Сайлауға 550 мыңнан аса шымкенттік қатысады деп күтілуде

03.06.2019
Қаралды: 160

Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетін 9-маусымға дейін бір аптадай уақыт қалды. Ал оған шымкенттіктердің дайындығы қалай? Осы және басқа да сұрақтарды біз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Дауылбаевқа қойдық.

 

– Ерлан Сламханұлы, 9-маусымға дейін санаулы күндер қалды. Дайындық қалай болып жатыр?

 

– Дайындық жұмыстары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен жоспарға сай жүріп жатыр. Қала бойынша сайлау учаскелері құрылған, әрқайсысының комиссия құрамы, төрағасы, төраға орынбасары, хатшысы сайланған. Учаскелер қажетті материалдық базамен толықтай қамтамасыз етілген. 2015 жылғы Қазақстан қол қойған халықаралық Конвенцияға сәйкес, сайлауға қатысушы мүмкіндігі шектеулі жандарға да қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда.

 

– Шымкент қаласы бойынша қанша сайлаушы бар? Қанша сайлау учаскелері жұмыс істейтін болады?

 

– Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың толық тізімін 20-мамырға дейін тапсырып болды. Осы күнге дайын болған тізім бойынша Шымкентте сайлау құқына ие 568 мың 794 адам бар. Яғни 2016 жылғы наурыздағы сайлау науқанымен салыстырғанда Шымкентте сайлаушылар саны 229 мың 579 адамға артып отыр.

 

Қала бойынша 260 сайлау учаскесі бар, оларда сайлау комиссияларының 2931 мүшесі жұмыс істейтін болады.

 

– Сайлау өткізуге таңдалған ғимаратқа, сайлау жұмыстарын жүргізетіндерге ақы төленетін болар?

 

– Әрине. Сайлау учкаскелері жұртшылықтың баруына ыңғайлы жерлерден таңдалады. Ғимарат жалға алынады. Сайлауға жұмыс істегендерге 20-мамыр мен 9-маусым аралығына жалақы төленеді. Негізгі жұмыс орнындағы жалақысы сақталады.

 

– Науқан басталғалы бергі аралықта сіздерге қоғамдық бірлестіктер, Президенттікке үміткерлер атынан қандай да бір заң бұзушылық, құқық бұзушылықтарға байланысты шағым түсіргендер болды ма?

 

– Әзірге ондай шағымдар түскен жоқ. Шағым түскен жағдайда, қаралады. Заң, құқық бұзғандар­ға қолданылатын әкімшілік, қылмыстық шаралар бар. Егер шағым түссе, біз онда айтылған жайды анықтап, тиісті құжаттар түзіп, тез арада құқық қорғау ор­гандарына өткізуге міндеттіміз.

 

– Сайлау учаскелеріндегі тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі жөнінде айта кетсеңіз.

 

– Учаскедегі тәртіпті құқық қорғау саласының, яғни учаскелік полицияның өкілі қамтамасыз  етеді. Әрине, ол сыртта жүреді. Мәселеге іште біреу тәртіп бұзып, қандай да бір жайсыз нәрсе орын ала қалса ғана араласады.

 

– Сайлауды кімдер бақылайды? Шетелден келіп жатқандар бар ма?

 

– Шетелдерден, халықаралық ұйымдардан келетін бақылаушылар бар. Оларды «байқаушы» деп атаймыз. Олар Сыртқы істер министрлігінен аккредитациядан өтіп, Орталық сайлау комиссиясында тіркеледі.

 

Бүгінгі күндері Шымкенттегі сайлау учаске­лерінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан ұзақ мерзімге келген екі адам жұмыс істеуде. Аралап, учаскелердің жай-күйін көзден өткізіп, сайлау комиссиясы басшыларының, комиссия мүшелерінің біліктіліктерін байқап көруде. Біреуі – германиялық, екіншісі ресейлік азамат. Олардан басқа  ТМД Парламенті ассамблеясынан, Орта Азиядағы көрші елдерден, Түркиядан, Украинадан, Грузиядан, Армениядан, Қытайдан байқаушылар бар. Тағы да келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымынан 4 адамды бірер күнде жетеді деп күтіп отырмыз.

 

Ал қоғамдық бірлестік өкілдерінен кімдер байқаушы болады? Сайлаудың әділ өтуіне атсалысамын деп тілек білдірген жекелеген адамдар байқаушы бола ала ма?

 

– Жалпы, әр сайлау учаскесінде  шетелден келгендерден, қоғамдық бірлестік өкілдерінен бір байқаушыдан болады. Байқаушы мәртебесіндегі адам өзі тіркелген учаскеде сол күні кешке дейін болуы тиіс, ол бірнеше учаскені қатарынан аралап жүре алмайды. Ал жекелеген азаматтар байқаушы бола алмайды.

 

– Бұқаралық ақпарат құралының өкілі байқаушы мәртебесін иелене ала ма?

 

– Бұқаралық ақпарат құралының өкілі сайлауға байқаушы емес, ақпарат таратушы ретінде қатыса алады. Ол сайлау болатын күні келіп, тіркеледі. Яғни оған алдын-ала аккредитациядан өту қажет емес.

 

– Дауыс берген адамдар учаскеден шыққаннан кейін олардың арасында кімге таңдау білдіргені туралы журналист сауалнама жүргізе ала ма?

 

 – Жоқ. Ол заңсыз болады. Әр сайлау учаскелерінде арнайы стенд бар, кейін хаттамалар сонда жазылады. Нәтижелерді содан көрсе болады.

 

– Сайлау өтетін жерде байқаушы сайлау комиссиясының адамдарымен бірге отыра ма, әлде оның бір бекітілген тәртібі бар ма?

 

– Байқаушылар сайлау комиссиясының қызметкерлеріне қарама-қарсы бағытта отыратын болады. Олардың болып жатқан шараны, іс-әрекеттерді айқын, кедергісіз көріп отыруына жағдай жасалады.

 

– Өзіңіз де көрген боларсыз, әлеуметтік желілерде сайлау нәтижелерін бұрмалауға мүмкіндік беретін өзгеше бір қаламсап жөнінде айтылып жүр. Бюллетеньге белгі соғарда соны береді дейді. Осыған қатысты «да­уысымды ұрлатпаймын, сайлауға өзімнің қаламсабымды ала барамын» деп жүргендер бар...

 

– Бұл фейк қой. Оған сенудің қажеті жоқ. Сайлау комиссиясының міндеті – сайлауды заңға сәйкес өткізу. Науқанның заңды түрде өтуін қадағалаймыз.

 

Сайлау учаскелері қажетті заттармен толық қамтамасыз етілген. Белгі соғуға қаламсаптар жеткілікті.

 

– Бір кездері сайлау науқанында дауыс берушілерді ынталандыру үшін учаскеге ең бірінші болып барған оншақты адамға кішігірім заттай сыйлықтар беретіні есімізде. Сол сияқты жұртты ынталандыру үшін қандай да бір әрекеттер жасалып жатқан жоқ па? Өйткені сайлауға бармай қоя салатындар да жоқ емес қой.

 

– Ынталандырып-қызықтыру үшін ондай шаралар жасалып жатқан жоқ. Сайлау өтетін жердің қайда орналасқаны, қалай баруға, қай уақыт аралығында барып дауыс беруге болатыны туралы көрсетілген арнайы плакаттар шығарғанбыз, әрбір сайлау учаскелері оларды алып, өздеріне қарасты аумақтардағы көрнекі жерлерге жапсырады. Сайлаушыларға арнайы шақыру қағаздары таратылады.

 

Негізі сайлауға қатысу мемлекеттің ертеңін ойлайтын әр азаматтың борышы ғой. Ал қатыспаймын деушілер шығып жатса, оларды мәжбүрлей алмаймыз, әрине.

 

– Сайлаушылардың науқанға қатысу белсенділігі қандай болады деп ойлайсыз?

 

– Оңтүстік электораты қашанда белсенді ғой. Шымкенттіктердің мәдениетті, сауатты азаматтар ретінде  қолайсыз жайларға жол бермейтініне, бұл науқанға белсенді түрде атсалысатынына, сайлаудың әділ, ашық түрде өтетініне сенемін. Біз соған жұмыс істейміз.

 

– Ендеше, әңгімеңіз үшін рахмет, іске сәт дейміз.

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ