Біз алданған жоқпыз, достар!

18.06.2019
Қаралды: 255

Достар! Әсіресе дауысын Қосановқа берген достар! Көбіңізден «алдандық» деген сияқты пост оқып жатырмын. Бәлкім, дұрыс айтасыздар. Бірақ бәріміз де кімнің Президент болатынын алдын-ала білетін едік. Қосановқа жамандардың жақсысы болғаны үшін дауыс бердік. Дауыстарымыз босқа кеткен жоқ! Мұны білейік.

 

Бәрінен бұрын көптеген сайлау учаскелерінде Қосановтың жеңіске жеткенін көрдік. Бұл жағдай бойкот жасағандарға немесе бюл­летеньді жарамсыз қылғандарға қарамастан болды. Мұндай нәрсе 30 жылда болған бүкіл сайлауда көрілмеген шығар. Бұл дегеніміз не? Бұл дегеніміз көрінген таудың алыстығы жоқ деген сөз. Халық ақылды, егер бағдарламасы бар, ары таза, кірленбеген тұлғалардан тұратын бір саяси ұйым немесе топ құрылар болса, келесі сайлауда жеңіске жетуге әбден болады деген сөз. Сондықтан да Қосановтың шыққаны бір жағынан жақсы да болды. Үміт оты қайта жанды. Мұны ұмытпайық.

 

Алғаш рет осыншама көп тәуелсіз бақылаушылар болды. Әсіресе жастар осылай өз даусын қорғай алатындықтарын көрді. Олай болса, келесі сайлауда бұдан да көп тәуелсіз бақылаушылар болады. Сандыққа (урна) ие болудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Төбелеспей саясат жасаудың маңызын көрдік. Бізде енді бес жыл бар. Аз уақыт. Бірақ сол аз уақыттың ішінде көп істі атқаруымыз керек. Полицияға дұшпан болудың орнына олармен жұмыс жасауымыз керек. Мысалы, полиция мектептерінде оқу үдерісінде «Адам құқықтары» пәні бар ма? Жоқ болса, осы және осыған ұқсас пәндердің енгізілуін талап етуіміз керек. Бұған жауапкершілікпен қарауымыз керек.   

 

Неміз жоқ? Бәрінен бұрын саяси сауаттылығымыз жоқ. Саяси болудың маңызды екенін ұқтық. Алайда саясат қалай жасалады, қалай жасалуы тиіс деген сынды сұраққа жауап іздеудің, тергеудің уа­қыты келді. Осыған орай активистер мен ғылыми персоналдар болып әртүрлі деңгейде саясат мектептерін ашуымыз керек.

 

Қосанов арқылы тағы бір маңызды нәрсенің беті ашылды: Инклюзия. Яғни қамтушылық. Қосановты ұлтшылы да, ұлтшыл емесі де, діндары да, атеисі де бәрі қолдады. Бәріміз бір-бірімізден әсер алдық. Бұндай нәрсенің мүмкін екенін көрдік. Тарих егер Қосановты кешірер болса, тек осыны біздің түсінуімізге себеп болғаны үшін ғана кешірер. Олай болса, ешкімді алаламайтын, қамтушы бір саясаттың жолын ашу үшін жағмай жасауымыз керек және мұны қоғамға сіңдіре алуымыз керек.

 

Тағы бір байқалған нәрсе – Қосановқа қолдау көрсеткендер жастар, яғни жаңа буын еді. Бұл жаңа буында трайбализмнің жоқ екенін көрдік. Бұдан асқан керемет нәрсе өте аз, достар! Олай болса руға, жерге бөлінбей-ақ саясат жасауға болады екен. Мұны ұмытпауымыз керек. «Керектеріміз» көп, достар! Бастысы – сабақ алу. Сонан соң – әрекет қылу.

 

Молдияр ЕРГЕБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ