Ашынған аналар «Ақордаға» қарай бет алды...

13.06.2019
Қаралды: 175

3-маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында Елбасыға және Президент Қ.Тоқаевқа өз мұң-мұқтаждарын жеткізбек ниетте бірнеше ондаған ана Ақорданың маңына жиналды. Бірақ аталған ғимаратқа кіруге болмайтынын айтқан полиция қызметкерлері наразы топты ішке жібермеді.

 

Наразылық білдірушілердің алдына Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов шықты. Олар аналардың талабы айғай-шумен шешілмейтінін, мәжіліс залына барып, әрбірін тыңдап, мәселелерін жеке-жеке қарайтынын түсіндірді. «Құр уәдеден шаршадық» деген аналар онымен келіспей, алдарына Елбасы Н.Назарбаевтың, Президент Қ.Тоқаевтың немесе Премьер-министр А.Маминнің келуін талап етті.

 

Ақырында олар Үкімет үйі мен Парламент ғимаратының ортасындағы алаңда шоғырланып, аштық жариялады. Оларды арнайы жасақ пен полиция қызметкерлері қоршауға алды. Қоршау ішіндегі аналар «мәселеміз шешілмейінше бұл жерден кетпейміз» деген талаптарынан танбады. Алмагүл есімді келіншек: «Біз ешқандай заң бұзып жатқан жоқпыз. Біздің мәселеміз – баспана. Тегін баспана керек емес, бізге сатып алу құқығымен айына 30-40 мың теңге төлейтін қылып берсін. Біз аштық жариялаймыз. Баспана мәселесі шешілмей бұл жерден кетпейміз. Басқа ешнәрсе сұрамаймыз. Баспана берсін, болды. Сол кезде бізден бақытты, бізден бай адам жоқ», – деп ашынса, «Біз далада қаңғып жүрміз. Бізге үй берсінші! Еш жерде тұрмаймыз. Күнде әр жаққа барамыз. Үйде он баламыз. Үйден басқа ешнәрсе керек емес. Сіздер ұялыңыздаршы шамалы!» – деп жылады Берік есімді балақай.

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев:

 

– Мына жерде отырғанмен ешнәрсе шешілмейді. Сондықтан қазір әкімдікке бару керек. Әрқайсыңыздың жағдайларыңызды жеке-жеке қарайды. Сіздердің мәселелеріңізді ең бірінші шешетін адам – қаланың әкімі. Ал егер атаулы әлеуметтік көмекке байланысты мәселе болса, оны шешетін – біз. Бұлай отырғаннан ешкім пәтер бермейді. Босқа уақыт кетіргенше шешілетін жағына қарай ойысу керек, – деп көпшілікті сабырға шақыруға тырысқанымен одан да ештеңе шықпады. Жиналғандар министрдің сөзін тыңдағылары да келмеді. Осы аралықта аштық жариялап отырған әйелдердің бірі есінен танып құлап, оны «жедел жәрдем» қызмет­керлері ауруханаға әкетіп бара жатты.

 

Алаңға сырттан келген басқа  адамдарды полиция қызметкерлері өткізбеуге, жібермеуге тырыс­ты. Келгендер өздерімен бірге су әкеліп, аналарға қолдау білдіруге тырысты. Соңыра аналардың алдына Президент Әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев келіп, мемлекет басшысының іссапарда жүргенін, ол кісінің бәрінен хабардар екенін жеткізді. Содан соң жиналғандарды министрліктің мәжіліс залына шақырып, аналардың мұң-мұқтажын тыңдады. Жиын барысында аналар тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға алғашқы салымсыз және па­йызсыз, сатып алу құқығымен баспана берілуі, зейнеткерлердің зейнетақысын табыс көзі ретінде есепке алмауы, жалғызбасты және көпбалалы отбасылардың балаларына тегін оқу гранттарын беру секілді мәселелерді көтерді.

 

...Нұр-Сұлтан қаласының аналары осылай баспана сұрап, шарқ ұрып жүр. Ал олардың мәселесі қалай шешілетіні алдағы уақыттың еншісінде.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ