21 мың теңгенің «жыры» жалғасып жатыр

14.06.2019
Қаралды: 498

Ақпан айының басында Нұр-Сұлтан қаласында бір түнде бес бірдей періштенің өмірмен қош айтысқаны Қазақстан халқын дүр сілкіндірген еді. Содан кейін-ақ көпбалалы аналар мұң-мұқтаждарын жарыса айтып, билікке наразылық білдірген болатын. Нәтижесінде тұрмысы төмен отбасыларға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалғаны баршамызға белгілі.

 

21 мың теңге үшін ажырасып жатқандар бар ма? 

 

Мұндай жаңалық көпшіліктің көңілінен шыққанымен оған қол жеткізу жұрт ойлағандай оп-оңай болмады. Атаулы әлеуметтік көмек деп аталатын мұндай мемлекеттік жәрдем түрі тұрмысы төмен жандардың барлығына бірдей тиесілі болмай шықты. Құжат өткізгендердің жағдайын тексере келген комиссия үйдегі жиһаз, жапсырылған түсқағаз, ауладағы жеміс ағаштарын да есепке алып, көпшілігін кедейлер тізімінен шығарып тастағанын құлағымыз есті­ді. Тек Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев отбасылардың малы, егіні, жиһазы есепке алынбайтынын айтқан соң ғана жұрт даурығуын азайтқандай болған. Дегенмен министр сөз арасында үйге кіріп жатқан табысты масылдық орын алмас үшін мін­дет­ті түрде есептеу керектігін, кішкен­тай баладан үлкен кісіге дейінгінің барлығын еңбек етуге үйретулері қажеттігін де айтқан болатын.

 

Содан ата-апалардың зейнет­ақысы да отбасының ортақ кіріс көзіне айналып шыға келді. Арамызда «осы баламның жағдайы оңалса болды» деп өзінің тұрғылықты мекен-жайынан тіркеуден шығып, қызының үйіне тіркелген апалар да табылды. Онымен қоймай, жәрдемақы үшін ажырасуға арыз бергендердің көбейіп кеткендігі де сөз бола бастады. Тіпті мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен Президент Әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды», – деп жазды. Кей БАҚ өкілдері мұндай мәселенің Шымкент қаласында көп орын алып жатқанын алға тартты.

 

Айтылған ақпараттың шынайылығын нақтылау ниетінде біз де Шымкент қалалық сотына бас сұқ­қан болатынбыз. Шымкент қалалық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби мырза (суретте) бұл мәселеге байланысты былай деп жауап берді:

 

– Соттың статистикасы нақты. Бізде әрбір түскен талап арыз тір­келеді. Мен өткен жылдың бес айы мен биылғы жылдың бес айын салыстырып айтып берейін. Бізде «Заңды некені бұзу» санатында қаралған азаматтық істер туралы мәлімет бар. Соған сәйкес, өткен жылдың бес айында түскен талап арыздардың саны 1322 болса, биылғы жылдың бес айында түскен талап арыздар саны – 1652. Яғни арыздың түсуі артқан. Соның ішінде былтырғы жылы 943 арыз қанағаттандырылған, яғни осыншама отбасы ажырасқан болса, биыл бұл көрсеткіш 889 отбасыны көрсе­тіп тұр. Ал сол түскен талап арыздың былтыр 7-еуі қанағаттандырусыз қалдырылса, биыл ол 13-ке өскен. Яғни 13 отбасы ажыраспай, былтырғымен салыстырғанда тағы алты отбасы сақталып қалған. Бұл нақты мәлімет. Содан соң бізде тоқтатылған істер бар. Кей отбасылар медиация арқылы татуласуы, талап қоюдан бас тартуы мүмкін. Сондай себептерге байланысты тоқтатыл­ған істер саны былтыр 186 болса, биыл – 209. Бұл да жақсы жаңалық. Байқағаныңыздай, былтырмен салыстырғанда Шымкент қаласы бойынша ажырасқандар саны азайған.

 

Біз айтып отырған 21 мың теңге ажырасуға қарап қалған дүние емес. Бұл отбасы табысына қарай есептеледі. Иә, ажырасып жатқандар бар, бірақ осы мәселеге байла­нысты емес, – дейді Қабыл мырза.

 

Жәрдемақы алудың «ставкасы» бар ма?

 

Десе де 21 мыңның жыры мұнымен бітер емес. «Бірдеңе қыстырмасаң, аталған әлеуметтік көмекке іліне алмайсың» деген әңгіме аз айтылып жүрген жоқ. Мұндағы «бірде­ңенің» де белгілі бір мөлшері бар көрінеді. Өткенде туыс жеңгем құ­жат өткізіп қойғанын, енді қаржы қолға тию үшін әлдекімдерге 30 мың теңге беру керектігін, әзірге шамасына қарай 20 мың теңге ғана бере тұратындығын тілге тиек етіп қалды. Бұл белгіленген «ставка» екен. «Мем­лекеттің онсыз да сіздерге тиесілі ақшасы емес пе, оны неменеге пара беріп аласыздар?» – деген сауалыма: «Құрысын, береміз ғой жұрттың бәрі беріп жатқан соң...» – деп жайбарақат отыр. Бұған сонда ақша қыстыра отырып, шаруасының тез біткенін қалайтын халық кінәлі ме, әлде қалтаға қаражат түспесе қимылдай қоймайтын қызметкерлер кінәлі ме?

 

Атаулы әлеуметтік көмекті жағдайы жақсылар да алып жатыр

 

Бұл туралы да аз айтылмайды. Мұның да басы әлгі біз айтқан «бірдеңеден» басталатын болса керек. «Неше рет барып, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыра алмадым. Мұны байлар да, басқалар да алып жатыр. Шындық жоқ. Кедейлерді де бір ойлап қойса қайтеді? Кесірдің заманы болды ғой!» – деп ашынған көп балалы ананың әңгімесін де естіп қалып жатырмыз. Әлгі әйелдің күйінгеніне қарағанда, мұның арғы жағында үлкен бір гәп бар сияқты. Бұл сыбыстар да бекер айтылып жүрген жоқ-ау дейміз.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ