Журналисті соққыға жыққан полицейлер емес пе, Тұрғымбаев мырза?

13.06.2019
Қаралды: 833

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Ашық хат

 

Құрметті ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы!

 

Бүгін еліміздегі көп балалы аналар мәселесін көтеріп жүрген белгілі қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілда­ханқызын Алматы қаласы Наурызбай аудандық ішкі істер бөлімінің алдында белгісіз біреулер соққыға жыққан. Оқиға орнына барған тілші­міздің хабарлауынша, белсендіні Нау­рызбай аудандық ішкі істер бөлімінің қызмет­керлері таңертеңгі сағат 10-дар шамасында үйінен әкетіп, аталған ау­дан­ның ішкі істер бөліміне жеткізген. Ол жерде Сатқынбекова есімді азаматшаның арызы бойынша Сәуле Әбіл­да­ханқызын үш сағат бойы тергеп, ҚР Заңдарына сәйкес үйіне босатқан.

 

Алматы қалалық №7 ауруханасына жедел жәрдем көлігімен жеткізілген жәбірленуші Сәуле Әбілдаханның айтуына қарағанда, ІІБ қызметкерлері оны алғашқы кірген есіктен емес, басқа жол арқылы сыртқа шығарған. Сол жерде мүлдем танымайтын бірнеше әйел  «біз сені қолдауға келдік» деп жақын келіп, журналисті жабылып соққыға жыққан. Ең сорақысы сол, Сіздің министр­лігіңізге тікелей бағынышты бетіне бетперде таққан полицейлер белсендіні қорғаудың орнына телефондарына болған жайтты түсіріп тұрған.

 

Құрметті Ерлан Заманбекұлы!

 

Біріншіден, Сіздің полицейлер не­ліктен дәл ІІБ алдында белсендіні соққыға жыққызып қойып қарап тұрады? Қоғамның, азаматтардың қауіп­сіздігін сақтау солардың міндеті емес пе?

 

Екіншіден, қоғамдық белсендіні соққыға жыққандар азаматтық киім киіп алған ішкі істер министрлігінің қызмет­керлері емес пе? Жәбірленушінің айтуынша, оны тепкінің астына алған әйелдер «Уатсап» әлеуметтік желісіндегі көп балалы аналардың топтарын жабуды талап еткен. Егер олар шынайы көп балалы ата-аналар болса, белсен­діні неге әлеуметтік желідегі топтарға бола соққыға жығады?

 

Үшіншіден, Сәуле Әбілдаханқызын үйінен әкеткен қызметкерлердің «әйелдер төбелесін» телефонға түсіріп тұрғанын қалай түсінуге болады? Билік тарапынан бұйрық келіп, сол тапсырмаға есеп беру үшін бе?

 

Төртіншіден, ішкі істер бөлімінің айналасы толған камера. Оқиғаның нақ қандай сипатта болғанын ендігі анықтап, халыққа толыққанды ақпарат тарататын уақыт болған жоқ па?

 

Бесіншіден, үйінен полицейлер әкет­­­кенде сау шыққан қоғамдық бел­сен­дінің ауруханаға түсетіндей жағдайға жеткізу сайлау алдында Сіздің министрлігіңізге сын емес пе? Басқа емес, ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің көз алдында заңсыздық болып жатса, басқа жерде не болмайды?

 

Алтыншыдан, Құдай оңдап, Сәуле Әбілдаханқызы қазір аурухадан шықты. Дәрігерлер оған «миы шайқалған» деген диагноз қойған. Бұл жайға тіке­лей Сіздің құзіретіңіздегі қызметкерлер кінәлі емес дей аласыз ба?

 

Жетіншіден, қазір әлеуметтік желі­лерде «Сәуле Әбілдаханқызына бұл қастандық полицейлер тарапынан жа­салуы мүмкін» деген болжамдар айтылуда. Осы жайтқа министр ретінде мәлімдеме жасауыңызды сұраймыз. Сіздерге көмек болуы үшін мына сурет­ті қоса жариялауды жөн санадық. Белсендінің айтуы бо­йынша, полицейлермен бірге жүрген қара киімді, бетперде таққан азамат оқиғаны то­лық телефонына түсіріп алған . (Бұл сурет бел­сендіні үйінен әкетер алдында түсі­рілген).

 

Қош! Әзірге осы!

 

Түйін

 

Соңы күндері қоғамдық белсенді Сәуле Әбілдаханқызына билік тарапынан қысым көбейген. Бірнеше әкімшілік және қылмыстық іс қозғалатынын айтып, үркітіп-қорқыту шаралары жасал­ған. Ел алдында абыройы бар азаматшаны осылай жәбірлеуге кімнің тарапынан тапсырма түсті? Бұл сұ­раққа алда тағы жауап іздейтін боламыз.

 

Қанат БІРЛІКҰЛЫ, Abaі.kz

Пікір қалдыру

1000 символ