Бергей Рысқалиев қайда жүр, не істеп жүр?

07.06.2019
Қаралды: 137

Кезінде Атырау облысының әкімі болған, кейін үстінен қылмыстық іс қозғалып, шетелге қашып кеткен Бергей Рысқалиев туралы сөз көбейіп тұр. Оған негізінен таяуда ғана «Ютуб» желісінде таралған бейнежазба себеп болды. Одан Б. Рысқалиевтің аман-есен жүргені, оның Париждегі бірқатар қазақ азаматтары бас қосқан конференцияға барып қатысқаны белгілі болып отыр.

 

Шетелге қашып кеткен еді

 

Бергей Рысқалиевтің Атырау облысын 2006 жылдың қазан айынан 2012 жылдың тамыз айына дейін басқарғаны белгілі. Ол қызметінен өз еркімен босаған еді. Кейін Президенттің оны «денсаулық жағдайына байланысты лауазымынан босату» жөніндегі Жарлығы шыққан болатын.

 

Осы аралықта Б.Рысқалиевке қатыс­ты қарама-қайшы ақпарлар таралып жатты. Біреулер оны «үй қамағына» алынды деді, енді біреулер бұл сөзді теріске шығарды. Кейін Б. Рыс­қалиев пен оның туған інісі – 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжі­лісінің депутаты Аманжан Рыс­қалиевтің үстерінен қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде белгілі болды. Осы кездері ағайынды Рысқалиевтардың шетелге қашып кеткені туралы сөз таралды. Оларға халықаралық іздеу жарияланды.

 

Сонымен тым-тырыс болған еді. Ал қозғалған қылмыстық істер бо­йынша Атырау облысы әкімдігінің бірқатар бұрынғы қызметкерлері сот­қа тартылып, жауап беріп жатты.

 

Өлтірілді деген сөз тараған болатын

 

Ағайынды Рысқалиевтердің қайда кеткені жөнінде көпке дейін белгісіз болды. Олар ізім-қайым жоғалды. Сондықтан  оларға қатысты түрлі алып­қашпа сөздер таралып жатты.

 

Мысалы, 2014 жылы сол кезде өзі де шетелде бас сауғалап жүрген Рахат Әлиев ағайынды Рысқалиевтер өлтірілді, сүйегі Бурабай маңында жерленген деген сөз таратты. Оған сенгендер де, сенбегендер де болды. Дегенмен ағайындылардың тым-тырыс кетуіне қарап жұрт оларды бұл өмірде жоқ дегенге ден қоя бастаған болатын.

 

Әкелерін ақтық сапарға шығарып салуға келе алмады

 

Бергей Рысқалиевтің әкесі Сәулебай Рысқалиев өткен жылғы қазан айында, 77 жасында қайтыс болды. Оны ақтық сапарға шығарып салуға көптеген адамдар жиналды. Атыраудан ғана емес, Ақтөбе облысынан да адамдар барды. Бірақ марқұммен қоштасуға шетелде қашып жүрген балалары келе алған жоқ.

 

Сәулебай Рысқалиев Атырау облысының мұнай саласында еңбек еткен, әйелі Мәдениетпен бірге 3 ұл, 4 қызды тәрбиелеп өсірген екен. Бергей Рысқалиев осы отбасында 1967-жылы өмірге келген.

 

Лондонға орныққан екен

 

Осыдан төрт-бес жыл бұрын аға­йынды Рысқалиевтардың Ұлыбритания астанасы – Лондон қаласында тұрып жатқаны туралы айтылып жатты. Бірақ оның шындыққа жанасатын-жанаспайтыны белгісіз еді. Ал биыл­ғы сәуір айында Бергей Рысқалиевтің Лондон көшелерінің бірінде алаңсыз серуендеп жүргені жөнінде бейнежазба таралды.

 

Сондай-ақ белгілі кәсіпкер, саясаткер Серікжан Мәмбеталин онымен кездескені туралы видео жариялады. Ол Б. Рысқалиевтің Ұлыбританияда сая­си босқын мәртебесін алғанын айт­ты.

 

Әкежан Қажыгелдин айтады

 

Ал таяуда Франция астанасы – Париж қаласында Қазақстан оппозиция­сы шетелдік бюросының ұйымдастыруымен бірқатар азаматтардың басы қосылған конференция болып өткені белгілі. (Бұл жөнінде «Ютуб» арнасында жарияланған). Осы бас қосуда Б. Рысқалиев қазіргі күндері шетелде бас сауғалап жүрген бұрынғы Премьер-министр Әкежан Қажыгелдинмен бірге бой көрсетті.

 

Аталған жиында қойылған сұраққа орай Ә. Қажыгелдин Б. Рысқалиев туралы мынадай пікір білдірді:

 

«Бергейге қатысты процестер туралы екі үлкен эксперттің сараптамалық тұжырымдары бар. Біреуі – ғалымның, екіншісі – менің жеке өзім жақсы білетін мықты сарапшы, ФБР-дің (АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы) бұрынғы директорының, Интерполдың бұрынғы басшысының жасаған үлкен есебі. Ондай мінездеме, ұсыныммен Бергей шетелде еркін жүреді, арнайы іздеуде жоқ, сондықтан оны Интерпол іздемейді. Ол Еуроодақ, АҚШ сияқты шетелдік саяси құрылымдардың іздеуінде жоқ. Оны саясаткерлер қорғайды, іс-шараларға шақырады. Ол саяхаттап, жұмыс істеп жүр. Өзінің командасын қорғауға көп уақыты кетті, олардың активтерін қорғау үшін ад­вокаттар жалдады. Енді еліміздің са­я­­си өміріне араласуды шешіп отыр».

 

Сот оларға сырттай үкім шығарды

 

Биылғы қаңтар айында Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты Б. Рысқалиевке қатысты сырттай үкім шығарған болатын. Оған «лауазымдық қызметін теріс пайдаланған, өзгенің сенім артылған мүлкін талан-таражға салған, алаяқтық жасаған, пара алған, қылмыстық топ құрып, оны басқарған, қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырған» деген тұрғыда айып­тар тағылды. «Қызметтік өкілетін пайдаланып, бюджетке 72 миллиард теңге залал келтіргені дәлелденді» деп айтылады. Сот Бергей Рысқалиевті 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

 

Ал Аманжан Рысқалиевке «алаяқтық жасады, қаржы жымқырды, қылмыстық топ құрып, оны басқарды» деген айып тағылды. А. Рысқалиев 16 жылға сотталды.

Бұл қылмыстық іске қатысты тағы да 6 адамға сот үкімі шықты. Олардың қатарында 6,5 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендер бар.

 

Ұлттық бюро мәлімдеме жасады

 

Б. Рысқалиевке қатысты әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаларға орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының төрағасы Қайрат Сүнтаев мәлімдеме жасады. Оның мәлімдеуінше, бүгінде аға­йынды Рысқалиевтар иеленген қаржыны қайтару жағы ойластырылып жатыр. «Оның ішінде Андоррадағы 14 миллион және Швейцариядағы 90 миллион доллар бар», – деді ол осыған қатысты өткізілген баспасөз мәслихатында. Ол аталған елдердің тиісті органдарымен арада бұған қатысты келісім жүргізіліп жатқанын білдірді. Сотталғандардан 3 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленгенін айтты.

 

«Қазір тергеу жүріп жатқандықтан басқа ештеңе айта алмаймын. Агенттік видеоны тексеріп жатыр», – деді ол.

 

Бұған байланысты Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов та мәлімдеген болатын. Айтуынша, аталған видеоға қатысты құқықтық жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Қылмыс жасап, шетелде қашып жүрген азаматтар бар. Қазақстанда оларға халықаралық іздеу жарияланған. Бірақ құқықтық көмек туралы шарт жасаспаған елдер де бар. Ұлыбританиямен арада экстрадициялау және ұстап беру туралы келісім жоқ», – деген еді ол.

 

Құрылыс мастерінен облыс әкіміне дейін...

 

Жалпы, Бергей Рысқалиевтің төңірегінде таралған әңгімелер көп. Біз оның бірқатарын ғана қамти алдық.

Кей деректерге қарағанда, Бергей Рысқалиев 1985-1990 жылдары автокөлік, спирт бизнесімен айналысқан. Көптеген туыс-бауырларының аяқтан тұрып, өз жеке кәсіптерін ашуына көмектесіпті. Кейін Алматы құрылыс-сәулет институтына оқуға түскен. Бұл институтты – құрылысшы-инженер, одан соң Қазақ Мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

 

Оны лауазымдық қызметте жылдам өскен адам деп айтуға болады. Ол еңбек жолын 1991 жылы құрылыс­та мастер болып бастаса, арада бір жыл өткесін-ақ оған бірқатар коммер­ция­лық құрылымдарда жауапты қыз­мет­терді атқару тапсырылыпты, мұнай компаниясының директоры болып та­ға­йындалған, басқа да бірқатар басшылық қызметтер атқарған. 2003-2006 жылдар аралы­ғында Атырау облыстық мәслихатының хатшысы, облыс әкімінің орынба­сары, Атырау қаласының әкімі болған.

 

Б. Рысқалиев Атырау облысының әкімі қызметіне 2006 жылғы қазан айын­да тағайындалған болатын. Облысты осыған дейін басқарған Аслан Мусиннің орнына барған еді. Оны жұрт Мусиннің кадры, соның кланындағы белді тұлғалардың бірі деп атап жүрді.

 

Б. Рысқалиев қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Техника ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атағы да бар.

 

Деректерде оның Динара есімді әйелмен азаматтық некеде болғаны, одан екі баласы бар екені туралы айтылады.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ