Табиғаты керемет 23 жерге саяхатқа апарады

31.05.2019
Қаралды: 376

Жаздың жаймашуақ күндері – отбасымен демалуға, саяхаттауға тиімді уақыт. Дәл осындай сәтте көпшіліктің басын қосып, оларды Түркістан облысының киелі, тарихи, табиғи жерлерін тамашалатып жүрген жандардың бірі – Ержігіт Жұмаділ. Гид, яғни жолбасшы азамат осылайша тамшыдай болса да ішкі туризмді дамытуға өз үлесін қосуда. Оның бұл кәсіппен айналысқанына үш жылдың көлемі болыпты. Содан бері ол 5 мыңнан астам адамды облыс аумағына саяхатқа алып шыққан екен. Бұл туралы оның өзі былай дейді:

 

«Бала кезімізде Машат пен Біркөлік шатқалдарына баратынбыз. Кейін келе Сайрамсуға, басқа да жерлерге достарыммен қыдыра бастадым. 2016 жылы көршім ішкі туризммен айналыса бастады. Соған қарап мен де іске кірістім. 2016 жылы 29-мамырда алғаш­қы тобымды тауға алып шықтым. Қа­зіргі таңда менде оңтүстік өңір бойынша 23 түрлі бағыт бар. Олардың қатарында Қарашаш ана, Ибрагим ата кесенелері, Көне Отырар қалашығы мен Арыстанбаб кесенесі, Йассауи кесенесі, Үкәша ата құдығы, Теректі әулие, Жүзімді петроглифтері, Домалақ ана,  Бәйдібек ата кесенелері, Көз ата әулие, Ғайып ерен – Қырық шілтен, Ақбура әулие, Ақмешіт үңгірі, Ақсу шатқалы, Доңызтау шатқалы, Сайрамсу шатқалы секілді көптеген орындар бар.  

 

Бүгінгі күні еліміздің басқа да облыстарына ат басын бұрып жатырмыз. Мәселен, өткен жолы адамдарды Жамбыл облысындағы Айша бибі, Қарахан баба кесенелеріне, Тараздан 40 шақырым ары жатқан Ақыртас археологиялық кешеніне апарып қайттық.

 

Енді 7 – 12-маусым аралығында Алматы облысына апаратын жоспар бар. Тур бес күнге созылады. Алдымен Көкжайлау шатқалы, содан соң Үлкен Алматы көлі, екінші күні Есік көлі, үшінші күні Түрген сарқырамасы мен Шарын каньоны, төртінші және бесінші күндері Көлсай және Қайыңды көлдеріне барамыз», – дейді ол.

 

Аталған турдың бағасы ересектер үшін 50 мың теңге болса, зейнеткерлерге, оқушыларға және студенттерге оның құны 45 мың теңгені құрайды екен. Ал оның өзімен бірге жиі саяхатқа шығып жүрген жандар үшін бұл сома арзандатылған. Төленген ақыға толығымен барып-келу жолақысы, тамақтану, жататын шатыр, туристерге арналған төсек қапшығы (спальный мешок), отыратын үстел мен орындық, каремат (туристер төсеніші), фототүсірілім, бес жерге кіру билеттері, гидтік қызмет кіретін көрінеді.

 

«Өзіміздің оңтүстік тұрғындарының 90 пайызы елімізде осындай әдемі жерлердің бар екенін білмейді. Көпшілігі енді ғана байқап жатыр. Десе де сұраныс жаман емес. Біз жыл он екі ай бойы жұмыс істейміз. Қыста да қарап жатпаймыз. Адамдарды Шымкент қаласынан 65 шақырым жерде орналасқан «Тау самалы» шаңғы базасына апарамыз. Тек сенбі-жексенбі күндері емес, аптаның ішінде де шыға береміз. 

 

Негізі  әр турдың бағасы бағытына байланысты белгіленеді. Көбіне-көп турлар бір күндік. Ақысы 3500 – 5500 теңгенің аралығын қамтиды. Таңғы 7-де шығып кетіп, түнгі 24.00-ге таман қалаға ораламыз. Ол үшін арнайы автобус жалданады. Әр тоқтаған жерге кейде жарты, кейде екі сағат уақыт кетеді. Бұл кіретін орындарға байланысты.

 

Ал жаз мезгілінде адамдарды екі күнге тауға апарамын. Оның  ақысы – 12 мың теңге, балаларға, студенттерге, екінші қайтара шығушыларға 10 мың теңге болады. Тамақтану, жолкіре, басқа да қажеттіліктер шығыны да осы соманың ішінде. Арнайы аспаз ертеміз. Әйтеуір адамдардың көп бөлігі өз ризашылықтарын білдіріп жатады», – дейді Ержігіт мырза.

 

Ол бір топтың кемінде 10 адамнан тұратынын айтады. Турис­тер саны көп болса көмекшілерін қоса ертіп жүреді екен.

 

«Адамдар әр кезде әрқалай жиналады. Өткенде 1-мамырда тауға барып қайттық. Ол кезде 70 адам болды. Ал қыстыгүні тау шаңғысы базасына бір барғанда 128 адамды ертіп апардым. Сонымен қатар, 1-2 адамнан тұратын жеке турларды да ұйымдастыра аламыз», – деген Ержігіт мырза гидтің өзі өлкетанушы болуы керектігін, тарих пен географиядан хабары болуы қажеттігін де қоса жеткізді. 

 

Е.Жұмаділ 2018 жылы Мәденит және спорт министрлігінің құрамына кіретін «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы ұйымдастырған байқауда «Ең үздік гид» номинициясын жеңіп алыпты. Бұл оның еңбегінің еленгені деп айтуға болатын шығар. Себебі елімізде ішкі туризм саласы аса дамымай тұр. Шетел демей-ақ қоялық, жергілікті тұрғындарымыздың өзі еліміздің қай тұсында қандай көркем жерлер бар екенінен хабарсыз. Осы орайда өзіне тән тарихы бар аймақтарға адамдардың ат басын бұруына мұрындық болып отырған осындай азаматтарымыздың жұмысы көңілге жылу ұялатады.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ