Түркияда тұрып жатқан қазақ көп

14.06.2019
Қаралды: 256

Бүгінгі күні шетелде жүрген қандастарымыз аз емес. Олардың бірі оқуға, енді бірі жұмысқа кеткендер. Шет жерден оралмай қалып қойып та жатқандар бар. Осыдан екі жыл бұрын Түркияның Адана қаласына аяқ басқан Әйгерім Әбілдаева – Алматы облысы, Жаркент қаласының тумасы. Қазіргі таңда ол шетелде жекеменшік мекемеде менеджер болып жұмыс істейді.

 

Біз қазақ қызының Түркиядағы өмірі туралы білмек ниетте оның өзімен байланысқа шық­қан болатынбыз. Ол бізбен шет ел туралы біраз жайлармен бөлісті.

 

Әйгерім онда жалғыз емес екен. Аталған мемлекетке білім алуға, жұмыс істеуге келген қа­зақтар бар екенін айтады. Тіпті Түркиядан үй алып, жанұясымен көшіп келіп жатқандар да жоқ емес көрінеді. Әйгерім тү­ріктердің қазақтарға жақсы көз­қараспен қарайтынын, қандас, бауырлас деп сыйлайтынын жет­кізді. Айтуынша, ондағы қазақтардың жағдайы жаман емес.

 

«Жалпы, мұндағы айлық жалақы біздің елмен салыстыр­ғанда жоғары мөлшерде. Әсіресе мұғалімдердің, дәрігер­лердің, мемлекеттік қызметкер­лердің айлықтары жақсы. Олар­ға жеңілдіктер де бар. Жергілікті халықтың әл-ауқатын нашар деу­ге келмейді. Әрине, тұрмысы төмен отбасылар да жетер­лік. Бірақ олардың көпшілігі ауылдық жерлерде. Оларға қыста мемлекет тарапынан отын түсі­ріп береді, ал жұмыссыздарға жәрдемақы тағайындалған. Жағдайлары нашарлар белгілі орын­дарға барып, мұң-мұқтажын айтып, сонда жазылып кетеді. Содан соң Үкімет оларды керек затымен қамтамасыз етуге тырысады. Дегенмен мұн­да жоғарғы оқу орнын оқымағандар көп. Университетке түсу жергілікті халық үшін қиын. Себебі оқығысы келетін адам көп, ал жоғарғы оқу орындары аз. Мектеп бітіргендердің көбісі даяшы, жиһаз жасаушы секілді қарапайым шаруалармен, енді бірі қара жұмыспен айналысып кетеді. Олар сонымен-ақ әжептеуір ақша табады. Ал университет бітірген дипломы барлар жақсы жерге жұмыс­қа орналаса алады», – дейді Әйгерім. 

 

Сонымен қатар ол бұл елде пәтер бағаларының қолжетім­ділігін де сөз етеді.

 

«Баспана құны жағдайына, орналасқан аймағына бай­ланыс­ты әртүрлі.  Дегенмен мұн­да Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағыдай өте қымбат баға жоқ. Бірақ коммуналдық қыз­меттердің төлемақысы сәл қымбаттау келеді. Негізгі кемшілік осы. Мұндағы халық бұрын баспананы ипотекаға алатын. Қазір банктер пайызын көтеріп жі­бергендіктен тұрғындар олардан пәтер алмайды. Сондықтан үйлердің көбі бос тұрады. Ха­лық мемлекет тарапынан бе­рілетін үйлерді күтеді. Олар да несиеге беріледі, тек пайызсыз. Ақшасын өтеп шыққан соң үй өздерінде қалады.

 

Жалпы, Түркияда халықтың 98 пайызы несиемен күн көреді. Кез келген нәрсені несие арқылы алуға мүмкіндік жасалған. Киімдер де, супермаркеттерден азық-түлік де несиеге беріледі. Сол үшін кей тауарларда екі түр­лі баға жазылады. Қолма-қол ақ­шаға алатындар үшін арзандау баға қойылады, несиеге ала­тын­дарға 3-4 лира қосылады. Мұндай тұтыну несиелеріне па­йыздар қосылмайды», – дейді ол. 

 

Әйгерім Түркияда еттің қымбат екенін айтады. Бір келі еттің құны 60 лира, яғни 4000 теңгеге жуық екен. Ал жеміс-жидектер арзан көрінеді. Бір келі анардың құны небәрі 2,5 лира. Біздің ақшаға шаққанда бұл – 154 теңге. Құлпынайдың келісі 3 лира болса (біздіңше 184 теңге), қызанақтың келісі – 5 лира, яғни 300 теңгеден сәл асады. Ал қияр бағасы 2,5-3 лира болады екен. 

 

Әйгерім сондай-ақ бұл елде жемқорлық жоқ екенін айтты. 

 

«Бұл жақтан пара, жемқорлық деген нәрсені байқамадым. Мұнда ешкімге барып, ақша ұсына алмайсыз. «Біздің елде жақсы жұмысқа кіру үшін осындай ақша береміз» деп айтсаңыз, олар таң қалады. Себебі түріктерде ондай жоқ. Содан соң олар туыс адамдардың бір жерде жұмыс істегенін де жөн көрмейді.  Яғни тамыр-таныстық орын алмаған. Полиция қызмет­керлері жұмысын жақсы атқарады. Мәселен, жәбір көрсеткен адамға «полицияға арыз жазамын» деп айтсаңыз, бірден ке­шірім сұрайды, өйткені олар заң­нан қорқады.

 

Қазақстанда көлікті тоқтат­қан жол полициясы түріктерден ақша сұрайды екен. Кейде олар соны сөз етіп жатады. Мен сол кезде қатты ұялып қаламын. Мені де кей кездері көшеде тексеру мақсатында тоқтатқан жайлар болған, бірақ құжаттарымды қараған соң: «Қош келдіңіз!» – деп айтады, артық мазаламайды.

 

Тағы бір жақсы қасиеттері бар, егер базарға ер адаммен бара қалсаң, «қасыңдағы ер адам төлесін» деп әйел адамнан ақша алмайды», – дейді ол.

 

Әйгерім әзірге елге қайтатын жос­парының жоқ екенін айтады. «Өз басым елге қайтқым-ақ ке­леді, бірақ елде жағдай жоқ. Бұл жақта пәтерақыңды, жолкі­реңді қамтамасыз етеді. Егер мүмкіндік болса қайтуға тырысамын», – деп аяқтады ол өз сөзін.

 

Дегенмен бұл мақаламызды шет елдерге жасалаған жарнама деп түсінбеген жөн. Артықшылығы бар елдің кемшілігі де бар шығар. Сондықтан «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегіміз келеді.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ