Шетелге шығып көрмеген әжені Тайландқа апарып, тегін қыдыртты

30.05.2019
Қаралды: 562

Бүгінде алыс-жақын шетелдерге барып қайту аса қиын болмай қалды. Қалтаңыз көтерсе, әлемнің әр түкпірін шарлап қайтуға болады. Дегенмен мұның екінің біріне бұйыра бермейтін мүмкіндік екені де рас. Осы орайда Алматыдағы «Salem Socіal Medіa» компаниясы бір қызықты жоба ұйымдастырып отыр екен.

 

Арнайы кастинг өткізіп таңдаған екен

 

Бұл жобаның атауы да қызық: ұйымдастырушылар оған «Саяхаттандырылмағандықтарыңыздан» деп 32 әріптен тұратын ат қойыпты. Яғни «Непутешестововавшие» деген сөзді компания қызметкерлері қазақшаға осылай аударыпты. Оның Майғайша, Момынхан есімді апаларды Оңтүстік-шығыс Азиядағы Тайланд еліне және Кариб теңізі аумағындағы Доминикан Республикасына саяхатқа апарғаны жөнінде баяндайтын шағын бейнетүсірілімдері бүгінде әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда. Оларды бірер күннің өзінде ғана мыңдаған адамдар көріп, өздерінің пікірлерін қалдырған. Осы бейнежазбаларды біздің өзіміз де бастан-аяқ қызыға көріп шықтық. Сосын бұл жоба жайында «Замананың» оқырмандарын да құлағдар етуді ұйғардық.

 

Кешегі аптада біз осы «Salem Socіal Medіa» компаниясының пиар-менеджері Юлия Галенкомен хабарластық, оған өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.

 

«Salem Socіal Medіa» компаниясы 2017-жылы құрылған, – дейді Юлия. – Компания ай сайын 150 авторлық бейнероликтер шығарады, әлеуметтік тәжірибелер, білім беруге қатысты жобалар жасайды. Ғаламторда өз арналары, продюсерлік орталығы, туындыларын «Ютуб», «Инстаграм» желілері арқылы тамашалайтын 4 миллионннан астам көрермендері бар.

 

Бізде бұған дейін де қазақтілді және орыс­тілді бірнеше жобалар іске асырылған. Ал «Сая­хаттандырылмағандықтарыңыздан» жобасын биыл бастағанбыз. Ол үшін арнайы кастинг жарияладық. Кастингке қалада, ауылды жерлерде тұратын, сыртқа ешқашан ұзап шықпаған, жасы 70-тен асқан, денсаулық жағдайы саяхатты көтеретін апалар таңдалады. Алғашқы түсі­рілім өткен 21-сәуірде жасалды».

 

Бұл қызықты жобаның көркемдік жетекшісі бүгінде Польша, Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстан аумағына таралатын әйгілі «Орел и Решка» ойын-сауық бағдарламасы режис­серлерінің бірі Василь Хомко екен. Ол 2015-жылы ақпарат құралдарының бірінен немере­лерінің Лена Тоқсанбаева есімді апаны шетелдерге қыдыртып жүргені туралы біліпті. (Жалпы, бұл апа мен оның қайырымдылық іс-шараларымен айналысатын немересі Айдана Тоқсанбаева жөнінде кезінде «Замана» газетінде мақалалар жарияланған болатын). Осыны көрген В.Хомко өзі әлемнің 76 елінде болғандықтан, шетелге алғаш шыққан адамдардың жан толғанысы, сезімдерін жақсы түсінетіндіктен осындай бір жобаны қолға алуды ойластырған екен.

 

Бұл жоба түсіріліміне қажетті кейіпкерлерді олар өздерінің желісі және «Фейсбук», «Инста­грам» парақшалары арқылы іздейді. Көрермендер тарапынан қызығушылық, қолдау тауып жатса, жоба жұмыстарын әрі қарай да жалғастыра бермек ойлары бар.

 

76 жастағы Майғайша апаның биологиялық жасы 55-те екені белгілі болыпты

 

Бізге «Salem Socіal Medіa» компаниясы жобасының алғашқы түсірілімінің кейіпкері Май­ғайша Жақыпова апамен де байланысудың сәті түсті. Ол кісі Алматыдан 9 шақырым қашықтағы «Ақсай-Саялы» деген жерде тұрады, жасы кешегі 1-мамырда 76-ға толған, бұрын 46 жыл мектепте математика пәнінен сабақ берген екен.

 

Жалпы, «Ютубта» жарияланған түсірілімдерде Майғайша апаның өзі тың, сөздері нық, қимылы ширақ екені анық аңғарылып тұр. Алғашында біз мұны шетелге алғаш шыққан адамның көңіл-күйінен болар деп ойлағанбыз. Дегенмен шындығында да апа өмірге құштар, ашық-жарқын мінезді, белсенді жан екен. Арада болған әңгіме кезінде біз осыны аңғардық.

 

Майғайша апаның «Salem Socіal Medіa» компаниясы жариялаған кастингке қатысуына өзінің қызы себепкер болыпты. Яғни ол ғаламтордан аталған компанияның саяхатқа апару үшін жасы 68-ден асқан апалар арасында кастинг жүргізіп жатқанын біліп, анасына оған қатысуға ұсыныс жасаған.

 

«Мен өзім 3 ұл, бір қыздың анасымын, – дейді Майғайша апа. – Екі ұлым бүгінде өмірде жоқ. Қазір Нұржан деген баламмен, немере­леріммен бірге тұрамын. Бір немерем аутизм диагнозымен туған, соған қараймын, үйретіп, оқытамын, оны қажетті жерлерге апарамын.

 

Мұғалімдердің «Взгляд изнутри» деген конференцияларына қатысып жүріп салауатты өмір салтын қалыптастыратын клуб ашқанмын. Онда қазір жиырма шақты адам бар. Мен – ұйымдас­тырушымын. Намаз оқимын, 30 жылдан бері ораза тұтамын.

 

Қызым әлгі кастингке қатысып көрсеңізші дегесін түні бойы дайындалдық. Ән айттым, би биледім, селфи жасап, соларды бейнежазбаға түсірдік. «Денсаулығы жарамды, жыланнан, пілден қорықпайтын, «Саяхаттандырылмағандықтан» деген сөзді қиналмай, дұрыс айта алатын болуы керек» деген сияқты талаптары бар екен, оған да дайын екенімізді білдірдік. Содан арада көп өтпей компаниядан хабар келді, ондағылар кастингтен өткенімді, бірақ жобаға қатысатын-қатыспайтыным Украинадан Василь Хомко келгесін белгілі болатынын айтты. Кейін ол менің қатысуыма болатынын жариялады. Түсірілімдер жасап, мені жолға дайындады.

 

Қысқасы, кастингтен өтіп, Алматыдан ұшақпен Бангкокке аттандық, оған 7 сағатта жеттік. Бангкокке жақын бір ауылға да бардық, Пхукетте де болдым. Бұл саяхат маған өте зор әсер етті».

 

Жалпы, Майғайша апаның Тайландта бастан кешкен оқиғалары туралы «Ютубтан» көруге болады. Онда апа бірде қайықта отырса, бірде астынан зәулім қала ғимараттары көрініп тұрған шыны көпір үстінде жүр, енді бірде алып пілді шомылдырып жатыр, тағы бірінде ет асып, қамыр жайып, тайландтық әйелдерге  қазақтың ұлттық тағамынан дәм татырып отыр. Бұдан басқа да қызықтары көп. Ол кісі су үстіне салынған мешітті көре сала  қуанып, оған кіріп намаз оқып шықты. Сондай-ақ ол жергілікті тұрғындардың дәстүрі бойынша Буддадан тілек те тіледі. Мұның бәрін видеотаспадан көруге болады.

 

Майғайша апа туралы тағы да білгеніміз – ол кісі кезінде көптеген қандастарымыздың орыс сыныптарында оқитын балаларының қазақ сыныптарына ауысуына мұрындық болыпты. Жыл сайын бірнеше мектептерге анайы шақырылады, онда 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісінің» батыры Қ.Рысқұлбековке арналған «Қайраттың хаты» деген  шығарманы және «Ана толғауы» атты өлең шумақтарын оқиды. Ал бүгінде салауатты өмір салтын қалыптастыратын клубта ұйымдастырушы болып жүр. «Артымда денсаулық пен байлық қалдыруды мақсат еттім», – дейді апаның өзі.

 

Ол кісі сондай-ақ «Фейсбук», «Инстаграм» әлеуметтік желілерінің белсенді қолданушысы, оған өзінің түсірген суреттерін, видеоларын салып отырады, 2000 жазылушысы бар.

 

Ал енді туып-өскен ортасы туралы айтар болсақ, ол кісінің әкесі Әбілқасым Оспанов кезінде Әндіжаннан Томскіге дейінгі темір жол желісін электрлендіруге белсене атсалысқан азамат екен. Анасы Күмісжан Исаханқызы өмірге 13 перзент әкелген Батыр ана болған, соғыс кезінде тылда еңбек еткен. Ал Майғайша апаның Құдай қос­қан жары Әмет болса кезінде «Кербұлақ» совхозының бухгалтері болып еңбек етіпті. Ол кісі бүгінде өмірде жоқ, бақилық болған.

 

...Қысқасы, Алматыдағы «Salem Socіal Medіa» компаниясының қолға алған ерекше жобасы мен оған алғашқы болып қатысқан кейіпкер – Май­ғайша Жақыпова апа туралы біздің білгеніміз осы. Жақсыны сіздер де біле жүріңіздер, мүмкін болса, аналарыңызды саяхатқа шығарып, көпшілікке таныстырыңыздар демекпіз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ