Президент болған адам Құран ұстап тұрып ант берсін

29.05.2019
Қаралды: 563

Кешегі Украинадағы ұлықтау салтанатында бүкіл халық болып сайлаған Президент Владимир Зеленский ел Конституциясын ғана емес, Інжіл кітабын да ұстап тұрып ант берді. Ал бұл дегеніңіз – халықтың алдында да, Құдайдың алдында да үлкен жауапкершілікті мойынға алу. Осыған қарап отырып ойға қалдым.

 

Мысалы, еліміздегі халықтың басым бөлігі – мұсылмандар, яғни біз – мұсылман мемлекетіміз. Оның үстіне бүгінде қасиетті Рамазан айы жүріп жатыр, сайлау науқанының өзі де осы айдың басым бөлігін қамтып отыр. Ендеше, менің жеке пікірім мынадай:

 

Алдағы сайлауда халықтың көпші­лігі таңдады деп танылып, Президент болып сайланған адам ел алдында Құран ұстап тұрып ант берсін, уәде­лерін осылай тиянақтасын. Бұл оның жауапкершілік сезімін арттыра түсуі тиіс.

 

Мысалы, депутаттарды сайлау ке­зінде үміткерлер халыққа үйіп-төгіп уәде береді, ал сол уәдені берген көп адамдар кейін оны тарс ұмытады. Осылай деп едің ғой деп айтсаң, ұялмайды да. «Уәде – Құдайдың аты» екенін ұмытатын ондайлардан қорықпасқа амалың жоқ.

 

Ал халықтың алдында Құран ұс­тап тұрып уәде берген адам өзгеден ұялмаса да, қорықпаса да Құдайдан қорқатын шығар, өйткені ол Құдайды алдай алмайды ғой. Өзін мұсылманмын деп санайтын адам шамасы келмейтін нәрсе үшін уәде бермейді, ал өзіне сенімі болып, уәде берсе, оны орындайды. Мұсылман баласы үшін уәдені орындау – парыз.

 

Ал уәдеде тұрмаған адам өзінің абыройын төгіп, өтірікші атанып, жексұрын болғанымен қоймай, көпшілік­тің көкейіне сенімсіздік, күдік, күмән ұялауына себепкер болады. Қоғамға орасан зияны тиетіндіктен дінде бұл күнә саналады. Мысалы, Құранның «Исра» сүресінде «Серт орындалады. Сөз жоқ, уәде сұралады» деген аят бар екен. Дінде сертте тұрмаудың жетімнің ақысын жеу, адам өлтіру сияқты ауыр күнәлармен бірдей саналатыны жөнінде айтылады. Сондай-ақ уәдесінде тұрмайтындарға жұрттың да нала болып, қарғыс айтып жататыны белгілі ғой.

 

Ал уәдеде тұра білу – адамның ар-ұяты бар, намысы күшті, иманы берік екенінің көрінісі. Уәдеде тұрған адам жұртқа жағымды, оны мақтап-мадақтаудың да қажеті жоқ.

 

Ендеше Құдайдан бізге сондай Президентті бұйыртсын деп тілейік, Құдай тілеуімізді берсін! Құр тілеп қарап отырмайық, әрекет етейік, дұрыс таңдау жасап, өзіміз сенім арт­қан үміткерге дауыс берейік!

 

Біз – халықпыз, мемлекет тұрғындарымыз. Мемлекет біздің жағдайымызды жасайды, сыртқы жаулардан қорғайды. Біз төлейтін салықтар осы мемлекеттің қажеттіліктеріне – шекара, әскер ұстауға, тәртіпті сақтауға, білім мен денсаулық салаларына, мемлекеттік істерді жүргізетін қызмет­шілерді жалақымен қамтамасыз етуге жұмсалады. Ал қызметшінің үлкені – Президент. Президент болу – үлкен бедел, абырой, сонымен қатар халық алдындағы зор жауапкершілік.

 

Қысқасы, осындай жауапкершілікті мойныма аламын, халыққа, мемлекетке адал қызмет етемін деген адамды адаспай таңдауға бір кісідей атсалысайық дегім келеді.

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ