Сайрагүл Сауытбай Швецияға кетті

10.06.2019
Қаралды: 238

Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Қытайдан қашып келіп, Қазақстанды паналаған қандасымыз Сайрагүл Сауытбай кешегі аптада өзінің отбасы мүшелерімен бірге Швецияға аттанды. Түрлі себептерге байланысты Қазақстан оған босқын мәртебесін бере алмады.

 

С.Сауытбайдың 2018 жылы сәуір айында Қазақстанда тұрып жатқан (Қазақстан азаматтығын 2017 жылы алған) күйеуі мен балаларына қосылу үшін Қытаймен арадағы шекарадан заңсыз өткені белгілі. Өзі мемлекеттік қызметте істейтіндіктен Қытай жағы заңды түрде жібермегесін ол осындай әрекетке баруға мәжбүр болған еді. Арада мұндай жандарды депортациялау жөнінде келісім болғандықтан Қытай оны кері қайтаруды сұраған. Ал Қазақстан соты С.Сауытбайға шекарадан заңсыз өткені үшін шара қолданды, оның бас бостандығын 6 айға шектеді. Содан бері де бірнеше мәрте сот процестері өткен, босқын мәртебесін беруді сұраған С.Сауытбайдың өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған болатын. Ал басына Қытайға қайтарылу қаупі төніп тұрған С.Сауытбай бұл шешімді заңсыз деп тану туралы сотқа шағымданған, сотта оның құқын белгілі адвокат Айман Омарова қорғаған еді.

 

С.Сауытбайдың шетелге кеткені жөнінде алғаш болып әлеуметтік желі арқылы хабарлаған да адвокат А.Омарова болатын. Ол өз сөзінде еліміздің өзінен пана сұрап келген әйелге арашашы бола алмағанына өкінішін жасырмады. Дегенмен Сайрагүл Сауытбайдың ен­дігі өмірі қауіпсіз боларына үмітін білдірді. «Швециядан босқын мәр­тебесін сұрай ма, әлде сол елдің азаматтығын ала ма – оны енді өздері шешеді», – деді ол бұған байланысты.

 

Адвокат А.Омарова С.Сауытбайға қатысты Қазақстанда өткен бұдан бұрынғы сот процестері ке­зінде үшінші бір елден көмек сұ­рауы мүмкін екенін де жеткізген еді. Яғни ол бұған байланысты АҚШ-қа өтініш түсірген екен. Осы арқылы ол Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар жөніндегі комиссариатына жеткен. Өз кезегінде бұл құ­рылым С.Сауытбайға ерекше жағдай жасапты, сосын Швеция оған осы елге келуге рұқсат еткен.

 

Сайрагүлдің отбасы Швецияда жалғызсырамайтын да сияқты. Өйткені бұл елде бүгінде бірнеше ондаған қазақ отбасылары тұрып жатыр, онда бірнеше жылдардан бері қазақтар қоғамы жұмыс істейді екен. Швецияда тұратын қазақтар – 1960 жылдары Түркиядан жұмыс іздеп барып тұрақтаған қандастарымыздың ұрпақтары. Қазіргі тұр­мыстары бақуат, тіпті бірқатар азаматтардың өз жеке кәсібі, компаниялары да бар. Сондай-ақ Швецияда Кеңес Одағы ыдыраған соң қоныс аударған басқа да қазақ отбасылары тұрады екен.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ