Оншақты адамның басы қосылған жерге арнайы әскерді жіберуді доғару керек

18.06.2019
Қаралды: 202

Үмітіміз ақталмаса да бұл сайлаудың бергені мол болды. Кешегі оқиғалар билікке екі-ақ жол қалдырды.

 

Бірінші жол – терең саяси реформалар жүргізуге кірісу. Екінші жол – кез-келген қарсыластың үнін өшіретіндей етіп, қатаң репрессия жүргізу. Бұл жолды таңдасаңыздар менен бастауларыңызға болады. Мен Қосановқа дауыс бердім.

 

Сайлау науқанының өн бойында күнделікті өмірде де, әлеуметтік желіде де бір адаммен сөзге келмедім. Айналамдағы елдің көңіл ауанын бақыладым. «Өмір ағайдың мониторингі» айдарын бастағанда ешкімді қолдамаймын деген сөзім бар еді. Бір жағын қолдамай тұра алмадым. Кімді қолдағаным – екінші мәселе.

 

Басты деген екі үміткердің бірі Қ.Тоқаевты білсін-білмесін осындағы көздегені өз құлқыны болған шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, бақа-шаянға дейін қолдап жатты. Яғни менің қолдауыма зәру емес. Әйтпесе оның жұрт айтқандай мінезсіз емес екенін мен жақсы білемін. Өз мінезін ол 2001 жылы қараша айында көрсеткен. Р.Әлиевтің қыспағына шыдамаған жас олигархтар халықты бетперде етіп «Демократиялық таңдау» ұйымын құрғанда: «Не – мен, не мынау «киндерсюрприздер», – деп Президентке талап қойғаны есімізде. Одан кейінгі жылдарда бірнеше жыл БҰҰ басшылығында болғаны да ізсіз кетпесе керек.

 

Қалай болғанда да қолына карт-бланш алған Қ.Тоқаев жоғарыда мен нұсқаған жолдың екіншісі тұйыққа бастайтынын, «Алдымен экономика, сосын саясат»  саясаты енді жүрмейтінін білсе керек. «Саясатпен айналыспаймын деу­дің өзі саясат» дегенімдей,  өз ұрандарын «Сабақтастық» деп бастауы да саясат болуы мүмкін. (Мені шошытқан да осы «Сабақтастық» деген ұран еді). Осын­дай себептерді ойласам, ең бірінші сайлау туралы заңды өзгертіп, Пар­ламентті сайлап алған соң терең саяси реформаларды бастайтын шығар деген жылтыраған үміт бар.

 

Дегенмен уақыт күттірмейтін шаруалар бар:

 

1. Кешегі сайлаудағы орын алған заңсыздықтардан кейін халықтың сеніміне ие болу үшін алдымен заңсыздықтарға жол берген азаматтарды қатаң жазалау керек. Келесі сайлауларда сабақ болуы үшін.

 

2. «Қоғамдық тәртіп» дегенді сылтауратып, оншақты адамның басы қосыл­ған жерге арнайы әскерді жібере беруді доғару керек. Мұның психологиялық салдары биліктің өзі үшін ауыр болады. Өз отандасына сойыл сілтеп дәндеген сарбаз үшін басшыларына қару кезеу қиын болмай қалады.

 

...Жүз жерден бейтарап болғым келсе де, сайлау науқаны барысында ұрандары жаныма жақын болған Қосановқа бүйрегім бұрып кетіп тұрды. Бірақ Әмір­жан жариялаған «Бостандық» ұраны екінші тарап үшін жай ғана жеңіліс емес, кейбір олигархтар үшін дар ағашы болуы мүмкін екені белгілі нәрсе еді. Тапқанын Швейцария банктеріне тығып тас­тап, соның процентіне-ақ шалқып өмір сүретін заман өтті. Өз елінде адам құқы­ғын аяққа таптаған деген айып тағыл­ған азаматтарға қазір өркениетті әлемнің ешбір елінде орын жоқ. Соны білетіндер билікті бермеу үшін ешнәрседен тайынбайтынын дауыстап айтпасаңыз да кө­біңіз сездіңіз.

 

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ