Кітап қаламақысы есебінен 10 мың адамға ас берді

14.06.2019
Қаралды: 154

Түркіменстан Президенті Құр­банғұлы Бердімұхамедов ел астанасы – Ашхабадтан 15 шақырым қашықта орналасқан Қыпшақ ауылындағы алып ме­шітте жамағатқа арнап ас берді. Оған атқарушы биліктегі үлкен-кіші шенеуніктер, күш құрылымдарының өкілдері, ақсақалдар мен жастар, ауыл тұрғындары қатысты. Аста-төк дастархан жайылған асқа кеткен шығын Президенттің кітаптарын сатудан түскен қаржыдан жұмсалды.

 

Құрбанғұлы Бердімұха­ме­довтің билікке келгеніне биыл 12 жылдан асты. Өзі Президент болып сайланған 2007 жылдың қаңтар айынан бері ол 40-қа жуық кітап жазып тастапты. Олардың қатарында өзінің атасына арнап жазған, ақалтеке арғымағы, түркімен кілемі, Түр­кіменстандағы шипалық өсім­діктер, шай туралы, бақытты өмір жайында жазған кітаптары бар.

 

Ал ас берілген Қыпшақ ауы­лы – бұрынғы Президент Сапар­мұрат Ниязовтың туып-өскен мекені. Онда бүгінде 12 мыңдай  тұрғын бар. Мешіт 2004 жылы 100 миллион доллардан аса қаржыға салынған, оған «Түркіменбашы рухы» деген ат берілген. Ішіне бір мезгілде 10 мың адам кіріп (7 мың еркек, 3 мың әйел), ғибадат ете алады.

 

...Түркімен Президентінің жасы осы айдың ішінде 62-ге толмақ. Ол кісі өте белсенді өмір салтын ұстанады. Ақалтеке арғымағының құлағында ойнайды десек болады, автокөлікті шебер басқаратынын да көрсетіп жүр. Сондай-ақ ол өлең, ән де жазады, өз әндері мен өзге­лердің әндерін орындап, әлемге таратқан кездері аз емес.

 

Ал Түркіменстанда бүгінде 5 миллионнан астам адам тұрады. Елдің мұнай мен газ, басқа да табиғат байлықтары жетерлік. Бірақ Түркіменстанның қазіргі экономикалық ахуалын аса мақтарлықтай деуге келмейді.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ