Сәуле Әбілдаханқызын соққыға жығу кімге не үшін керек болды?

12.06.2019
Қаралды: 260

Кезінде «Ақжүніс» танымдық-тағылымдық бағдарламасымен елдің ықыласына бөленген,  бүгінде тұрмысы төмен көпбалалы аналардың құқын қорғап жүрген белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызын белгісіз әйелдер соққыға жықты. Ол өзінің үйінен Алматыдағы №7 ауруханаға «жедел жәрдеммен» жеткізілді. Жәбірленушіге «миы шайқалған» деген диагноз қойылды.

 

Жалпы, Сәуле Әбілдаханқызының төңірегінде орын алған оқиға бірнеше сағаттың ішінде, өте жылдам өрбіді десек болады. Мұны біз осының алдында әлеуметтік желілерде таралған деректерге қарап айтып отырмыз. Алдымен біреулер оның үстінен бірнеше әйел арыз түсірді деген хабар таратты. «Біреулерден ақша алып, алаяқтық жасаған екен» деген де сөздер айтылып жатты. Кейін оған қатарынан бірнеше ауданның полиция бөлімдерінен шақырту келгені белгілі болды.

 

Сәуленің өзінің атынан түскен: «Маған жала жабылуда. Қамауға алмақ. Көмек керек» деген тұрғыдағы жазбаны да көзіміз шалды. Кейін адвокат Абзал Құспан оны бетперде киген біреулердің көлікпен әкетіп бара жатқаны, шұғыл түр­де адвокат керектігі туралы хабарлады.

 

Міне, осы жайлардың бәрі арасына біраз уақыт салып, бірінен кейін бірі жарияланып жатты. Ақырында Сәуленің Алматыдағы Наурызбай аудандық полиция бөліміндегі сұрақ-жауаптан кейін үйіне қайтарда белгісіз әйелдердің шабуылына ұшырағаны жөнінде хабар тарады.

 

«Полициядан қайтарда мені басқа есіктен шығарды. Онда біраз әйелдер күтіп тұр екен. Мен оларды көмек сұрап жүрген әйелдер болар деп ойладым», – дейді Сәуленің өзі. Айтуынша, әлгілер алдымен оған қолдау көрсету үшін келдік деп, сосын оны бас салып шашынан, қолдарынан мықтап ұстап алып, басынан, кеуде тұсынан соққылаған. «Өзім азаннан нәр татпағанмын, шөлдеп, әл­сіреп тұрған едім, көзім қарауытып, оларға ешқандай да қарсылық көрсете алмай, әрекетсіз қалдым», – дейді Сәуле.

 

Ол өзіне төрт-бес әйелдің бел­сенді түрде күш көрсеткенін, сосын кетіп қал­ғандарын, ал басқа әйелдердің түсінісуге мұрша бермей өзін әбден тіл­дегенін айтады. «Қанша қақсам да полициядағылар есікті ашпады. Іштен олардың сөздері естіліп тұрды», – дейді ол.

 

Сәуле Әбілдаханқызы бұл оқиғаға байланысты құқық қор­ғау орындарына шағым түсі­ретінін мәлімдеді.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ