Жаңбыр жауса, төбесінен шелектеп су құйылады

31.05.2019
Қаралды: 224

Мемлекеттік бағдарламалар негізінде қолға алынып, бой көтерген зәулім үй­лердің көпшілігіне бүгінде біраз тұрғын қоныстанып үлгерген. Десе де сол баспаналардың құрылыс сапасының төмен екендігін алға тартып, оған көңілдері толмай жатқандары қаншама?! Олардың қатарында Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағын ауданындағы осыдан небәрі бірнеше жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үйлердің қоныстанушылары да бар.

 

Атап айтар болсақ, тоғыз қабатты болып табылатын №47 үйдің ең жоғарғысында орналасқан 69, 70 пәтерлер біраз күн алдын жауып өткен нөсерден зардап шегіп отыр. Жаңбыр кезінде төбеден сарылдап аққан су пәтердің ішін жайлап, жиһаздарды, төсек жабдықтарын бүл­дірген. Сондай-ақ электр шамының түбінен аққан жаңбыр суы тоқ ұру қаупі болғандықтан үйдегілерге үрей тудырған. Аталған мәсе­ленің анық-қанығын білу мақсатында 69-пәтердің тұрғындарымен тілдескен едік. Үйді сатып алу құқығымен көп жылға жал­ға алған Динара Шопанова кімге барып мұңын шағарын білмей отырғанын айтып ашынады.

 

«Бұл үй негізінен 2015 жылы берілген. Бірақ біз пәтерді 2016 жылдың тамыз айында алдық. Осыған дейін мұны басқа адамдар алмақ болған екен. Олар осында көшіп келгелі жатқанда шатырдан өткен суды көріп, бұл баспанадан бас тартыпты. Бізге ол туралы айтылды. Бірақ Қазақстан ипотекалық компаниясының өкілдері «барлығы бастан-аяқ жөндеуден өтті, су ақпайтынына кепілдік береміз» деген соң біз келісім берген едік. Үйді алған соң тағы да несие алып, ішіне түсқағаздар жабыстырдық, жиһаздар алдық. Енді кешегі  жағдайдан соң әлгі компания өкілдеріне барсақ, олар бізді пәтер иелері кооперативіне жібереді, ондағылар үйді салып берген компания кінәлі дейді, ал ол компания «мұны қабылдап алған әкім­шілік кінәлі» дейді. Сөйтіп, бәрі бір-біріне сілтеп отыр. Енді біз әкімнің өзінен ғана үміт күтеміз. Ол кісіге кіру үшін алдын-ала жазылу керек екен. Біз жолыққанша біраз уақыт өтіп кеткелі тұр», – дейді төрт баланың анасы. 

 

Динара Шопанова аталған пәтерді жи­ырма жылға ипотекаға алғанын айтады. «Айына ішпей-жемей 50 мыңнан төлеп отырмыз. Мен бала күтімімен үйдемін. Күйеуім ипотека мен несиенің ақшасын табамын деп жанталасып жұмыс істеп жүр», – дейді ол сөз арасында.

 

Динараның айтуынша, мұндай жағдай биыл ғана басталған көрінеді. Ол бұған жауапты адамдардың үйдің төбесіне бастан-аяқ жөндеу жұмыстарын жүргізіп бе­руін талап етіп отыр. Ары-бері сенделтіп шаршатқан бұл мәселенің мән-жайын қалалық әкімдік өз қолдарына алады деп үміттенеді.

 

Шынында да, сапасы сын көтермейтін мұндай баспаналар үшін кім жауапты?

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ