Енді көшеде «жолпол» болмай ма?

11.06.2019
Қаралды: 262

Бүгінде екінің бірінде дерлік көлік бар. Сондықтан жол ережелеріне қатысты қандай да бір өзгеріс, жаңалыққа жұрттың құлағы түрік жүретіні рас. Кешегі аптада әлеуметтік желіде төмендегідей мәтінде аудиожазба тарап, жұртты бір елеңдетті.

 

«Бітті, Қазақстан бойынша посттардың бәрін жауып жатыр. Бүгін министрдің бұйрығы шықты. Автоинспекция деген болмайды. Болады, бірақ жол-көлік оқиғасы кезінде соған шақыру арқылы барады. Патрулирование, анау-мынау деген болмайды. Қазір камералар қойып жатыр ғой, кім техосмотр өтпеді, кімнің фары жанбай келе жатыр, кім ремень тақпай келеді – сондайларды түсіріп алады. Енді Еуропадағы сияқты болады», – дейді хабар таратушы.

 

Ал бұл қаншалықты рас? Осыны білмек болып, қаладағы жол ережесін қадағалау­шы бірер азаматты сөзге тартқан едік. Тәртіп бойынша басшылықтың рұқсатынсыз ештеңе айтуға болмайтынын алға тарт­қан азаматтардан там-тұмдап біраз нәрсе біліп алдық.

 

Ұққанымыз – жабылып жатқан тек үлкен қалаларға кіретін-шығатын жолдардағы бекеттер ғана екен. Оның өзі де жұртшылық тексеріп уақытымызды алады деп шағымдана бергесін әрі қаржы үнемдеу үшін жасалғанға ұқсайды.

 

Ал жылжымалы полиция қызметі жұмысын бұрынғыша атқара береді. Полиция көліктері арнайы планшеттермен қамтама­сыз етілген. Жол ережесін бұзғандар сол арқылы анықталып, деректер орталықтандырылған базаға түседі. Ереже бұзған жүр­гі­зушіге әкімшілік жаза жөнінде хабарланады, ол айыппұлды тиісті жерге апарып төлейді. Яғни әзірге көлік жүргізушілеріне бұрыннан белгілі жайлардан басқадай жаңалық, өзгеріс бола қойған жоқ екен.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ