«Халық жауы» атанған адамның әйелі болғаны үшін он жыл лагерьде азап шеккен

30.05.2019
Қаралды: 1563

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Тарихта таңба болып қалған осынау нәубетті күндер туралы кейінгі ұрпақ қашан да білуі тиіс. Осы жылдары қаншама азаматтарымыз «халық жауы» атанып, ату жазасына кесіліп жатты. Ал олардың жарлары «халық жауының әйелі» деген ауыр жаланы арқалап, темір торға тоғытылып кете барды. Солардың қатарында Балайым Сейілханова да (суретте) бар. Ол туралы естелікті бізге Балайым апаның екінші некесінен дүниеге келген қызы Жансұлу Сұлтанова айтып берді.

 

«Менің анам Балайым Сейілханова 1914 жылы туған екен, – дейді ол кісі. – Оның балалық шағы Созақ ауданының Қызылкөл ауылында өткен. Жас кезінен бастап анам қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. Бірнеше жылдан соң ол шахтаға жұмыскерлер керек болған соң жас комсомолдармен бірге Ащысайға келеді. Сөйтіп, қоғам жұмысына белсене қатысып жүрген анам әскери күзет қызметінің басшысы Сұлтанғазы Жакенов деген жігітпен отау құрады.

 

Сұлтанғазы сол кезде Ащысайдың өрт қауіпсіздігі мекемесінің бастығы екен. 1937 жылы ол «диверсия дайындады» деген айыппен ұсталады. Сол кезде анам Алматыда жоғарғы оқу орнында оқып жүрген екен. «Келуге болмайды, келсең, сен де ұсталасың» деген ескерту келіп жатса да күйеуінің ешқандай кінәсі жоқ екенін дәлелдеп, оны шығарып алу үшін Ащысайға оралады. Бірақ ол үйіне кіре алмайды. Себебі «Халық жауының үйі» деп есігіне мөр басылып қойған екен. Таныстары мен достары анаммен сөйлесуге де, кездесуге де қорқып, оған жақындамапты. Тек күйеуінің қарындасы Жібек апамыз ғана оны үйіне кіргізген. Көп күттірмей сол кездегі «черный ворон» деп аталатын көлік келіп, оны ұстап әкетіпті. 

 

Шымкентке әкелген соң анамды күнде тергеушінің алдына апарады екен. «Жолдасыңның диверсия дайындағанын растап, «Иә» деп қол қойып берсең сені жібереміз», – дейді екен. Бірақ анамды тергеуге апаратын конвоир оған: «Оларға сенбе, еш нәрсеге қол қойма, әйтпесе атылып кетесің», – дейтін көрінеді. Содан анам халық жауының әйелі атанып, 10 жылға сотталады. Ал анамның жолдасы Сұлтанғазы Жакенов халық жауы деген атпен атылып кетеді.

 

Тұтқындалғандар түрмеге дейінгі 3500 шақырым жолды кейде пойызбен, кейде жаяу жүріп отырыпты. Күндіз ашық даламен келе жатқанда бағандардағы жел тұрғанда шығатын тоқ сымдарының даусы анама боздаған ботаның үніндей болып естіледі екен. Соны естіген анамның есіне ауылы түсіп жылайтын көрінеді. Түнде оларды кішкентай шіркеуге тығып тастайды екен. Отыратын бос жер болмаған соң адамдар бір-біріне сүйеніп ұйықтайды. Осылайша олар Вологда облысы, Шексна өзенінің жағасындағы лагерьге жетеді. Саяси тұтқындар рецидивист қылмыскерлермен бір казармада отырады. Онда тұтқындарды жұмысқа жегеді. Менің анамның жұмысы  ормандардағы талдарды кесу болыпты. Сол кезде небәрі 23 жаста болған келіншек бір күнде екі адамның жұмыс мөлшерін орындап, екі паек нан алады екен. Біреуін өзіне қалдырып, екіншісін түрменің айналасындағы аш балаларға береді екен.

 

Күндердің күнінде анамыз ауыр жұмысқа шыдай алмай, қатты ауырып қалады. Түрменің быламығын ішуге де шамасы келмей жатқанда Мария Козловская есімді Ленинградта халық жауы болып сотталған инженер әйел: «Валюшка, ты совсем молодая. Ты должна вернуться. У тебя будет семья, у тебя будут дети. Ты должна жить, поэтому хоть немного поешь», – деп анамды үгіттепті. Осылайша өздері қиналып жүрсе де адамдар жылы сөздерімен бір-бірін жігерлендіріп отырыпты.

 

Әрине, ол кездегі анамның шеккен азаптарын айтып тауысу мүмкін емес. 1937 жылдың аяғында сотталып кеткен ол 1947 жылдың соңына қарай үйіне оралады. 1961 жылы жазықсыз сотталғандардың арасында жаппай реабилитация басталды, сонда анамызды да толық ақтады.

 

Ауылға келген соң ол қайратты мінезі мен еңбекқорлығының арқасында жаңа өмір сүре бастайды. 1948 жылы екінші рет тұрмысқа шығып, екі ұл, бір қыз тапты. 1954 жылы «Ачполиметалл» комбинаты оны Мәскеуге төрт айлық оқуға жібереді. «Курсы директоров столовых министерства цветной металлургии» деген оқуды бітіріп келген соң анам асхананың директоры болып жұмыс істеді. Оның соңғы жұмыс орны Хантағыдағы асхана еді. Сөйтіп анамыз 92 жасқа дейін бақытты өмір сүрді.

 

Жалпы, Балайым анамыздың ерекше даналығын, жанының сұлулығын атап өтуге тұрарлық. Ол ешқашан мораль оқымайтын, бізді еркін ұстайтын. Анамыздың іскерлігін, еңбек­қорлығын көріп өстік. Үлкенді сыйлау, кішіпейіл, мейірбан, қонақжай болу, қолдан келетін жақсылықты аямау – барлығы бізге анамыздан жұққан қасиеттер.

 

Көзі жақсы көретін кезде ол газет оқып немесе немерелеріне киім тоқып отыратын, кейде өлеңдер жазатын еді. 90 жастан асқанда: «Құдайым, мені баламнан бұрын ал», «Құда­йым, ұйықтап қалып, оянбайтын жұмбақ өліміңді бере гөр!» – деп Құдайдан сұрайтын. Алла анамның тілеуін берді. 2005 жылы 24-желтоқсанда дүниеден өтті».

 

Биылғы жылдың наурызында Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде Балайым Сейілханованың 105 жылдығына орай «Тағдырдың тәлкегіне мойымаған қазақ қызы» атты іс-шара өткізілген болатын. Аталған шараға апаның қызы мен немере-шөберелері қатысып, онда деректі фильм көрсетіліп, естелік әңгімелер айтылған еді.

 

...Иә, жабылған жаланың құрбаны болып, қасірет шеккен бұл жандар мәңгі жадымызда қалады.

 

М. ШУАҚ.

Суретте: Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева және Бала­йым апаның қызы Жансұлу Сұлтанова.

Пікір қалдыру

1000 символ