Мектеп бітірушілер шығыны шаш-етектен...

27.05.2019
Қаралды: 694

Әне-міне дегенше кезекті оқу жылы да аяқталды. Енді мектеп бітіруші түлектер тек ҰБТ-ға ғана емес, бітіру кештеріне де жанталасып дайындала бастайды. Ата-аналардың  қалтасын қағатын сәт, ақша жинаудың көкесі осы кезде басталады.

 

2 миллион теңгеге асаба жалдапты

 

Мысалы, Жанар Оразымбет есімді әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы «Facebook» желісінде былай деп жазады:

 

«Былтыр кіші қызым мектеп бітірді. Жыл басынан бастап қанша ақша кет­кенін сіз сұрамаңыз, мен айтпаймын. Бір жыл бойы баланы тестке дайындау үшін мықты мұғалімдерді жалдап, болмаса арнайы орталықтарға беріп, қыруар ақшасын шашатын кім? Ата-ана. Әр тестті сатып алуға ақша шығындайтын кім? Әрине, ата-ана. Ол аз болғандай, соңғы қоңырау дегеніңіз тағы да қырғын ақша. Оған әр мектеп өзінше арнайы тапсырыспен киім тіктіріп киеді. Екі сағат таққаннан кейін түкке жарамай қалатын лентасынан бастап, қолына ұстайтын гүліне дейін қып-қызыл ақша. Оған қосымша әр пән иесіне беретін тарту-таралғысы тағы бар.

 

Мен бұл жерде мұғалімдерді кінә­лайын деп отырған жоқпын. Ата-аналардың өздері кінәлі. Әбден дарақыланып алған. Мал сойып, құран оқытамыз деген бірдеңелері тағы бар. Онымен қоймай, әр емтихан сайын дастархан жасап тағы шабылады.

 

Мектеп бітіру кешінің алдында аттес­тат тапсыру рәсімі бар. Оған лимузин мен «Гелендваген» жалдап, мектептің сыртқы қоршауынан есіктің алдына де­йінгі жерге балаларды бір-бірлеп тасытқан едік.

 

Одан кейін әлгі мектеп бітіру кеші дегеннің жыры басталады. Жүз бәленбай мыңнан ақша жинайтын болдық. Екі миллионның асабасын жалдаймыз деді. Музыканты, әнші-бишісі, асай-мүсейімен түгел. Мұны естіген мен ыршып түстім. Ондай ақшаны оларға шашып есіміз ауып қалып па?

 

Бірақ бұған менен басқа ешкім де аса таңқалған жоқ. Қарсы да болмады.

 

Алғашында адам басына шаққанда 17 мың теңгеден келетін бір ресторанға барамыз дегенбіз. Әңгіме содан шықты. Бір ата-анаға ол жер ұнамай қалыпты. «Балаларымыздың үлкен өмірге аттағалы тұрған ең алғашқы қадамы, ең алғаш­қы жақсылығы ғой. Егер содан аяп тұрсаңыздар, мен білмеймін енді... – деп тепсінді әлгі ханым. – Біз «Алма-Арасан» жақтан басқа бір жерді көріп келдік. Сол жерге барамыз деп шештік. Кім ақшасын бере алмайды, бармай-ақ қойсын. Үш-төрт бала үшін балаларымыздың празднигін портить ете алмаймыз!»

 

Әңгіме осылай болды. Ал қалған ата-аналар оны қоштай жөнелді. Баруға шамасы келіңкіремейтін ата-аналар да дәл сол жерде үндемей қалды. Ал мен шыдамадым. «Бүкіл баланың да, ата-ананың да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, кешті сән-салтанатты қылып өткіздік делік. Ал оған қатыса алмаған баланың қандай күйде болатынын ойлап көрдіңіз бе? (Сол уақытта жасөспірімдер арасында суицид дегеннің өршіп тұрған кезі еді). Егер ол бірдеңеге ұшырап қалса кім жауап береді?!» – деп айтып қалдым. Ақыры қызым өзіме ренжіп тынды. «Ақ­шасы жоқ, нашар тұратын адам сияқты не болды сонша?! Бәрінің ата-анасы ештеңе демей-ақ ақша жинап жатыр ғой!» – деді қапаланып.

 

Сонымен не керек, өткіздік қой. Айтайын дегенім – осындай дарақылыққа шектеу қою керек, атымен көзін құрту керек.

 

Айтпақшы, қыздардың әлгі кешке киген көйлектерінің бағасы туралы айтпаппын ғой. Оны айтсам, біреулеріңіз жылайсыздар».

 

Бастауышты бітірсе де тойлайды

 

Ал әлгі жазбаның астына қалдырған пікірлер де осы ойды қолдайды және көпшілігі мұның бәріне ата-аналардың өздерін кінәлайды. «Осыны дәл қазір бастан кешіп жатырмыз. Сыйлығы, көлігі, гүлі, күндізгі және кешкі көйлегі. Көйлек те біреумен шектелмейді екен. Дөңгелек сомаға кеп тіреледі ғой қысқасы», «Қазір мен жексұрын атанып отырмын. Ешқайсысына қатыспаймыз деп бойкот жарияладық. Соның өзінде мұғалімдерге алатын тарту-таралғысына 25 мың теңге беруге міндетті екенбіз», – деген пікірлер осыған дәлел.

 

Олардың арасында балалары бастауыш сынып бітіріп жатқан ата-аналар да бар. «Бастауыш сыныпты бітіреміз. Соған қоштасуға ресторан, киім, апайына сыйлық деп жатыр. Қоштаспай-ақ қояйықшы дедім», «Құдай-ау, бастауыш бітіретін бала мектептен ұзап қайда барады?! Оған арнайы киім тіктіреді, ұстаз­ға жөн-жоралғы жасайсың, ол сый-сияпат алтыннан болмаса болмайды, ыдыс-аяқ жиынтығын сыйлыққа береміз деп, ол сыйлық ұнамай, сорасы ағып жылаған жанды да көргенбіз», – депті енді бірі.

 

Гүлге, дастарханға, видеоға, тестке, тест кітапшасына...

 

Осындай ата-аналардың бір-екеуімен өзіміз де тілдестік. Аты-жөндерін көрсеткілері келмесе де бітірушілердің шығыны туралы ішкі ойларын жасырмай жайып салды. «Мұғалімдерге бері­летін гүлге, дастарханға, шарға, видеоға деп жиналатын ақшаның жартысын беріп қойдым. Соның өзі 15 мыңның үстінде болды. Бұл тек соңғы қоңырауға ғана беретіні. Балам екеуміз қалғандарынан бас тарттық. Өзім жалғызбасты анамын. Ақшам жетпейді. Сағат 15.00-ге дейін оқушылар мектепте болады, өздері шай ішеді. Содан соң ата-аналармен тауға барады екен», – дейді біреуі.

 

Дәл сол секілді өзі ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтін тағы біреуі аталған шығындарға шашының жетпейтінін айтып күйінеді. «Апта сайын тестке деп 360 теңге, арасында кітап­шасына 750-800 теңге береміз. Бітіретін сынып болған соң оқушылар шеттерінен туған күндерін тойлауда. Оған 1000-2000 теңгеден алып кетеді. Соңғы қоңырауда сыныпта 20 оқушы болса 20 мұғалімге гүл беру керек. 5000 теңгеден жинадық. Оның ішіне шар, фейерверк сатып алу бағасы да кіреді. Одан бөлек, лента мен погонға деп 2000 теңге бердім. Оларды соңғы қоңырауда тағып шығады және барлығы бірдей киім киеді екен. Сол үшін балама 6500 теңгеге шалбар сатып алдық. Бітіру кештері тойханада өтетін болғандықтан 15 мыңнан тағы жинап жатырмыз. Әлі оған киіп баратын костюм-шалбарын аламыз. Одан кейін сыйлық ретінде 50 мың теңгеге мектепке қажетті зат әпереміз. Сынып жетекшісіне, бастауыш сынып мұғалімдеріне жасалатын сый мұның ішіне кірмейді», – дейді ол.

 

Қыздың шығыны – шаш-етектен

 

Ал қыз баласы бар ата-аналардың шығыны бұдан да көп болатыны айтпаса да белгілі. Оқушы қыздарға көйлек сатып алып қана қоймайды, шаш үлгісін жасатып, кірпік жапсырып, одан қалса, беті мен тырнақтарын әрлейді. Оның өзі аз ақша болмайтыны түсінікті. Мәселен, Шымкент қаласында бір көйлекті тіктіру құны 40 мың теңгеден басталады екен. «Мектеп бітірушілер бізге де келіп жатыр. Негізі кешке арналған көйлектердің бағасы оның матасы мен үлгісіне байланысты қойылады. Әдемі әрі керемет көйлектердің тіктіру құны 110 мыңнан 120  мың теңгеге дейін барып қалады», – дейді Мәдина есімді шымкенттік ателье тігіншісі.

 

Бітіру кешіне арналған көйлектерді сатып алу да арзанға түсе қоймайды. Осындағы «Гауһартас» сауда үйінде кешке арналған көйлектер сататын Әлия есімді сатушы қыздың айтуынша, сәнді көйлектерді жалға беру бағасы 8 мыңнан 20 мың теңгеге дейін, ал олардың сатылу бағасы 20 мыңнан 70 мың теңгеге дейін екенін айтады.

 

Әдемі көйлек киген қыз шашын да сәндегісі келетіні заңдылық. Оның да бағаларын  шолып шықтық. Мәселен, кірпік жапсырудың бағасы 3500-5000 теңге аралығы болса, маникюр жасау 500-2000, шаш үлгісін жасату 3000-10.000, бет әрлеу шамамен 3000-7000 теңгенің аралығын құрайды екен. Бұл – Шымкент қаласындағы сән салондарында белгі­ленген баға. Енді салонға бір кіріп-шығу үшін қанша қаржы керектігін өзіңіз есептей беріңіз. 

 

Арнайы заң керек-ау

 

Бірді бірге жеткізе алмай, жалғыз жалақыға қарап отырған отбасыларға мұның бәрі ауыр тиетіні айдан-анық. Сол үшін жоғарыда айтып өткен ысырапшылдыққа мектеп тарапынан қатаң тыйым салынуы керек-ақ. Әйтпесе ақшаны оңды-солды шашуға кетәрі емес ата-аналар жетерлік. Ал қалғандары баланың көңілі үшін әрі сараң атанбаудың амалын жасап тілін тістеп қала береді. Сөй­тіп амалсыз бәріне көніп, қалтасын қағып беріп отырады.

 

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова аста-төк дастархан мен қымбат көйлектің қажетсіздігін, ата-аналар мен бітірушілердің көп шығындалмауын айтқан да болатын. Дегенмен заң жүзінде бекітілген ешнәрсе болмағандықтан ол айтылған ұсынысты барлығының бірдей елеп жатқаны шамалы. Оқушылар да, ата-аналар да жылдағы дәстүрді жалғастырып, алдарына жан салмай кетіп барады. 

 

Шымкенттіктер бастама көтерді

 

Әйткенмен банкеттен бас тартқан түлектер де жоқ емес. Қуантарлығы сол, биыл бітіру кешіне кеткен шығынды қа­йырымдылыққа жұмсайық дейтін мектеп оқушылары да арамыздан табылды. Солардың қатарында Шымкент қаласындағы №7 Қ.Спатаев атындағы мектеп-лицейінің 2019 жылғы түлектері бар.

 

«Соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында  көп қаражатты қажет ететін, салтанаты жарасқан көйлектер мен зәулім мейрамханалардан, қымбат лимузиндерден өз еркімізбен бас тартамыз. Қасиетті  Рамазан айында  ысырапшылдыққа жол бермей, керісінше, мектеп бітіру барысында ұйымдастырылатын салтанатты іс-шараларға, жиындарға жұмсалатын қаржыны мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған отбасыларға береміз деп шештік. Бұл ұсынысты басқа да мектеп бітіруші түлектерге жолдаймыз», – дейді осы мектептің 11 «В» сынып оқушысы Мәдина Рүстембек. Ал сынып жетекшісі Қарлыға Жұмабекова болса: «Осы орайда біз мектеп ұстаздары, сынып жетек­шілері оқушылар мен ата-аналарға тү­сіндірме жұмыстарын жүргіздік. «Баршылық – ұлды бұзады, жоқшылық – қызды бұзады» деген. Ата-ана барын шашып, ал бала мастанып жүріп өмірлеріне залал келу қаупінің бар екенін аңғармай да қалады. Сондықтан біз бала қауіп­сіздігін сақтай отырып, оқушыларды қарапайымдылыққа, имандылыққа бейімдеп, ысырапшылдыққа салынбау жолдарын көздедік», – дегенді айтады.

 

Расында да құптарлық іс. Артық шығынға жол бермеуді жөн деп тапқан осындай оқушылардың әрекетін басқа мектептер де жалғастырса, бұл көптеген ата-анаға жеңілдік, ал басқалар үшін жақсылық болар еді.  Жалпы, мектеп­тердегі ысыраппен әрі ырду-дырдумен өтетін шараларға түбі бір тоқтам болады деген ойдамыз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ