Театрды өрге сүйреген Өтебаев

31.05.2019
Қаралды: 264

Биыл Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында оны талай марқасқа азаматтар басқарғаны белгілі. Солардың бірі – кешегі 15-мамырда 80 жасқа толған Ахмет Өтебаев.

 

Ол театрды 1990 жылдардағы жұмыс та, айлық жалақы да тоқтаған қиын кезеңнен алып өткен еді. «Жақсының жақсылығын айт» демекші, ол кісінің сіңірген еңбегі айтып, үлгі етуге тұрарлық.

 

Ахмет Өтебаев 1939 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, «Военсовхоз» деген ауылда туған. 8-сыныпты ауылда бітіріп, әуелі Тараздағы теміржол учили­щесіне, кейін мәдени ағарту училищесіне түседі. Домбыра мен баянды игеріп, сол қаладағы Жамбыл облыстық музыкалы қазақ театрына қабылданады. Ұйымдас­тырушлық қабілетімен танылып, директорлыққа дейін өседі.

 

1972 жылы Торғай облыстық қазақ музыка драма театры ашылғанда директорлық қызметке шақырылады. Көптеген жылдар бойы Жамбыл, Торғай облыстық театрларында директор болып  еңбек етті.

 

Шанин театрында да ол өзінің өнегелі басшы, үлгілі ұйымдастырушы, театрдың сан қилы шаруашылығына жетік, іскер маман екенін көрсете білді. Келе салысымен театрдың шығармашылық ұжымын Рига, Вильнюс, Таллин, Шауляй, Мәскеу қалаларына апарды. Өнер иелері ел көріп, жер көріп, еңсесі бір көтеріліп қалды.

 

Әбден тозған театр ғимаратын қайта тұрғызғандай күрделі жөндеуден өткізген де – Ахмет Өтебаев. Төбесін су өтпестей етіп бірыңғай қаңылтырмен жапты. Сахнаның шытынап, жаңқаланған қа­быр­ғаларын әуел бастағы әдемі қалпына келтірді. Жарық сәуле, прожекторды бүкіл жабдықтарымен, дыбыс құрал-саймандарын, ілеспе аударма аспаптарын, жаңа режиссерлік басқару пультін, байланыс жүйесін шетелдерден алдырды. Штанкеттер автоматтандырылып, жылу жүйесі, электр-радио желілері, көрермен орындықтары түгелдей жаңаға алмастырылып, фойелер мен залдың төбесі өр­нек­телген гипс тақталармен көмкеріліп, безендірілді.

 

Ол кісі директорлық орынға жанға жайлы кресло, кезекті биік қызметке өрлейтін баспалдақ емес, тағдыр-тала­йым, өмірсерік мамандығым деп қарайтын.

 

Ахмет – арманның ғана емес, әре­кеттің де адамы. Одақ тарқап, байланыс үзіліп, тіпті ең ақырында грим, парик, гумоз, легнин, желім, вазелин, бояу, қылқалам сияқты ұсақ-түйектерге дейін сап тыйылып, тығырыққа тірелген, зат біткен қат заманда көкейіндегі ойын әрін қашырмай іске асырып, жаңа қойылымдарды жасаулап-жабдықтап шығара білді. Бұл жұмыс – бірді-екілі қойылыммен толас таппас ұшы-қиыры жоқ құбылыс. Сондықтан директор сан-мың бояу түрін суретшіден кем білмеуі керек. Ағаш, темір, былғары, пластмасса, тағы басқа заттардың жөн-жосығын ұстадай, ісмер­дей, зергердей тап басып тануы керек. Кездеменің қыруар түрін тігіншіден кем ажыратпауы керек.

 

Осылардың спектакльге лайықтысын таңдап-талғап, керектісін іздеп тауып әкелмесе ақша да рәсуа, қанша еңбек те ысырап боп, босқа желге ұшады. Көптеген қойылымдарды жарыққа шығаруда Ахмет тыңғылықты ісімен көріне білді.

 

Ұжымның ұйытқысы, ынтымақ, бірлік, татулықтың дәнекері Ахмет Тойбекұлы қол астындағы адамдардың жеке тұрмысына да жіті көңіл бөліп, киім-кешек, азық-түлік, үй мүліктеріне дейін қапы жібермей қарайласып тұратын. Оны театрдың ре­жис­серлері, суретшілері, актерлерінен бастап, барлық цех қызметкерлері мен жұмысшылары, бухгалтерия, автокөлік, қосалқы шаруашылықтың еңбеккер­леріне дейін құрметтеп, қадір тұтатын.

 

Міне, Ахаңның 80 жылдығына орай біз оның осындай еңбегі туралы айта кетуді жөн көрдік.

 

Мәжит ІЛИЯСҚАР,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ