ, мойнын ішіне тыққан күйі тысқа шығып кетті.

 

Мұның да себебі бар. Шеварднадзе КСРО Сыртқы істер министрі болған тұста Иванов оның көмекшісі болды, кейін де «барып кел, шауып келдің» қызметін атқарды. Содан да болар, бүтін бір елдің минис­тріне Шеварднадзе мұрнын шү­йі­ре қарайтын.

 

«Біздің талабымыз – сіздің отставкаңыз. Халықтың талабына құлақ асасыз ба? Кетесіз бе?» – дедім мен. «Кетемін...» – де­ді Шеварднадзе. Күрсінді. Ау­ыр күрсінді. Сөз тәмам болды.

 

Шал кетті. Келесі күні Президент сайлауын жарияладық. Алғаш рет еркін тыныстады ел.

 

Шеварднадзеден кейінгі Грузия мүлде басқа мемлекет еді. Әділетсіздікке құрылған жемқор, бәлеқор жүйе сонымен бірге кетті. 2004 жылдың 4-қаңтарындағы Президент сайлауында халықтың 97 пайызы маған да­уыс берді. Халықтың дауысын ұрлаған ескі саяси элита қызметтен де, құрметтен де айырылды осылайша.

 

Аударған – Думан БЫҚАЙ.

(Михаил Саакашвилидің «Пробуждение силы» кітабынан үзінді).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ