Сіз сайлауға барасыз ба?

31.05.2019
Қаралды: 118

Алдағы 9-маусымда Президент сайлауы өтеді. Ал бұған жұрттың дайындығы қалай? Сайлауға бара ма? Осындай сауалдарға жауап алу мақсатында біраз адамдардың пікірін сұрап білген едік. 

 

Сәлімжан Тілемісов (суретте): Сайлауға жылда отбасымызбен қатысамыз. Меніңше, сайлау әділ өтеді. Себебі жан-жақтан бақылаушылар келіп жатыр. Қазір халық білімді. Негізі сайлауға әрбір азамат баруы керек деп есептеймін. Бізге керегі не, елде тыныштық болса, уақытында зейнет­ақымызды алып отырсақ болды емес пе?

 

Данияр Кибаев: Әрбір қазақ сайлаудан тыс қалмауы керек деп ойлаймын. Кандидаттар арасында мен үшін ең лайық азаматқа дауыс беремін.

 

Айсұлу Кеңесбай: Сайлауға барамын. Бірақ бұл сайлаудан өзгеше ештеңе күтпеймін. Кандидаттардың ешқайсысына бүйрегім бұрған емес. Бәрі дерлік Кеңес өкіметінің дәмін татқандар. Жаңа леп, өзгеше тұлға керек. Яғни бүгінгі қоғамды түбегейлі өзгерту үшін бойында қуаты бар, жігері мықты жас керек.

 

Нұрлыбек Медетов: Қазіргі заман талабына сай жаңаша ойлай білмейтін кәрі-құртаңдар шаршатты. Еті тірі, көзі ашық, саясатты да, экономиканы да жақсы меңгерген, коммунистік жүйені көрмеген жас буын керек-ақ қазаққа.

 

Еркін Азат: Сайлауға бара алмаймын. Сайлау еш нәтиже бермейді. Ол заңсыз, мерзімінен бұрын өткізілуде. Әрі жүйе өзгерген жоқ. 

 

Нұрбек Әблязимов: Сайлауға барамын. Қандай жағдай болмасын әр азамат сайлауға қатысуы керек деп ойлаймын. Ертең артымдағы балаларыма қандай тәрбие беремін? Олар маған қарайды. Заңмен тәрбиеленген ұрпақ керек. Намыскер болу қажет.

 

Бибіфатима Хамитбекова: Әрине, барамыз. Негізі бір өзгеріс болуы керек. «Сен тимесең, мен тимен» деп жүре береміз бе? Келешек – жастардікі. Жастарға жұмыспен, үймен жағдай жасау керек. Жас аналарға көп көңіл бөлінуі керек.

 

Айболат Бөкенов: Жоқ, бармаймын. Себебі нақты ел басқарар кандидат көріп тұрғаным жоқ. Сол баяғы көзбояу­шылық. Украин еліндегідей әділ болса жанымды беріп атсалысар едім. Әзірге бізде ондай жоқ. 

 

Дулат Ағаділ: Сайлаудың әділ өтпейтініне 100 пайыз сенімдімін. Тек қана бойкот! 

 

Оғыз Доған: Мен Түркияның азаматы болғандықтан сайлауға бара алмаймын. Бірақ өзім Қазақстан азаматы болып дауыс бере алмасам да Қазақстанда сайлаудың әділ өтіп, сәтті аяқталуын тілеймін. Қазақстанға лайықты басшы сайланатынына мен сенімдімін. Өйткені Қазақстан болашақта бүкіл түркі дүниесінің көшбасшысы болатындықтан оған ең лайықты Президентті қазақ халқы таңдай біледі деп ойлаймын.

 

...Өзіміз тілдескен жандардан біз осындай пікірлер естідік.

Ал сіз сайлауға барасыз ба?

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ