«Маған бәрібір» демейік, таңдауымызды білдірейік

30.05.2019
Қаралды: 302

Еліміздегі кезектен тыс өтетін Президент сайлауына екі-ақ апта уақыт қалды. Жоғары лауазымды иеленуден үміткерлер мен сайлауды ұйымдастырып-өткізетіндердің жұмысы қызу жүріп жатыр. Жұртты сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын білдіруге шақырған азаматтардың дауысы да жиірек шығуда.

 

Осы орайда мені бір нәрсе ойландырады. Ол – көптеген адамдардың бұл науқанға аса мән бермеуі. «Президент кім болса да бәрібір, әйтеуір сайлау тыныш өтсе болды», – дейтіндер аз емес. «Кімге дауыс бересің?» – деп сұрасаң, мынаған не болған дегендей аңтарыла қарайды. Нақтылап ештеңе айтпайды. Бұдан кейін сұрақты қайталауға ынтаң болмай да қалады екен. Мұндайларды сайлауға жетектеп, алдап немесе қорқытып апармаса бара қоюы екіталай-ау деп ойлайсың сол кезде. Осындай жандар бұдан бұрынғы өткен сайлауларға қалай қатысты екен?

 

Өткенде біреудің аузынан: «Жұрт қатарлы барып дауыс береміз ғой», – дегенді естідім. «Кім­ге?» – деп сұрасам: «Сол кезде көреміз ғой», – дейді. Нені «көреді» сонда? Жалпы, «жұрт қатарлы барып, дауыс бере салу» дегеннің өзі де дені сау тірлік емес қой. Өзіңізге қажетті зат аларда жұрттың бәрі алып жатыр екен деп сол затты ала салмайсыз ғой, тәуірірек, ұнамдырақ, пайдалырағын таңдайсыз емес пе? Ендеше қолында орасан билігі болып, қоғамда көп нәрсе­ні өзгерте алатын Президентті таңдағанда «маған бәрібір» деп қалай алаңсыз қарап отырасыз?

 

Бүгінде жұрт Украинада өткен Президент сайлауын сүйсіне талқылап жүр. Бізде де сондай сайлау өтсе дейді. Ал ондай сайлауды кім өткізіп береді? Бәрі де сайлаушылардың – сіз бен біздің бұл  науқанға белсене қатысып, өз таңдауымызды білді­руімізге байланысты емес пе? Өзіміз болмасақ, оны бізге кім істеп береді?

 

Ендеше, сайлауға  қатысып, әрқайсымыз өзіміз таңдаған кандидатқа дауыс берейік те. Шын мәнін­­де халықтың сенімін иеленген үміткер жеңіп шықсын.

 

Қазір әлеуметтік желіде сайлауға қатысты айтылып жатқан әңгіме көп. Соны Президенттіктен үміткер азаматтар да оқып, ой түйетін шығар, жоғары лауазымға сайлана қалса, айтылған жайларды басшылыққа алар деп ойлаймын.

 

Сайлауға қатыспасаңыздар не болады, қоғамда, өмірде не өзгереді, ағайын? Тереңірек ойланып көріңізші, шынында да сізге не болса да бәрібір ме екен?

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ