Бұрмалаушылық жасағандарды «жексұрындар!» деп жариялау керек

03.06.2019
Қаралды: 399

Еліміздің жаңа Президентін сайлайтын күн де таяп қалды. Біз бұл сайлаудың қалай болғанын қалаймыз? Әрине, сайлау кезінде әділдік пен адалдық болса дейміз.

 

1. Ол күні әркім өз таңдауын өз еркімен жасауы керек. Ешкім ешкімге қысым жасамасын, ешкім ешкімді қинамасын!

 

2. Біреу үшін біреу дауыс беріп, біреудің даусын біреу ұрлауға жол берілмесін!

 

3. Астыртын түрде арамдық қылып, қандай да бір кандидаттың пайдасына 50, 100, 200 бюллетеньді жәшікке салып жіберу өрескел заң бұзушылық болып есептелсін!

 

4. Дауыс санау кезінде кейбір бюллетеньдерді қасақана жарамсыз қылып тастау, кейбіреулердің пайдасына өтірік қосып санау әрекеттеріне тосқауыл қойылсын!

 

5. Сайлау комиссиясының мүшелеріне қысым жасау, азғыру, оларды сатып алуға тырысу, жоғарыдан заңсыз бұйрық беру көріністері барынша айыпталсын!

 

6. Студенттерді, бюджет мекемелерінің қызметкерлерін сайлау учаскелеріне топ-тобымен әкеліп, оларды мәжбүрлі түрде бір кандидатқа дауыс беруге зорлау әрекетін болдырмауға күш салынсын!

 

...Міне, осы және басқа да заң бұзушылықтарға жол берген, соған итермелеген адамдардың бәрінің де аты-жөндері арнайы «қара тізімге» алынатын болсын!

 

Келешекте сайлау туралы заңды бұзған барлық азамат мейлінше қатаң түрде жазаға тартылуы керек!

 

Тіпті алдағы уақытта сайлауға қатысты заңға өзгерістер енгізіліп, өрескел түрде заң бұзғандарға өте ірі мөлшерде айыппұлдар салу керек, ұзақ мерзімді түрмеге отырғызу керек, ондайларды өмір бақи жексұрын деп жариялау керек!

 

Әділ де адал сайлауға осындай жолдармен ғана қол жеткізуге болады. Қатаң шараларды нақ осы сайлаудан бастаған жөн. Ел тағдыры сынға түсер шақта көзжұмбайлыққа салып отыруға болмайды!

 

Қ. ҚАЛДЫБАЙ, зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ