Жиделіден жазылған арыз...

31.05.2019
Қаралды: 324

«Замана» газетінің редакциясына Келес ауданы, Ошақты ауылдық округы, Жиделі ауылынан арыз келіп түсті. Арыздың авторы «Мектеп мұғалімдері атынан – ардагер ұстаз Р. Маймақова» деп көрсетілген.

 

Бірақ Р. Маймақова деп қол қойған адам өзі туралы ешқандай дерек жазбаған, телефон нөмірін де көрсетпепті. Сондықтан арызды нақ сол кісінің өзі жазды ма, әлде біреудің атынан біреу жазып жіберді ме, ол жағы беймәлім.

 

Ал енді арыздың өзіне келер болсақ, ол бастан-аяқ бір адамды қаралауға арналған. Негізгі кейіпкері – Т. Рысқұлов атындағы жалпы орта мектептің директоры Мұса Орынбаев екен.

 

Арыз жазушы адам ауылындағы мек­тептің жағдайы бүгінгі күні тіпті масқара күйге түсіп отыр дей келе, бұған қатысты жеті тармақтан тұратын дәлелдер келтіреді. Оның әрқайсысы ауыр айыптауларға арналған, әрқайсысы жеке зерттеуді қажет етеді. Егер онда айтылған фактілер нақты дәлелін табар болса, үстінен арыз жазылған кейіпкердің жағдайы жеңіл болма­йын деп тұр.

 

Біз бұл арыз бізден басқа да құзырлы органдарға жазылған болар деп ойлаймыз. Сондықтан бұған қа­тысты тиісті орындарға сұрау салып көретін боламыз. Егер нақ­ты іс-шаралар қолға алынып жатса, ол жөнін­де оқырмандарымызды хабардар ететін боламыз.

 

Ал Жиделі ауылының өзге де тұрғындары немесе Т. Рысқұлов атындағы мектептегі жағдайды жақсы білетін басқа да азаматтар бізге қо­сымша ақпараттар жолдай алса, оған да назар аударып көруге дайынбыз.

 

Біз қашан да әділдік пен шындық жағындамыз.

 

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ