Әкіммін деп әкіреңдеген екен

12.06.2019
Қаралды: 80

Қостанай облысындағы Таран ауданына қарасты Әйет ауыл округінің әкімі Азамат Бердалинов қарамағындағы қызметкерді балағаттағаны үшін әдеп жөніндегі кеңестің талқысына түсті.

 

А.Бердалинов әкімдік аппаратының бас маманы Болат Жамангөзовке айқайлап, жекіп, намысқа тиетін сөздер айтыпты. Ал әкімнен сыбау естіген бас маман қатты реніштен қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсіп қалған. Егер ол инфаркт, инсультке ұрынса не болар еді?

 

Жәбірленуші өзіне әкіреңдеген әкімнің  қылығын бейнежазбаға түсіріп алған екен, содан оның ісі өзінен жоғары басшыларға  белгілі болып, тәртібі әдеп жөніндегі кеңесте қаралған. Әкім сонда өзінің кінәсін мойындап, кешірім сұрапты. «Бізде адам жетіспейді, жүктеме көп. Өзімді ұстай алмай, балағат сөздер айтқаным үшін кешірім сұраймын», – депті ауыл әкімі.

 

Бұл азаматтың бұдан бұрын да әкімшілік жаза алған жайы бар екен. Сондықтан аудан әкіміне оның өз қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ұсыныс жіберілген.

 

Мұны біз неге жазып отырмыз? Се­бебі соңғы кездері елімізде үлкен­ді-кішілі бірқатар әкімдердің әкірең­деген әдепсіз қылықтары әшкере болып жатыр. Демек, бұл осы уақытқа дейін жалғасып келген құбылыс бол­ғаны. Қолында билігі бар әкімнен, бастықтан, басшыдан қорқатындар дымын ішінде сақтап жүре­ді деген сөз. Әпербақандардың ісі бірен-саран адамдардың «жанын шүберекке түйіп» әрекет етуімен ғана жария болып жатыр.

 

Мысалы, таяуда газетіміздің редакциясына  бір қала әкімінің үстінен шағым түскен болатын. Арызданушы адам оның жиналысты қалай өткізетінін айтып, дәлел ретінде жұрт­қа зіркілдеп ұрсып жатқан бірнеше ау­диожазбасын қоса жолдаған. Біз оны газетімізде жариялаған болатынбыз.

 

Жалпы, мұндай оқиғалардың жыл сайын бірнешеуі белгілі болады. Қарамағындағыларды бұлайша «шықпыр­татындар» атқарушы билік­те ғана емес, басқа салаларда да баршылық.

 

Кешегі аптада, мысалы, Ақтөбе облысындағы бір полиция бастығының бағыныштыларына дөңайбат көрсеткенін дәлелдейтін аудиожазба жарияланды. Әлгінің қазақша-орысша араласқан сөздерінің көбі былапыт-боқтыққа толы. Егер осы қылығы үшін басшылар тарапынан оған  қандай да бір шара қолданыл­ған болса, ол да  «өзімді ұстай алмай қалдым» деген сияқтыны айтып, кешірім сұраған болар. Бірақ одан сол адамның болмысы, әдебі, мәде­ниеті, пайым-парасаты өзгере ме?

 

Осындайлардың өзінен лауазымы үлкен өзгелердің алдында құрдай жорғалап, жалпақтап жүретіні бар.  Қызметінен айырылып қалса, күні не боларын ойламайды да.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ