Жолкіреге 70 теңге сұраған жігіт

07.06.2019
Қаралды: 293

– Әпке, 70 теңге бере аласыз ба?..

 

Жолдан өткелі тұрғанмын. Бұрылып қарасам, жанымда жап-жас жігіт тұр. Киімі жұпыны болғанымен жыртық емес, қайыршы жігітке ұқсамайды. «Алқаш қой, араққа сұрап тұр» деп тағы айта алмайсың.

 

– Қайтар жолға ақшам болмай тұр еді...

 

Өрімдей жап-жас жігіттің осылай жолкіре таппай тұрғаны жаныма батып кетті. Әмиянымды ашып қарасам, қырсыққанда менде де ұсақ тиын қалмапты. 70 теңгеге толмайтын 5-10 теңгеліктер жатыр. «Жетіңкіремейді екен», – дедім санап жатып. «Қанша болса да бола береді», – деді ол.

 

Барымды беріп, бағдаршамның жасыл түсі жанған соң жолдың арғы жағына қарай беттедім. Ол да менімен бірге ілесіп жолдан өтті. Содан соң әлгіні сөзге тарттым.

 

– Неге ақшасыз жүрсің? Әлде ұрлатып алдың ба?

 

– Жоқ. Мешітке келген едім. Ленгірде тұрамын. Аузым ораза. Жетуін жеттім де, қайта алмай қалдым.

 

– Үйден шыққанда қайтуға жолкіре керек болатынын ойламадың ба сонда?

 

– Келерде біреу әкеліп тастады. Енді қайтарда олай қайта алмаймын ғой. Жоқ, сіз олай ойламаңыз, мен жаман адам емеспін. Олай күнде ақша сұрамаймын. Тек бүгін ғана жағдай солай болып қалды.  

 

Мен оның мүлде ақшасыз жүргенін түсіндім.

 

– Жасың қаншада?

 

– 23-те.

 

– Онда неге жұмыс істемейсің?

 

– Жұмыс істеймін. Қара жұмыс қой менікі... Әпке, мен жоғарғы оқу орнын бітірмегенмін. Мектепте де 9-сыныпқа дейін оқыдым. Жігіттермен жолдың бо­йында тұрамын. Жұмыс ұсынатындар көлікпен келіп үйлеріне алып кетеді, қандай жұмыс бар, соның бәрін істей береміз. Тек «стройка» қолымнан кел­мейді. Бүгін де солай жұмысқа шыққанбыз. Барсақ, екі метр жерді қазу керек екен. Асты тас, күрек сынып кетті. Сонымен қайтып кеттік. Жұмыс болса қашпаймын ғой. Бірақ қасымдағылар қоса бермейді. Жанымда адам болмаса ондай жұмыстарға жалғыз өзім тағы шыға алмаймын, – деді ол.

 

Қазақшаны өзбекшеге сәл бұрмалап сөйлейтін секілді.

 

– Қазақсың ба өзі?

 

– Иә, таза қазақпын. Өзбекстаннан осыдан бес жыл бұрын көшіп келгенбіз.

 

– Ата-анаң бар ма?

 

– Бар. Анам – асханада көмекші. Әкем  қарауыл болып істейді.

 

Жағдайларының мәз емес екенін түсіндім. Көпбалалы отбасыдан шыққан болар деген оймен:

 

– Бауырларың бар ма? – деп сұрадым.

 

– Мен үлкенімін, қарындасым мен інім бар. Екеуі де мектепте оқиды.

 

Мен берген тиынның үйіне қайтуға жетпейтіні есіме түсіп, тағы да суыртпақтай бастадым.

 

– Қазір енді қайтпексің? Жолкірең жетпейді. Аузым ораза дейсің. Ауыз ашатын уақыт та таяп қалды. Не істемексің? Қайда барасың? Сені ешкім тегін алып кетпейді ғой.

 

– Мешітке барамын. Сол жерде ауыз­ашар береді. Тамақтанып болған соң қайтудың әрекетін жасармын.

 

Әлгі жігіттің жағдайы мен үшін бір жағы жұмбақ, бір жағы аянышты көрінді. Сөз арасында оның мұнда туыстан да, таныстан да ешкімі жоқ екенін білдім.  Мен де мың сан сұрақты бастырмалатып барамын. Әйтеуір жауап беріп келеді. Бірақ кей сұрақтардан жалтаратындай. Бір ойым «өткен-кеткеннен тиын-тебен жинап жүрген алаяқ болар, қандай адам екенін Құдай біледі» десе, енді бір ойым «шынымен қиналып қалған шығар» дейді. «Неменеге тергеп кеттіңіз?» деместен ол да сабырлы кейіп танытып келе жатыр. Оның да бағыты менімен бір екен, екеуміз әңгімелесіп біраз жерге дейін барып қалдық.      

 

– Енді қайта алмай қалсаң қайда қонасың? Мешітке ме?

 

– Жоқ, мешітке қондырмайды ешкімді. Шығарып жібереді.

 

– Сен мешітке барамын, ауыз ашамын, содан соң қайтамын дейсің. Оған дейін автобус тоқтап қалады. Ол кезде қайтесің?

 

– Кетіп бара жатқан көліктердің біріне айтып көремін. Мүмкін ала кетер. Негізі 200 теңге болса алып кетеді. 

 

– Алып кетпесе ше?

 

Үнсіз. Өйткені шарасыз. Қанша сұрақ қойсам да бұл жігіт ағынан жарылып ақтарыла қоймады. Ер жігіт болған соң бөтен адамға барын жайып салмауы заңдылық та шығар. Сонда да оның не себепті мұндай жағдайға тап болғанын түсіне алар емеспін. Әлі де бірнәрселер білгім келді. Содан соң:

 

– Мен саған қазір 200 теңге берейін. Бірақ ол үшін ақшаны майдалап алуым керек. Мен дүкенге кіріп шыққанша сен осында күте тұр. Содан соң үйіңе жетіп ал, – дедім. Ол бас изеді.

 

Дүкенге кіріп, үйдегі бала-шағама қажетті азық-түлік алып, сыртқа шықсам, әлгі жігіт күтіп тұр екен. Одан басқа амалы да жоқ сияқты. Қолына 200 теңге ұстатып тұрып, ойымды айтып үлгердім.

 

– Әйтеуір, насыбайға, темекіге деп сұрап тұрмаған боларсың. Дегенмен, жап-жас екенсің. Бұлай жүргенің жарамас. Екі қолға бір күрек қашанда табылады, – дедім. Мақұлдап қояды.

 

Өзін Талғат деп таныстырған бұл жігіттің жайын толығырақ білгім келді. Тағы да сөзге тарттым. Әңгіме барысында оның жеке куәлігінің жоқ екенін білдім. Алматыға барғанда бір орыс қызбен ұрысып қалып, ащы сөздеріне шыдай алмай, оны ұрып жі­бергенін, әлгі қыз полиция шақырғанын, ондағылар құжатын алып қойғанын, содан бері жеке куәліксіз жүргенін айтты. Одан бұрын жұмыс іздеп Ресейге де барып келіпті.

 

– Ол жақта көп уақыт жалғыз жүруге қорықтым. Онда орыстар сырттан келгендерге құл сияқты қарайды екен, – дейді.

 

Өздері осында айына 10 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұратын кө­рінеді. Ол туған әкесін мүлде көрмепті, қазір олармен бірге өгей әкесі тұрады екен. Оның ішетінін, өзіне бір-екі рет қол жұмсағанда оны полицияға ұстатып жібергенін, сол кезде анасының кетіп қалса қайтеміз деп өзіне қарсы шыққанын да айтты. Осыған дейін олар отбасымен Петропавл қаласында да тұрып келген екен. Сөз арасында:

 

– Дегенмен бізге Шымкент жақсы. Адамдары түсінеді. Пәтер ақысын уақытында бере алмай қалсақ, тү­сіністік танытады. Осы жолы да үш ай болды, төлей алмай жатырмыз. Әкеміз бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүр, – деп қалды.

 

Ақтарылмады десем де бұл жігіт туралы біраз нәрсе біліп қалғандай болдым. Әлгінің әркімге жалтақтап, кімнен тиын сұрарын білмей жүрген бейнесіне бейжай қарай алмадым.

 

Әрине, мұны оқып отырған кей жандар  «тепсе темір үзетін жігіт емес пе?!» деп осындай күйіне оның өзін кінәлайтын да болар. Ал мен осының бәріне себепші фактор жоқшылық деп түсіндім. Тіпті оның шын не жалған сөйлегенін ажыратуға да тырысқым келмеді. 

 

...Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған қазағымның жастары-ай... Елімізде оларға оңдытып жағдай жасалмаған деп айтсам, қателеспеспін. Жастарға тегін білім алуға, кәсіп ашуға мүмкіндік жоқ. Қанша мыңдаған қаржы құйып жоғарғы оқу орнын бітіреді. Алып шыққан қатырма қағаз олардың еш кедергісіз жұмысқа орналасуына сеп бола алмайды. Себебі жұмыс беру­шілерге дипломмен бірге тәжірибе керек. Қайда барсаң да жемқорлық жайлап кеткен заман. Не пара беріп, не тамыр-таныс тауып бір мекемеге аздаған жалақыға қызметкер болуы мүмкін.

 

Елдің болашағын жақсартатын – жастар дейміз. Қайтіп жақсартады? Өткенде өз ойын ашық айтқаны үшін жастарымыздың біразы темір торға тоғытылды. Осылайша рухтары жаншылып, жігерлері жасыды. Бүгінгісі, міне, көшеде көрінгенге қол жайғаннан басқа амалы жоқ. Қанша жастарымыздың өмірі оқыс жағдайлардан қыршынынан қиылуда. Ал қаншамасы шетелге кетіп жатыр. Олардың бөтен елдегі жағдайына мемлекет жауапты болған емес. Қомақты жалақы армандап барғандардың оралмай қалғаны, оралса да нендей күй­де, кім болып келіп жатқаны ешкімді қызықтырған емес.

 

Өкінішті, бірақ біздің елдегі көрініс осылай. Әзірге бұл мәселелердің шешімі жуық арада табылады деп кесіп айту да қиын шығар.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ