Ол адам «саяси өлікке» айналды

18.06.2019
Қаралды: 124

Елде демократиялық үдеріс басталып кетті. Енді оны полициямен де, мұздай қарулан­ған әскери жасақпен де тоқтату мүмкін емес.

 

Биылғы сайлаудың бұрынғылардан өзгешелігі, ел азаматтарының саяси белсенділігі ерекше артқанын көрсеткені болды. Дауыс беру, оны санау барысына қарапайым адамдар ешкімнің нұқсауын күтпестен өз бастамаларымен бақылау жасады. Жай ғана бақылап қойған жоқ, әрбір деректі әлеуметтік желі арқылы халыққа ашық жариялады. Сондықтан бұл жерде сайлаудың негізгі процесі жалпақ жұрттың көз алдында өтті. Көзге ұрып тұрған шындықтан ешкім­нің жалтара алмайтыны басы ашық әңгіме. Осыны көріп, біле тұра «сайлау әділ өтті» десек, шындыққа қия­нат жасаған болармыз. Әділет­сіздік­тер, көпе-көрінеу бюллетеньдерді топтап салудың қылмыстық әрекет екені есі дұрыс әрбір жанға  мәлім. Оның бәрін қоғам белсенділері көпке ашық, жариялы түрде көрсетті. Мұн­дай былық-шылықты ешкімнен жасыра алмайсың. Ресми органдар әзірше оған баға бере қойған жоқ. Егер бұрынғыша бәрін жасырып-жауып, жуып-шайып қоя салатын болса, халықтың сенімінен одан ары  айы­рыла береді. Мұндай жөнсіздік бәрінен бұрын өздеріне жайсыздық тудырады.

 

Ал Әміржан Қосанов өзінің тым сылбыр, өте жалтақ екендігін дүйім жұртқа әйгілеп алды. Сөзі мен ісі қабыспайтын, саяси көкезу мылжыңдығын, азаматтық батылдықтан жұр­дай екіжүзді саясаткер ретінде сайлаушылардың жадында ол жігіт енді мәңгі сақталатын шығар. Ендігі жерде Қосановқа  сенетін де, соңынан еретін де дені дұрыс адамның табылуы екіталай-ау.

 

Саясаттағы ең үлкен сәтсіздік – елдің сенімінен айырылу. Мұны саясаттану ғылымында «саяси өлік» деп сипаттап жатады.

 

Жалпы, халықты сұлу сөзбен уа­қытша иландыруға болады. Бірақ қоғамды жаппай алдап соғамын деу – баянсыз тірлік. Қосановтың қадамдары осыны көрсетті. Ал дауысты аз алдым деп өзі мойындаса, ол өзі­нің әлсіздігінен. Оған бойкотшылардың, басқаның ықпалы жоқ.

 

Егер соңынан еретін біреулерді тапса Әміржан бір ойыншық партия­сын құра жатар. Бірақ ендігі сайлауда Қосанов қандай партия құрса да оған дауыс беретін жандардың табыла қоюы екіталай дүние.

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – менің шымкенттік бір құдам айт­қандай, «реформаны шалдар емес, балдар жасайды» демекші, бар үмітіміз бен сеніміміз тек жастарда!

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ