Қалалық мешіт 5500 отбасыға көмек бермек

30.05.2019
Қаралды: 229

Бүгінде барша мұсылман жамағаты қадір тұтып, құрметтейтін қасиетті Рамазан айы жүріп жатыр. Осыған орай сауапты істерді қолға алғандар көп. Мысалы, Шымкент қалалық орталық мешіті осы айдың соңына дейін тұрмысы төмен жүздеген отбасыға қайырымдылық көмек бермек ниетте екен. Бұл жөнінде бізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы бойынша өкіл-имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров айтып берді.

 

30-40 мың теңгенің азық-түлігі бар

 

«Қазір қалалық мешітте күн сайын 450 адамға ауызашар беріліп жатыр. Зекет қоры мен қалалық мешіт осы айдың соңына дейін тұрмысы төмен 5500 отбасыны қажетті көмекпен қамтуды жоспарлаған болатын. Тұрмысы төмен деп танылғандар тізімін мешітке қала әкімдігі береді, ондай жандардың өздері де мешітке келіп, өздерін тіркетіп жатыр.

 

Кешегі күні осындай 90 отбасыға көмек берілді, тағы да 40 отбасыға берілгелі жатыр. Яғни күніне 40, 90, 100 отбасыға дейін қамтылуда», – дейді М.Естеміров.

 

Өкіл-имам орынбасарының айтуынша, негізінен Шымкент қаласының тұрғындарына арналғанымен мешітке Түркістан облысының кей аудандарынан келіп жатқандарға да осындай көмек көрсетілуде екен. Яғни әр қолға бірнеше кило ет, ұн, қант, шай, май, күріш, макарон, құрма сияқты азық түрлері берілуде. Ақшаға шаққанда бір «жиынтыққа» 30-40 мың теңгедей қаржы жұмсалады екен. Осы сома төңірегінде қаржылай да көмек бар. Ал 5 мыңнан аса отбасыға бағытталған қайырымдылық көмек мешітке түскен садақа, зекет және сауапты іс жасауды ниет еткен қалталы азаматтардың демеушілігі есебінен жұмсалып жатыр екен. Осы істі ұйымдастыруда мешіттегі зекет қорының бірнеше қызметкерлері жұмыс істейді.

 

Зекетті дұрыс есептеу керек, айтып берген абзал

 

Таяуда бір ауызашарға жиылғандар арасында зекет туралы сөз бол­ған еді. Сонда әлі де болса көп адамның ол туралы білетіні аздау екені байқалды. Осы орайда біз М.Естемі­ровтен зекеттің қалай есептеліп, кімге берілетіні туралы сұрадық.

 

«Зекетті меншігінде 85 грамм алтын құнына тең байлығы бар адам береді. Яғни байлығының 40-тан 1 бөлігі – зекетке тиесілі. Оны кімге беретінін адам өзі шешеді. Бірақ мешіттегі арнайы зекет қорына келіп, оның мөлшерін есептетіп алғаны дұ­рыс, сонымен қатар шартын біліп ал­ғаны жөн. Әйтпесе қателесуі мүмкін.

 

Зекет айтып беріледі. Қандай да бір себеппен айтпай берілсе, ол жай садақа болып қалады.

 

Зекетті мешітке, медресеге беруге де болады. Яғни оны мешіт түрлі қажеттіліктерге бағыттап отырады. Мы­салы, өткен жылы зекет медресеге берілді», – дейді өкіл-имам орынбасары бұл жөнінде.

 

Осы орайда барша қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүрген үлкен-кіші азаматтарға Алла разы болсын дейміз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ