Қазақ жастары Суданда сауапты іс атқарды

30.05.2019
Қаралды: 200

Рамазан айы басталғалы түрлі қайырымдылық шаралары қолға алынып, жер-жерлерде ауызашар берілуде. Мұн­дай дастархандар тек елімізде ғана емес, таяуда қазақстандық жастар атынан Африкада да жайылды. Аталған ауыз­ашарды беруді ұйымдастыру ісін қолға алған 23 жастағы Ержан Мизамов болатын. Алматы қаласының тұрғыны ол туралы былай дейді:

 

«Қазақстанда Африкадағы Судан елі тұрғындарының жағдайын жақсы білетін, сондағы өзен-көлдің лас суын ішіп отырған халқы бар ауылды жерлерге құдық қазып беріп жүрген Қайрат есімді ағамыз бар. Ол кісі бес жылдан бері әр Рамазан айында жыл сайын сол жақта ауыз­ашар береді. Бірақ та ол туралы БАҚ өкілдеріне де, басқаға да айтпайды, жарияламайды, яғни қайырымдылығын жасырын жасағанды жөн көреді. Мен соны байқап жүретінмін.

 

Биыл «Shonbaі Onlіne Unіversіty» бизнес курсын оқуды бастадым. Осындағы студенттермен бірігіп, осы қасиетті айда апта сайын қайырымдылық іс жасап тұрамыз деп шештік. Сол келісімнен соң  ауызашарды елімізде бергіміз келді. Бірақ та барлық мешіттерде ауызашарлар өткізіліп жатыр екен. Ол кезде қолымызда көмекке мұқтаж жандардың да тізімі болмады. Сонда менің ойыма әлгі ағамыз түсіп, сол кісіге хабарластық. Оның Суданда досы тұрады. Досының Африкадағы мұсылмандарды қолдау қоры бар. Соған 30-40 адам 2000 – 3000 теңге көлемінде ақша салды. Түстің кезінде аударылған ақшаның нәтижесінде сол күні кешкісін, яғни 12-мамыр күні 250 адамға ауызашар берілді», – дейді ол.

 

Аталған жастар мұнымен тоқтап қалмапты. Өткен 15-мамырда Мысыр же­ріндегі «Әл-Азһар» университетінде оқып жатқан студенттерге де ауызашар өткізіпті.

 

«Менің ол жақта бірге оқыған достарым бар. Олардың университет шәкірт­теріне ауызашар беру идеясын мен қолдадым. Сөйтіп, тағы да «Shonbaі Onlіne Unіversіty» студенттермен бірігіп, Мысырда білім алып жатқан 80 студентке ауыз­ашар бердік», – дейді ол.

 

Жастарымыздың осылайша сауапты, ізгі істермен айналысып жүргені мейірім­діліктің бір белгісі болар.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ