Шымкент пен Түркістанның арасы...

31.05.2019
Қаралды: 216

Бүгінде жұрттың жиі бас қосатын кезі. Себеп – ауызашар. Ал онда айтылатын әңгіме көп.

 

Кешегі аптада осындай бір ауызашарда болған едік. Негізгі мақсатына сай онда ғибратты әңгімелер айтылып жатты. Дегенмен тамақ ішіліп бола бергенде бір азаматтың көңіл-күйін бұзған жайсыз хабар жетті. Телефон шалған  адам оған жақындығы бар бір кісінің ауылдан Шымкентке келе жатып жол-көлік оқиғасына ұшырағанын хабарлапты. Олардың көлігі Шымкентке жақын Атамекен ауылының тұсында аударылыпты. Екі адам оқиға орнында мерт болған.

 

Ол тұстағы жолдың теп-тегіс, екі жақтама, кең екенін, онда қарсы келе жатқан көлікке соқтығу мүмкін емес екенін біле­тіндіктен бұл қалай болғаны деп таңқал­ғанбыз. Сөйтсек, көлік жол ортасын бөліп тұрған темірге соғысқан екен. Бұл кезде нөсер жаңбыр жауып тұрған еді, мүмкін сол себеп болды ма, кім білген...

 

Осы арада әңгіме ол жолдың біз айт­қандай аса жайлы емес екендігіне қарай ойысып кетті. Жол жайын білетіндер оны дұрыс салынбаған деп жатты.

 

Тағы бір проблема – осы жол арқылы Шымкенттен Түркістан бағытына қарай шығу  облыс орталығы Түркістанға ауыс­қалы бері қиындап тұр екен. «Әсіресе дүйсенбі күні қиын. Облыс орталығында жұмыс істейтін көлігі бар шымкенттіктер таңертеңнен бастап Түркістанға қарай жөңкіледі. Көлік арасы үзілмейді. Тура бір машиналар шеруі сияқты. Осындайда жұмысқа асыққан кейбіреулер жол ере­жесін бұзып, оң жағыңнан да, сол жағыңнан да зулай өтіп кетіп жатады. Біреуі соғып кетер ме екен деп жаныңды шүберекке түйіп отырасың», – деді сонда отырған азаматтардың бірі.

 

Оның айтуынша, Түркістан мен Шымкент арасына қатынайтын пойызбен баруға көп қызметкерлердің төзімі жетпейтін көрінеді. Өйткені ол үшін таң атпай темір жол вокзалына бару керек, оған жету үшін такси шақырту қажет. Түркістанға ілік­кеннен кейін де жұмыс орнына жетіп алу үшін такси жалдау қажет болады. Сондықтан кей азаматтар Шымкенттен жұмыс орнына өз көлігімен, таксимен барғанды дұрыс көреді екен.

 

Осындай жай апта соңында, жұма күні де қайталанады. Бұл кезде Түркістандағы жұмысынан шыққан шымкенттіктер үйіне қарай асығады.

 

Міне, Оңтүстікте осындай жайлар болып жатыр екен. Жол қауіпсіздігін сақтау үшін бұған да бір мән беріп, оңтайлы шешімін қарастырған дұрыс-ау.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ