Бір тиын шығын шығармай-ақ шетелге саяхаттап қайтыпты

23.05.2019
Қаралды: 182

Әдетте қайда барамыз десек те барлығын ақшаға әкеп тіреп қоятынымыз рас. Ал әмиянымыз бос болса, шетелге саяхаттауды көзге елестете де алмаймыз. Сөйтсек, қалтада қаржы болмаса да саяхаттауға болады екен. Мысалы, Данияр Сұлтан мен Лесхан Омархан бір тиынсыз сапарға шыққан.

 

Бірнеше мемлекетке ақшасыз саяхаттап қайт­қан кәсіпкер жігіттер қаржы жұмсамай-ақ жол жүріп, тамақтанып, түнеп шығатын жерлерді тапқан. Әрине, оларға бөтен елде бөтен адамдарды көндіру де, сендіру де оңайға түспепті. Десе де олар көшеде қонып, аш қалмаудың жолын өздерінше ойлап тауып отырған. Жігіттер елден елге автостоппен жүріпті. (Автостоп – қажетті бағытқа қарай жүргізушінің келісімімен тегін жетіп алу). Сондай-ақ олар жолға шығарда өздерімен бірге азық ретінде консервілер, су, «Қазақстан» шоколадын, сонымен қоса барлығын түсіріп жүретін екі камерамен бірге бас­қа қажетті ұсақ-түйек заттарын алып, кәдімгідей даярлық жасаған.

 

Аталған саяхатқа не мақсатпен шыққандары туралы Данияр Сұлтанның өзінен сұрап білген болатынбыз.

 

«2018 жылы Лесхан екеуміз Францияға барған едік. Сол саяхаттан керемет әсер алғанбыз. Биылғы жылдың басында әрі саяхаттап, әрі өзімізді дамытсақ деген мақсатпен Лесхан досыма ақшасыз-ақ шетелге барып қайту туралы ұсыныс жасадым. Ондағы негізгі мақсат – ойдағы шектеуді алып тастау.

 

Мәселен, көп адам «менің артық ақшам жоқ, мен саяхаттай алмаймын», «ақшам жоқ, бизнес бастай алмаймын» деп барлығын қаржымен байланыстырып қояды. Егер ниет болса және жалқаулығын жеңсе, мәселе ақшада емес, адамның шектеу қойылған ойында. Осыны біз алдымен өзімізге, содан соң адамдарға дәлел­дегіміз келді», – дейді ол.

 

Данияр мен Лесханның ақшасыз саяхаттары екі рет жүзеге асқан. Алғашқы турлары биылғы 17-24-ақпан аралығында болған. Алматыдан шыққан олар Шымкент қаласына жетіп, ары қарай Өзбекстан мемлекетінің Ташкент, Самарқан, Бұхара қалаларын аралап қайтады. Ал 4-24-сәуір аралығында олар Грузия, Ресей, Ингушетия, Шешенстан, Дағыстан, Әзір­байжан елдерін шарлапты.

 

«Шыны керек, екінші тур алғашқысына қарағанда өте қиын болды. Себебі кей адамдар өтінішімізді орындаудан бас тартып, ақысыз ала кететін көлік таппай, бір жерде 5-6 сағаттап тұрып қалған кездеріміз де болды. Сол кезде қатты қиналып, «мына жердің адамдары тасжүрек екен, ала кетсе болады ғой» деп өзімізді емес, өзгені кінәлап тұрдық. Бірақ одан не пайда?

 

Бір кезде «мүмкін біз бір нәрсені дұрыс жасамай тұрған шығармыз» деген ой келді. Басында тоқтағандарға: «Біз ақшасыз жүр едік, ала кетсеңіз...» – дейтінбіз. Содан соң кейінгі тоқтаған жүргізушілерге: «Біз туристер едік. Мұнда ақшасыз саяхаттап жүрміз. Осындағы адамдардың мәдениетін таспаға түсіреміз, оны елімізге көрсетеміз», – деп түсіндірген кезде ғана олар біздің өтінішімізге келісе бастады. Сол кезде біз кінәні біреуден емес, өзімізден іздеу керек екенінін түсіндік», – дейді Данияр. Ол дәл осылайша тегін тамақтану үшін де адамдарға дұрыс түсіндіре білудің жолын тапқандарын айтады.

 

«Жолға алған консервілеріміз бітіп қалған соң дүкендерден, көшеден азық сұрадық. Олар бізді түсіне қойған жоқ. Ойлана келе бізді көлікпен алып кетіп бара жатқан адамға тікелей болмаса да жанамалап бірнеше күннен бері ыстық тамақ ішпегенімізді жеткізу керек деп шештік. Иә, бұл сырт көзге қулық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ біз сол жағдайдан шығу үшін осылай әрекет жасау керектігін байқадық. Егер ұялып, ешкімге ешқандай өтініш білдірмеген болсақ, онда далада қонып, аш қалған болар едік.

 

Қонатын үй іздегенде де көптеген адамдар бізден бас тартты. Бірден «үйіңізге қондырыңыз» демей: «Қандай болса да бір түнеп шығатын жер бар ма?» – деп сұрадық. Одан еш қайыр болмаған соң тағы да сол көлікпен бізді алып кеткен жүргізушілерге өтініш айтуды дұрыс деп таптық. Содан соң сөмкемізге салып алған «Қазақстан» шоколадын ұсынып, көңілін табуға тырысқан кезде олардың кейбірі өз үйлеріне алып кетіп жатты.

 

Әрине, бәрі емес. Арасында хостелге жаттық. Ол кезде хостел қызметкерлеріне жағдайды айтып: «Сіздерді Қазақстанда жарнамалайтын боламыз», – деген соң олар бізді бір күн тегін қондыруға келісті», – дейді кәсіпкер жігіт.

 

Десе де үйден шығарда пәлен күні пәлен жақта боламыз деген жігіттердің ойлары саяхат барысында жоспардағыдай іске аспапты. Олар екінші турда Әзірбайжан еліне жеткен соң оның астанасы Баку арқылы пароммен Ақтауға бармақ болған. Бірақ теңізде дауыл көтеріліп, қатты жел тұруына байланысты бағыттары өзгереді. Сөйтіп ол жақтан қайтадан Дағыстанның астанасы Махачкалаға, ары қарай Ресейдің Астрахань қаласына, одан Атырауға өтіп, Атыраудан Алматыға келіпті.

 

«Грузиядан Ресейге өту керек болған кезде де шекарада кедергілер туындады. Кедендегілер бірнеше сағат бойы қайда, не үшін, не мақсатпен бара жатқанымызды сұрап, бізді тергеуге алды. Соңыра өзіміздің блогер әрі турист еке­німізді түсіндіріп әрі дәлелдеген соң ғана, бес сағаттан кейін жайымызға қоя берді», – дейді Данияр.

 

...Біз Даниярдан тіл мәселесінде қалай түсі­ніскендерін сұрадық. Ол аталған мемле­кеттердің барлығында жергілікті тұрғындармен орыс тілін­де тілдескендерін жеткізді. 

 

«Бұл сапардан алған әсеріміз өте керемет. Қиындығымен бірге қызығы да көп болды.

 

Бұл жобаны бастаған төрт айға жуық уақытта жеті мемлекетке тегін барып қайттық. Соның ішінде Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Дағыстан, Шешенстан, Ингушетия, Грузия елдері бар. Алдағы уақытта Сингапур, Малайзия, Тайланд, Бирма секілді Азия елдеріне, одан соң Еуропаға саяхаттау жоспарда бар», – дейді саяхатшы жігіт. 

 

Олардың Өзбекстан еліне барған сапарын бастан-аяқ «Youtube» желісіндегі «Shar lіke» арнасынан тамашалауға болады. Айтуларынша, аталған канал алдағы уақытта жаңа видеолармен толығып отырмақ.

 

Иә, ақшасыз да ел аралауға болады екен. Тек шамалы шыдам мен адамдардың сеніміне кіре білу қасиеті болса жеткілікті секілді. 

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ