Порошенконың үстінен арыз түсті

28.05.2019
Қаралды: 78

Украинаның өкілеттік мерзімі кеше ғана аяқталған бұрынғы Президенті Петр Порошенко енді көп ұзамай сот алдында жауап беретін сыңайлы.

 

Өйткені лауазымынан босағанына күн өтпей жатып оның үстінен Мемлекеттік тергеу бюросына арыз түсті.

 

Арыз иесі Андрей Портнов деген заңгер азамат оны «мем­лекетке опасыздық жасауға қатысы бар», «мемлекет билігін тартып алуға әрекет жасаған», «қызметтік өкілет­тігін асыра пайдалан­ған» деп санайтынын айтқан.

 

А.Портнов Порошенконы украин теңізшіле­ріне Керчь түбегі арқылы өтуге заңсыз бұйрық берді деп айып­тайды. «Бұдан туындаған жанжал Ресейді Азов теңізінде Украинаға қарсы агрессиялық әрекет жасады деп айыптауға және осыны пайдалана отырып, соғыс жағдайын енгі­зуге себеп болуға тиіс еді», – дейді ол. Яғни ол Порошенконы соғыс жағ­дайы енгізілуіне байланысты ел­дегі Президент сайлауын кейінге шегермек болды дейді.

 

Бұл адам Порошенкомен қатар Жоғарғы Раданың мемлекеттік қауіп­сіздік жөніндегі комитетінің басшысы Сергей Пашинскийді, «Петр Порошенко блогы» фракциясының же­текшісі Артур Герасимовты, Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Алексей Филатовты да сотқа бермек ниетте екен.

 

Қысқасы, Украинаның бұрынғы Президенті П.Порошенко биліктен кете салысымен-ақ оның басына бұлт үйіріле бастады. Бұл елде Порошенконы қылмыстық жауап­кер­шілікке тартқызуды көздейтін заңгерлердің арнайы тобы құрылғаны туралы сөз бар.

 

Ал Порошенконың үстінен арыз түсірген заңгер А.Портнов бұрынғы Президент Януковичтің кезінде Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып қызмет істеген екен.

 

... Арада бір күн өткенде Порошенконың үстінен тағы да бір арыз түскені белгілі болды. Бұл жолы арыз иелері оған мемлекет меншігіндегі бір компанияның қаржысын талан-та­раж­ға салған деген айып тағып отыр. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы айтылуда.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ