957 адам жауапқа тартылды

18.06.2019
Қаралды: 143

Полиция ұстап әкеткен туысын таппай жүргендер бар

 

Кешегі аптада Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз 9-10-маусым күндері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында болған наразылық шерулері кезінде 700-ге жуық адамның ұсталғанын мәлімдеді.

 

Ресми өкілдің айтуынша, наразылықтың бірінші күнінде 500-дей, екінші күнінде 200-дей адам ұсталыпты. Осының ішінде 450-дей азаматқа әкімшілік шаралар қолданылған, қалғандары түсінік жұмысынан соң босатылған.

 

Сондай-ақ ресми орындар наразылыққа қатысушы 200-дей адамның жазаларын қауіпсіз өтеуі үшін Ақмола және Қарағанды облыстарына апарылғанын мәлім етті.

 

Ресми орындар бұл екі қаладағы халық наразылығын елімізде заңнан тыс деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы сырттан ұйымдастырып, басқарып отыр деген баға берді. Ал полицияның күш қолдануына кейбір азаматтардың соған ашық түрде итермелеуі себеп болды дегенді айтады.

 

Бүгінде халық арасында осы күндері ұстал­ғандардың 700 адамнан әлдеқайда көп болғанын айтып жүргендер бар. Кей адамдарды ешқандай заң бұзбаса да көшеден, тіпті өз үйінің жанынан бас салып ұстап алып, қамап қойғаны, туған-туыстарының оларды содан бері іздеп таба алмай жатқаны туралы айтылады. Жақын адамын қала бойынша барлық полиция бөлім­дерінен, арнайы қабылдау бөлімінен таппай жүрген көптеген азаматтар ақпарат құралдарына сұхбат берді, әлеуметтік желілерде жазды. Олар полицияның туысы іздеп жүрген адамның қайда екенін нақты айтпайтынына да наразы.

 

Жалпы алғанда, елдегі наразылық акциялары қатарынан бірнеше күнді қамтыды десек болады. Жаңадан сайланған Президентті ұлықтау салтанаты болған 12-маусым күні де тыныш өткен жоқ. Кешкі 18.00-де наразылық шерулері қайта басталады деп естіген полиция бұл күні де өз жұмысын күшейтілген режимде жүргізді. Соның нәтижесінде Алматы қаласында тағы да 200-дей адам ұсталып, полиция бөлімдеріне жеткізілді. Нұр-Сұлтан қаласында да бірен-саран адамның ұсталғаны туралы деректер айтылуда.

 

Ал елдегі адам құқын қорғайтын ұйымдар полицияның осы күндердегі іс-әрекетінің заңсыздығы жөнінде көптеген деректер келтіруде. Оған құқықтық баға беруді, сол күндері ұстал­ған азаматтардың жалпы санын, оларға неге сүйеніп айып тағылғанын нақтылап көрсетуді, көшеге шыққан жандарды заңсыз ұстап, жедел түрде соттағандарды жауапқа тартуды талап етуде.

 

Осыған орай кешегі бейсенбіде Бас Прокуратураның қоғам мүддесін қорғау жөніндегі қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов мынадай мәліметтерді жария етті:

 

Соттар рұқсат етілмеген наразылық шеруле­ріне қатысқан 957 адамды жауапқа тартқан. Осылардың 670-і бірнеше күнге қамауға алынған, кейін жартысына жуығының жазасы біршама жеңілдетіліпті. Сол сияқты, 115 адамға әкімшілік айыппұлдар салынған, 172 адам ескерту беріліп босатылған.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ