Сексеннің сеңгіріндегі қария «Замананы» сырласындай санайды

04.06.2019
Қаралды: 330

Ұлтымыздың мәртебесін өсіріп, мерейін асқақтатып жүрген абыройлы азаматтар, Құдайға шүкір, Түлкібас өңірінде де жетерлік. Солардың бірі – заң саласының ардагері, Сарыағаш, Түлкібас аудандарының Құрметті азаматы, ауданымыздағы Рысқұл ауылының тумасы Өміртай Қалықұлов.

 

Саналы ғұмырын әділеттің салтанат құруына, халықтар арасындағы достықты нығайтуға арнап келе жатқан ағамыз бүгінде сексен жастың сеңгіріне иек артып отыр. Жасы сексенге келіп, зей­неткерлікте жүрсе де ол кісі ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып тұрудан шаршаған емес. Кейінгі тол­қын – жастарды Отанды сүюге, патриоттық рухта тәрбиелеуде қазыналы қариялар арасында көш бастап келеді.

 

«Аталар сөзі – ақылдың көзі» дегендей, аға ұрпақ өкілдерінің өнегелі өмір жолы қай-қайсымызға болмасын бағдаршам іспеттес. Жақында ардагер ағаны аудан орталығындағы мәдениет үйінің жанынан жолықтырып қалдым. Жүрісі ширақ, қимылы жылдам ағамыз көлеңкесі молдау түсетін орындықта «Замана» газетінің жаңа шыққан нөмірін оқып отыр екен. Үлкен кісімен амандасып, жанына жайғастым. Өміртай аға сәлемімді жылы қабылдап, хал-жағдайымды сұрап жатты.

 

– Сіз «Замананы» не үшін жақсы көресіз? Бұл газетпен байланысыңыз қалай? – деп Өміртай ағаға сауал тастадым.

 

– Е, шырағым-ай, жасым сексенге келсе де менің күні бүгінге дейін газет-журналдарға деген қызығушылығым бәсеңдеген емес. Жылда зейнетақыма 7-8 басылымға алдын-ала жазылып қоямын, – деді ол кісі.

 

– Олардың ішінде «Замана» да бар шығар...

 

– Әрине. Менің бұл басылыммен сырлас болып келе жатқаныма отыз жылдай болып қалды-ау, шамасы. Өйткені оның «Жас дәурен» деген атпен шыға бастағанынан бері жазылып келемін. Соңғы кездері почтальондардың жайбасарлығынан шыдамым таусылып, «Замананы» арнайы газет-журнал сататын дүңгіршектен сатып алып, оқып жүрмін.

 

– «Замана» сізге несімен ұнайды?

 

– Әр апта сайын шығатын «Заманада» елімізде және шет мемлекеттерде орын алып жатқан жаңалықтарды, айрықша ақпараттарды, оқыс оқиғаларды, тосын жайларды қаз-қалпында, ұғының­қы тілмен, қысқа әрі нұсқа баяндап, көз алдыңа әкеле қояды. Сонымен қатар жанға азық болатын, көңілге пайдалы ой ұялататын танымдық – тағылымдық ма­қа­лалар да тартымды оқылады. Сол үшін «Замананы» жақсы көремін. Міне, көріп тұрсың ғой, алдымдағы басқа газеттерді ысырып қойып, «Замананы» оқып жатқанымды. Айтпақшы, сенің де жазған мақалаларыңды осы газеттен оқып тұрамын.

 

– Ендеше «Заманаға» екінші жартыжылдыққа жазылып қойған шығарсыз?

 

– Әрине, оған сөз бар ма? Бірақ ауылдағы хат тасушылар газетті кешіктіріп таратады. Сондықтан мен көбінесе шыдай алмай, дүңгіршектен сатып алғанды жөн көремін. Ал кешігіп келетін газеттерді үйдегілер асықпай оқи береді ғой.

 

...Біздің одан арғы әңгімеміз ұзаққа созылмады. Өміртай аға бәрін жиып қойып, жаңадан шыққан «Замананы» оқуға кірісіп кетті.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ