Ол жылдардың қасіреті талайды қан жылатқан

31.05.2019
Қаралды: 165

1937-1938 жылдары орын алған саяси қуғын-сүргін қазақтың мыңдаған жазықсыз азаматтарының тағдырын талқандады. «Халық жауы» атанып, атылғандар, жер аударылып, лагерьлерде азап шеккендер көп.

 

Жалпы, бұл нәубет бұлты Қазақстанға өлкелік партия комитетіне басшы болып Ф.Голощекин келген 1925 жылдан төне бастаған екен. Себебі ол Қазақ даласына келе салысымен мұндағы тұрмыс-тіршілікті көріп, бұл аумақ Ұлы Қазан төңкерісін көрмеген, сондықтан «Кіші Қазан» жасаған дұрыс деген ойға келіпті. Қудалауды жергілікті зиялы қауым өкілдерінен бастаған. Алаш зиялыларының соңына шырақ алып түсу осы жылдары күшейе бастаған.

 

Сондай-ақ осы жылдары бай, кулак деп табылған мыңдаған қазақ отбасыларының мал-мүлкі тәркіленіп, адамдар жер аударылып жатты. Осындай қудалаудан қашқан талай жан көрші елдерге жер ауды.

 

Ал 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің бүкіл КСРО аумағын қамтығаны белгілі. Басқа республикаларға қарағанда, ол Қазақстанға тез жеткен сыңайлы. Сол кезде Қарағанды КСРО-да стратегиялық маңызы зор сала – көмір өндіруден одақта 3-ші орында тұрған. Сондықтан онда зиялы қауым өкілдері, партия, кеңес қызметкерлері, ғалымдар көп болған. Репрессия жалыны бірінші кезекте осындағы азаматтарды шарпыпты. Сосын ол біртіндеп елдің солтүстік, шығыс, батыс, оңтүстік өңірлеріне қарай жылжиды.

 

Жалпы, 1939 жылдың өзінде ғана КСРО-да 600-ден аса жалпы және ішкі түрмелер болыпты, соның 34-і Қазақстаннан ашылған. Бүкіл Орта Азия республикалары аумағынан салынған 32 концен­трациялық лагерьдің де басым бөлігі Қазақстан жерінен орын тепкен деген деректер айтылады. Олардың ішінде «АЛЖИР», «Карлаг», «Степлаг», «Песчанлаг» деген атышулыларынан басқа дерегі болғанымен қай тұста орналасқаны белгісіз күйде қалғандары да бар. Ақтөбе, Алматы, Балқаш, Жамбыл, Жезқазған, Ырғыз, Қазалы, Кеңгір, Қызылорда, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Семей, Шымкент, Түркістан, Орал, Өскемен, Екібастұз лагерьлерінде мыңдаған жазықсыз жандар жапа шегіпті.

 

Кей деректерде Қазақстандағы түрмелер мен лагерьлерде жергілікті және басқа республикалардан жеткізілген 6 миллионға жуық адамның болғаны туралы айтылады. Ал Қазақстанның өзінен 110 мыңнан аса адам саяси себеппен сотталып, олардың 25 мыңы, яғни әр төрт адамның біреуі «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген.

 

Осы «халық жауларының» әйелдері мен балаларының басына да зұлмат бұлты үйірілді. Әйелдер Ақмоладағы «халық жауы» әйелдерінің лагеріне («АЛЖИР» – Акмолинский лагерь жен изменников Родины), Қарағанды лагеріне («Карлаг») және басқа да лагерьлерге қамалған. Олардың арасында емізулі және жүкті әйелдер де болыпты.

 

Мысалы, бір ғана Қарағанды лагерінің өзінде 1938 жылы 2103 осындай әйел отырса, соның 655-інің аяғы ауыр және емізулі баласы болған екен. 1939 жылы лагерьде 450 бала өмірге келген, олардың 114-і шетінеп кеткен.

 

Осы Қарағанды лагерінде 1940 жылдың 1-қаңтарына қарай 16 жасқа дейінгі 19 бала, 18 жасқа дейінгі 132 бала болыпты. Олар да «халық жауының» баласы ретінде лагерьде күн өткізген, яғни тұтқында болған.

 

Осынша жандардың әрқайсысының ата-анасы, сүйген жары, балалары бар. Тығырықтан шыға алмай, қаншама жан қасіреттен қан жылады десеңізші! Мұны ешқашан да ұмытпау керек. Ондай сұмдықтың енді қайталанбауын тілейік.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ