Жаңа Президенттің меншігі туралы жарияланды

30.05.2019
Қаралды: 677

Украинаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық агенттігі елдің жаңа Президенті Владимир Зеленскийдің 2018 жылғы табыс мөлшері туралы мәліметтерді жариялады. Яғни ол арнайы декларация толтырғанда осы жылғы табысын 9 миллион 700 мың гривна (АҚШ валютасына шаққанда 370 мың долларға тең), үй, пәтер және отельдегі нөмірлер деп көрсеткен екен.

 

Зеленский осынша қаржының 4 миллион 200 мың гривнасын (шамамен 160 мың доллар) шоумен ре­тіндегі өзінің негізгі жұмыс орны – «Квартал-95» студиясы арқылы тапқан. Қалғанын кірістің басқа көздері арқылы иеленіпті.

 

Оның Киевтегі үйінің аумағы – 353 шаршы метрді, пәтерінікі – 131 шаршы метрді құрайды екен. Мен­шігінде 120 шаршы метр жер телімі, 2 автотұрақ бар. Сондай-ақ Зелен­скийге Италия мен Ұлыбританиядағы бірнеше пәтерлер тиесілі. Ол Грузия­дағы мейрамханалардан да біраз үлеске ие.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық агенттік осы мәліметте бүгінгі күндері Зеленскийде 190 мың доллар және 107 мың евро нақты ақша бар екенін көрсеткен. Содай-ақ оның банк шотында  440 мың доллар мен 1 миллион гривна (38,2 мың доллар) және 130 мың евро сақтаулы тұрғанын жариялаған.

 

Аталған агенттік сонымен қатар Украинаның бұрынғы Президенті Петр Порошенконың жарияланған табысы жөнінде де айта кетіпті. Яғни ол 1 миллиард 300 миллион гривна (46,7 миллион доллар) табысын көрсетіпті. Порошенко 2017 жылдың соңындағы декларациясында 16 миллион 300 мың гривна  (586,3 мың доллар) табыс тапқанын көрсеткен екен. Ал, жалпы, Порошенко өз байлығынан соңғы 5 жылда 795 миллион доллар жоғалтқан көрінеді.

 

"Замана".

Пікір қалдыру

1000 символ