Қадір түні қандай түн?

30.05.2019
Қаралды: 1525

«Қадір түні» (ләйләтул-қадір) араб тілінен аударғанда  «қасиетті түн» деген мағынаны білдіреді. Ислам ғұламалары бұл түннің тағы бірнеше мағынасынан хабардар еткен.

 

Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің үш мағынасы бар екенін келтіреді. Біріншіден, «Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Құран-Кәрімде: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», – деп бұ­йырыл­ған. Осыған байла­ныс­ты Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Ибн Кәсир осы аятты дәлелге алған.

 

Исламның тағы бір көрнекті ғалымы Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – дейді.

 

Бұл түннің тағы бір мағынасына «абырой, бедел» ұғымын жатқызады. Яғни Қадір түнінің салмағы мың айдан да қа­йырлы болғандықтан, ұлық және аса қадірлі һәм аса жоғары дәрежеге ие болады. Құранда: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» деп баяндалады.

 

Ғалымдар «Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын да береді деген пікірге келеді. Құранда: «Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», – деп баяндалғандықтан ғалымдар «қадір» сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасайды

 

Бұл түннің нақтылығын сөз етсек,  пайғамбарымыз: «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер», – деп бұйырғандықтан нақты қай уақыт екені беймәлім. Ғалымдардың барлығы Қадір түнінің Рамазан айының соңғы он түндерінің бірінде екендігіне бір ауыздан келіскен.

 

Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнінде Аллаға жақындататын мынадай амалдарды тізімдеп келтіреді: Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасау, Құран-Кәрімді оқу, тыңдау, түсінуге ынта қою, Пайғамбарымызға салауат айтып, оның шапағатынан үміттену, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құру, тәубе мен истиғфар жасап, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасау, Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кеші­рілуін тілеу. «Кім Қадір түнін Алланың сауабына иман кел­тірген және үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» дейді. 

 

Меккеде түскен бес аяттан тұратын Қадір сүресінде бұл түннің мың айдан да артық мүбәрак екендігі, сол түні періш­телер Хақ тағаланың рұқсатымен оның белгіленген әрбір ісі үшін түсетіні және таң бозарып атқанға дейін сол түн бей­бітшілік нұрын шашқан түн болатындығы айтылады. Хадисте де: «Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады», – деп айтылады.

 

Бұл түнде Пайғамбарымыздың мына дұғасын көп қайталап айту да өте қажет: «Аллаһума иннәкә ъафуун тахиббул-ъафуа фаьфу ъанни» – «Аллаһым! Сөзсіз сен кешірімдісің. Кешіргенді жақсы көресің. Ендеше, мені кешір!»

 

Қадір түні түнімен құлшылық жасай алмайтындарға ең болмаса тарауих намазынан кейін біршама уақытын дұғаға арнауы керектігі де айтылады. Өйткені бұл түні жасалатын дұғалардың қабыл болатынына деген нық сенім бар.

 

Мұсылманның міндеті – алдымен Құран оқуды үйреніп, одан кейін мағынасы мен тәпсірін меңгеріп, сол білген­дерімен амал ету. Одан кейін осы ақиқаттарды өзгелерге жеткізіп, олардың да тура жолға түсуіне күш-қайратын жұмсауы қа­жет.

 

(Мақала ықшамдалып жарияланып отыр).

 

Ахметжан қажы КЕРІМБЕК,

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкіл-имамының

орынбасары, әл-Фараби ауданы бойынша бас имамы:

Пікір қалдыру

1000 символ