Болашақ Президент, саған айтам...

30.05.2019
Қаралды: 120

Біз кәмелеттік жасқа жеткенде сайлау десе қуанып, бар жақсымызды киіп, ата-аналарымыз да солай, тойға жиналғандай болып, сайлауға өте көтеріңкі көңілмен баратынбыз. Ол кезекті, мерзімінде өтетін сайлау болатын.

 

Ал енді мына миллиондаған теңге шығын шығарып жасалатын кезектен тыс сайлау деген не? Жау қуып бара ма соншалықты? Неге оны өз уақытында өткізбедік?

 

Ақшаны босқа шашпай, қайта, керісінше, мемлекеттік басқару аппаратын қысқартып, сайлауды да уақыты келгенде өткізуге болар еді ғой. Экономия, үнемдеу деген қай­да?

 

Бүгінде көп адам бұл сайлаудың нәти­жесі белгілі, сол үшін арамтер болудың қажеті жоқ дегенді айтып жүр. Өз басым сайлауға қатысамын, өзгелерді де қатысуға шақырамын. Менің ойымша, елімізді қазіргі тығырықтан алып шығу үшін, парақорлық пен алаяқтықты, өтірік ақпар беру мен жағымпаздықты, көзбояушылық сияқты қаптап кеткен келеңсіздіктерді жою үшін бізге қаны да, ары мен жүрегі де таза азамат өте қажет. Өз Отанын, тілін, дінін, салт-дәстүрін сыйлайтын, құрметтейтін, елінің гүденуі жолында аянбай еңбек ететін азамат керек.

 

Өз басым өмір көрген, түрлі жолдардан өткен азаматқа дауыс беремін. Оның хал­қына, еліне адал қызмет ететініне сенемін.

 

Осы орайда менің болашақ Президент­ке айтар мынадай ұсынысым бар: Қазақстан­ға екі палаталы Парламенттің ешқандай қажеті жоқ. Парламентті бір палаталы етіп, депутаттар санын барынша қысқарту керек. Министрліктердің де штатын қысқартса, олардың жұмыс сапасы артады. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегенді ұмытпау керек.

 

Халық сайлаудың әділ өтуін қалайды. Мен де сол көптің бірімін. Лайықты еңбек еттім, абыроймен зейнетке шықтым. Таршылықты да, баршылықты да бастан өт­кіздім. Енді жасым сексенге жақындағанда өмірден түйгенімді айтуға міндеттімін.

 

Бүгінде кей азаматтар қызметке іліксе болды, қай жағынан қарпып асауға болады, параны кімнен алуым керек деп, атқаратын міндетінен гөрі соған бас қатырады, сөйтіп жүріп от басып, қамалып та жатыр.

 

Ау, ағайын, барлық мемлекеттік қызмет­керлердің жалақысы отбасына жетіп-артылады ғой! Қанағат, тойым қайда?

 

Осы орайда менің жұртқа айтарым – сайлауға қатысыңдар, дұрыс шешім жасаңдар!

 

Сөз соңында айтарым мынау: Президент болып сайланған азамат Ақорданың маңайын май-шелпекке айналдырып ал­ған депутаты бар, әкімі бар, министрі бар, жасы келіп, зейнетке шыққан басқа да шен-шекпенділерді тегіс жұмыстан босатуы керек, олар да зейнетақысымен күн көрсін. Зейнетақысы бәріне де жететініне кепілдік беремін. Өсіп келе жатқан жастарға орын босатсын. Өйткені зейнеткерден ешқашан іскер адам шыққан емес. Ал жастардан үміт күтіледі.

 

Жалпы, кім де болса халықтың сөзіне құлақ асқаны жаман болмайды.

 

Айдарбек  ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ, зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ