«Жұлдыздар» үнсіз жатыр ма?

18.06.2019
Қаралды: 256

Арамызда: «Ішкен-жегендерін желіге салып мақтанғаннан басқаны білмейтін бұлар елдегі бүгінгі жағдайға байланысты ләм-мим демей отыр», – деп «жұлдыздарды» сөзбен түйреп жатқандар аз емес. Расында да көпшілік ел алдында жүрген жандардың қашанда қарапайым халыққа жақын болғанын қалайды.

 

Қате жүйе, қисық жүйе...

 

Жуырда Мархаба Сәби атты жас әнші бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған мәселеге үн қоспақ ниетте «Жүйе» атты ән жазды.

 

«Қате жүйе, қисық жүйе, ағал-жағал, күйе-күйе» деп басталатын бұл жаңа туынды естіген жұртты елеңдетуде. Сөзін Сәкен Мұсағалиев, әнін Мархабаның өзі жазған бұл әуеннің қайырмасында «Өзгеру керек, өзгерту керек! Ашылып аспан, сұйылсын түнек. Қорықпау керек, қаймықпау керек. Үміт біреу-ақ, шарықтау керек!» – деп әндетеді.

 

Әннің мәтінінде «342 ай алдаумен өтіп, жоғалған уақыт, 342 ай фейковый арман, фейковый бақыт» деген жерлері де бар. Осылайша ойын заманауи тілмен түсіндіргісі келген жас әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында аталған туындысы туралы былай деп пікір қалдырыпты:

 

«Бұл ән – біздің елдегі авторитарлы жүйеге қарсы пікірім. Ең «бірінші» адамнан бастап ең төменгі деңгейге дейін шіріген жүйеге қарсы пікірім. Коррупцияға былыққан жүйеге қарсы пікірім. Өзгеру керек, өзгерту керек! Он жыл бұрын да осы ойда болғанмын. Әлі де сол ойдамын. Биліктің құлағымызға ілген «лапшасының» ұзындығымен Жерді екі айналдыруға болады. Оған әбден көзім жетті».

 

Мархабаның мұндай саяси сарындағы туындысы оны қолдаған пікірлердің санына қарап-ақ көпшіліктің көңілінен шыққанын байқауға болады. Тіпті Мархабаға: «Абай болыңыз!» – деп жанашырлық танытқандар да табылып жатыр.

 

Қайрат та қалыс қалмады

 

Қоғамда орын алып жатқан жайларға қатысты пікір білдіру мәселесінде Қайрат Нұртас та қалыс қалған жоқ. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында өзін көтерген халық екенін айта келе халықтың қаны төгілсе қарап қалмайтынын жеткізген.

 

«Елімде болып жатқан жайттарға бейжай қарап, үнсіз отыра алмаймын. Бірақ 1986 жылғы оқиғаны, қазағымның қаны төгілгенін қаламаймын. Биліктегілерге халықтың мұң-мұқтажын еститін кез келді. ҚР Конституциясына сәйкес, мемлекеттің ең бірінші байлығы – халық. Халыққа қарсы шығу Аллаға қарсы шығумен тең. Осы орайда үкіметтен барлық жанайқайын жеткізіп, қамал­ған бауырларымды, халықты босатуыңызды сұраймын!» – деп жазды ол.

 

Еркенің тілегі

 

Ал елдің ерке әншісі Ерке Есмахан болса, халықты сабырға шақырды.

 

«Қазір бізге керегі – сабыр. Сәл шыдайықшы. Уақыт бәрін біртіндеп өзгертіп келе жатыр. Бәрі бір Алланың қолында. Ең бастысы, ел аман болсын.

 

Менің қолымнан не келер дейсіз? Мен әйел адаммын. Мұндай кезде сөйлейтін, шешім қабылдайтын ер-азаматтарымыз ғой. Алладан халықтың, елдің тыныштығын сұраймын», – дейдіі ол өз парақшасында.

 

Кей әншілеріміз осылай өз ойларын білдіріп жатыр. Бұл да жаман емес шығар.

 

Т. ШӘРІП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ