Сайлау бізге нені көрсетті?

18.06.2019
Қаралды: 194

Сайлау бізге бәрін көрсетті.

 

Ол басын бәйгеге тікпеген болып шықты. Ол жай, елді екіге жаруға, сайлау кезінде болып қалуы ықтимал халық толқуын басуға, халық көңілін оппозицияның рөлін ойнап, соның атынан алдап, билік жұмсаған шпион болды. Ол комсомол онысына ақшалай, басқалай сый-сияпатын алады сөзсіз, тек қарапайым халықтың жан жүрегіне жазылмайтын жара салып кетті, сонысы қиын.

 

Сайлау бізге қалғымауды үйретті. Биліктің қит етсе күш жұмсауға бейіл екенін, яки өз халқынан қорқып, неге болса да баратынын, Мәскеусіз-ақ екінші «Желтоқсан» мен «Жаңаөзенді» кез-келген уақытта қайталай алатынын көрсетті.

 

Сайлау бізге сатқындарды көрсетті. Сайлау бізге мұғалім деп жүрген көп адамның мұғалім емес, миғұла-мәңгүрт екенін көрсетті.

 

Сайлау бізге намысты ұл-қыздардың бар екенін көрсетті.

 

Сайлау бізге өтірікпен, жағымпаздықпен өмір сүретін жалған патриоттарды көрсетті.

 

Сайлау бізге погон таққандардың қария мен жасты, аналар мен қыздарды аямайтын тасжүрек екендігін көрсетті.

 

Сайлау бізде оппозицияның әлсіздігін, тіпті жоқ екенін көрсетті.

 

Сайлау бізге қазақтың тарихи, ұлттық жады оянып келе жатқанын, сонымен қатар ұйқысын қимайтындарды көрсетті.

 

Сайлау бізге қазақтың баладай аңғал, сенгіштігін көрсетті.

 

Сайлау бізге өзімізге өзіміздің кім екенімізді көрсетті.

 

Сайлау бізге... Сайлау бізге не көрсетпеді, бәрін көрсетті. Көріп қойдық. Ұят.

 

Мұнайдар БАЛМОЛДА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ