Әнуар Нұрпейісов қайда жүр?

18.06.2019
Қаралды: 190

Ел алдында өзіндік пікірін ашық білдіріп жүрген азаматтардың қатарында отандық актер әрі қоғам белсендісі Әнуар Нұрпейісов те бар.

 

Әнуар Қарағанды қаласында туып-өскен. Әкесі – құрылысшы-инженер, анасы – филолог. Әнуар алғаш рет «Ағайындылар» телехикаясында Бақыттың ролін сомдап танылған. Одан кейін де «Сказ о розовом зайце», «Ағайындылар-2», «Жерұйық», «16 қыз» фильмдерінде ойнады. Негізгі мамандығы инженер-мұнайшы болғанымен бұл салада бір күн де жұмыс істемепті.

 

Әнуар тек актер ғана емес, блогер де болып жүр. Оның жасы қазір 33-те.

 

Ә.Нұрпейісов соңғы уақыттары Елорда атауының өзгеруіне қарсылығын айтып, билікті сынға алған түрлі бейнежазбаларын әлеуметтік желі бетінде көптеп жариялап жүрген болатын. Оның бір топ жастармен бірге қазіргі қоғамдағы кемшіліктерді көрсетуге тырысқан «Мен ояндым» деп аталатын бейнежазбасы да халық арасында көп пікір тудырған еді.

 

Таяуда Әнуардың бірнеше күннен бері хабарсыз кеткені, оны тіпті туған-туыстары мен достары да таба алмай жатқаны туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желіге көптен бері ештеңе жазбай жүргенін аңғарған жұрт оған бүгінге дейін алаңдаушылық білдіруде. Оның «Іnstagram» желісіндегі оқырмандары: «Әнуар, қайдасыз? Сізде бәрі жақсы ма?», «Әйтеуір аман-есен болсаңыз екен», «Сайлау күні неге үн-түнсіз қалдың? Саған не болды?», «Амансың ба? Жұрт болып уайымдап жатырмыз ғой» деп көңілдерін күпті еткен сауалдарына жауап ала алмай дүрлігуде.

 

Біреулер осыдан біраз уақыт бұрын оның Қазақстанда тұрғысы келмейтінін айтқанын алға тартып, Әнуарды шетелге кетіп қалған болар деп топшылауда. Оның біраз уақыт бұрын өз сөзінде бірнеше айдан соң шетелге көшетінін, Қазақстанда жүрудің қауіпті екенін айтқаны да рас болатын. Дегенмен ол жорамалға сенгісі келмегендер «тауда демалып жүрген шығар» деп халықтың күдігін сейілткісі келсе, енді бірі «оны қамап, әдейі ұстап отыр-ау» деп басқаша тұспалдауда. Кей адамдар оның әдейі тығылып отырғанын, оған қысым жасағаны туралы қауесет естігенін сөз етсе, «Әнуар мұны өзін жарнамалау үшін әдейі ұйымдастырып отыр» деп жатқандар да жоқ емес.

 

Әзірге бұл таралған ақпараттың рас-өтірігі анықталған жоқ. Сондықтан да актердың нақты қайда жүргені көпшілікке әлі де белгісіз күйінде қалып отыр. Ол бір сұхбатында: «Әзірше «байқа, тыныш жүр» деген хабарландырулар келіп жатыр. Әсіресе, ҰҚК-нің өкілдерінен. Менің сол жерде жұмыс істейтін достарым бар. Солар арқылы олар маған өздерінің хабарларын жіберіп жатыр», – деген болатын. Кім біледі, соған қарағанда, қысым көрсетілді деген кей сыбыстардың рас болуы да мүмкін шығар.

 

...Кешегі аптада Әнуардың әпкесі Дина Нұрпейісова өзінің желідегі парақшасында «оның жағдайы жақсы, шу көтерудің қажеті жоқ» екенін жеткізіп, қолдау білдіргені үшін көпшілікке ал­ғыс айтты. Әйткенмен Әнуардың өзі әлі де үнсіз.  Әйтеуір аман болғай дейміз.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ