«Халықтың дауысын ұрлаушылардың бетіне түкіріңіздер»

03.06.2019
Қаралды: 164

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық ұйымының төрағасы Дос Көшім осылай деді. Ол бұл сөздерді өзіне «Алдағы сайлауда әділетсіздіктер орын алса не істейміз?» деген тұрғыда қойылып жатқан сұрақтарға орай айтты.

 

«Құрметті сайлаушылар, таңдау жасаушылар, алда сайлау келе жатыр. Осы сайлауға байланысты мен он шақты облыста бақылаушыларға семинар жүргіздім. Ең көп қойылатын сұрақ: «Егер сайлау әділетті болмаса, біз не істейміз?» – деген мәселе.

 

Иә, жоғары жаққа айтып жіберсек болады. Иә, осының бәрін көрсетуге болады. Бірақ соның бәрінен нәтиже шыға ма?

 

Мен сіздерге екінші жолын айтайын деп едім. Сол сайлауды жасаушылар – әрбір ауылдық, әрбір аудандық жерлерде, сіздердің қастарыңызда жүрген адамдар. Мектеп директорлары, аурухананың бас дәрігері шығар, тағысын-тағы. Олардың барлығын сіздер жақсы білесіздер. Олар сол сайлау учас­кесінде отырады, сайлауды жүргізеді. Егер солардың ішінде сол сайлауға қатыса отырып, әділетсіздік жасап, неше түрлі айла-шарғымен халықтың дауысын ұрлаған адам болса, солардың барлығын халық тезге салуы керек. Олар – ұрылар, халықтың дауысын ұрлаған ұрылар, олар – мемлекеттік қылмыскерлер. Олар Қазақстанның Конституциялық заңын бұзып отыр.

 

Біз осының бәріне көңіл бөлмейтін сияқтымыз. Сондықтан олар осыны түсінуі керек, халықтың алдында масқарасын шығару керек. Қазақша айтқанда, халықтың тезіне түсу деген сол.

 

Оларға ертеңіне қолдарыңды бермеңдер. Ертеңіне оларды қонаққа шақырмаңдар. Ертеңіне оларға әр жерде бетіне басып айтыңдар. Ертеңіне олардың суреттерін газетке салыңдар. Өтіп бара жатса, бетіне түкіріңдер.

 

Осылайша дауысымызды ұрласа, әділет­тілікті сақтамаса, тек жоғары жаққа жалтақтап қарамайық. Себебі олардың көпшілігі өзіміздің қасымызда жүрген адамдар. Олар ертең ыржалақтап күліп отырады кей жерлерде. «Мен сайлауға қатыстым. Мынадай қулық-сұмдықтарды жасап едім» дегенді айтқандарды көрдік біз. Біз сонда ештеңе істемейміз. Сол біздің жанымызға тимейтін сияқты.

 

Егер сайлау әділетті болсын, ертең қоғам өзгерсе екен дейтін болсаңыздар, міндетті түрде өздеріңіздің қастарыңыздағы сондай адамның масқарасын шығарыңыздар. Сонда ғана келесі сайлау таза болады, сонда ғана аяқтарын тартады, заңнан тартпаса, халықтың қаһарынан аяқтарын тартсын. Бұл – менің сайлауға байланысты бірінші жолдауым», – деді Дос Көшім.

 

Белгілі саясаткердің жұртшылыққа арнаған бұл сөздері «Ютуб» әлеуметтік желісінде жарияланды.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ